Жалған | Қазақстанда 1 жігітке 8 қыздан келеді

Бірқатар отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанда 1 жігітке 7-8 қыздан келетіні туралы материалдар ара кідік жарияланып тұрады. Мәселен, Азаттық радиосы «Шетелге келін болу айып па?» атты хабарында «Қазақстанда 1 жігітке – 7-8 қыздан келеді екен. Осы ретте неке агенттіктері, қалыңдықтарға алыс-жақын шетелден күйеу жігіт іздеп әлек» дейдіі.

Еуразия арнасындағы «Қалаулым» шоуында жүргізуші Аша Матай «Қазақстанда, білесіңдер, 1 жігітке 6-7 қыздан келеді» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ халық арасында да осындай түсінік қалыптасқан.

Үкім | Жалған

Статистика комитетінің деректеріне сай, 2018 жылдың басында Қазақстан халқының саны 18 157 337 адамға жеткен. Соның 8 791 298-ы ерлер болса, 9 366 039-ы – әйел адам. Яғни, Қазақстанда әйелдер саны 574 741 адамға көп. Бұл Қазақстанда 1 ер адамға орташа есеппен 1.06 әйел адамнан келеді деген сөз.

Алайда деректерге тереңірек үңілсек, басқаша картинаға тап боламыз. Мәселен, 2018 жыл басындағы Қазақстан Республикасы халқының жынысы мен жекелеген жас құрамы бойынша мәліметте 15 жасқа дейінгілердің арасында ер балалардың саны артық екені көрсетілген.

Сонымен қатар «Қазақстанның демографиялық жылнамалығы»-нда тұрғындардың жасы бойынша жыныстық айырымы берілген.

Инфографикада көрсетілгендей, 25 жасқа дейін Қазақстан халқының арасында ер адамдардың ара салмағы әйелдерге қарағанда көп. Тек 25 жастан бастап әйелдердің саны арта бастайды.

Әйтсе де, Қазақстандағы әйелдердің санының артық болуы «1 жігітке 8 қыз» деген пропорцияға сай келмейді. Жас айырымы бойынша да аталған пайым шындыққа жанаспайды.

Factcheck.kz сайтының журналисі

Factcheck.kz