Алаяқтар жеке деректерді ЖИ көмегімен алып жүр

Алаяқтар жеке деректерге қол жеткізуде жасанды интелектіні пайдаланып жүр. Израильдік AU10TIX компаниясының дерегінше, кейінгі уақытта криптовалюта, әлеуметтік желі, төлем жүйелерінде күрделі шабуылдар жиілеп кеткен. Бұл туралы SecurityLab хабарлады.

Сарапшылар мұндай оқиғалардың ай сайынғы шығыны 2,8 миллиард долларға жетеді, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 340% – ға көп дейді. 

Енді алаяқтар жалған құжаттардың орнына тексеру жүйелерінен өтіп кететін боттар, фейк аккаунттар мен синтетикалық тұлғаларды қолданып жатыр. Ал жасанды интелект жалған шот орнатуға, дезинформация таратуға көмектеседі. Зерттеушілер жасырын желіде синтетикалық тұлғаларды жасауға көмектесетін 50-ден астам сайтты анықтады.

АҚШ-тағы президенттік сайлауда әлеуметтік желіде бот белсенділігі күрт өскен. Олар қоғамдық пікірге әсер ету үшін сенімді жалған әңгімелер мен арандататын контент жасауды үйренген. Жалған деректер күрделі компьютер желілері арқылы тарайтындықтан, 70% жағдайда кибершабуылдың дереккөзін анықтау мүмкін емес.

Бұдан бөлек, арандатушылар адамдарды сендіру үшін LinkedIn, Instagram сынды әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашады, дезинформацияны насихаттамас бұрын сол аккаунтта белсенді болады. Ал синтетикалық селфилердің адам бетіне қатты ұқсайтыны сонша, биометриялық тексеру жүйелерінен еш кедергісіз өтеді.

Контекст

Бұған дейін Meta алаяқтармен күресу әрі есептік жазбаларды қалпына келтіруді жеңілдету үшін адамды тану жүйесін тексеріп жатқанын жаздық.

Журналист

Factcheck.kz