Жалған ӏ Назарбаев: Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп бармайды

Мамырдың 30-да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер Данияр Әшімбаевқа берген сұхбаты жарияланды. Назарбаев Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштеріне қатысты бірнеше дерек келтіріп, қазақстандықтар шетелге демалысқа не іскерлік сапарға еркін шығатынын, бірақ жұмыс іздеуге бармайтынын айтқан. Елімізге халықтың көші-қоны мен еңбек нарығының мәселелері маңызды болғандықтан, Factcheck.kz Назарбаев сөзінің екінші бөлігінде жалған мәлімдеме бар-жоғын тексерді.

Мәлімдеме: Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп бармайды.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Жалған

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2021 жылы барлығы 1 277 адам жұмысқа байланысты шетелге кеткен. Назарбаев заңсыз еңбек миграциясын меңзеген күннің өзінде, қазақстандықтар арасында мұндай тенденция жоқ деуге келмейді. Алайда мәселе нақты статистиканың жоқтығына келіп тіреледі. Қазақстандықтар жұмыс істеуге баратын елдердің деректеріне және халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, қазақстандықтар да заңсыз және жартылай заңды түрде жұмыс істеуге шетелге шығады деген қорытынды жасауға болады.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2021 жылы барлығы 1 277 адам жұмысқа байланысты шетелге кеткен. Қалған 22 493 адам кету мақсатын “басқа”, 115-і “оқуға байланысты” деп белгілеген.

Халықаралық көші-қон ұйымында жарияланған зерттеуде Қазақстан статистикасында еңбек миграциясы бөлек жүргізілмейтінін, бұл қазақстандықтарға тән емес деген түсінік бары жазылған. Сондықтан да еңбек мигранттарына қатысты деректі қазақстандықтар кеткен елден қарау ойға қонымды.

Мәселені зерттеушілер сөзінше, отандастарымыз көбіне Ресей мен Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге барады және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді (2020 жылы кетушілер саны карантин шараларына байланысты азайғанын ескерген жөн). Ресей Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сай, елге кіргенде “жұмыс істеуге келдім” дейтін қазақстандықтар саны уақыт өткен сайын көбейіп жатыр.

Жоғарыда келтірген деректердің шындыққа жанасатынын халықаралық ақша аударымдар жүйесі арқылы елімізге келген қаржы көлемінен де байқауға болады. Ұлттық банк дерегіне сай, 2021 жылы желтоқсанда Қазақстанға шетелден 27 253,8 млн. теңге аударылған. Алғашқы үштікте Ресей (4 295,1 млн теңге) мен Оңтүстік Корея (3 485,4 млн теңге) бар.

Бұған дейін қазақстандық медиа Сыртқы істер министрлігіне сілтеп, Оңтүстік Кореяда 10 мыңға жуық қазақстандық заңсыз жүргенін жазды. Одан бөлек, отандастарымыз барған елдегі зауыттарда, тігін шеберханалары мен шахталарда физикалық ауыр жұмыстарды істейтін адамдар хикаяларын баяндайтын материалдар жарияланды.

Кеткен азаматтар ішінде ЖОО тәмамдағандар да аз емес. Мысалы, 2021 жылы кеткен адамдардың ішінде әрбір 3-адамның жоғары білімі бар.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы көші-қон және көші-қон саясаты мәселелері жөніндегі халықаралық консультант Елена Садовскаяның жазуынша, Совет одағы құлаған соң Орталық Азия елдерінің көбі экономикалық тоқырауды бастан өткерді. Бірақ 2000 жылдары аймақтағы елдердің алғашқысы болып Қазақстан экономикасы даму жолына түскен. Бұл көрші елдердің Қазақстанға еңбек мигранты болып келуіне себеп болған. 2000‑шы жылдардың ортасында Қазақстанға еңбек мигранттары ретінде жыл сайын миллионнан астам адам келген, олардың үлесіне елдің жалпы ішкі өнімінің 10-12%-і тиесілі еді. Алайда, жоғарыдағы инфографикадан көргеніміздей, 2016 жылдардан бастап Қазақстаннан кеткен адам саны арта бастаған.

Экономикалық жағдай елден кететіндердің негізгі себебі. Халықаралық көші-қон ұйымы ұсынған сауалнама нәтижесіне сай, Қазақстандықтар шетелге кетуін келесідей түсіндіреді:

Жалған ӏ Назарбаев: Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп бармайды
“Шетелге шығуыңызға не әсер етті?” деген сауалға жауап берген қазақстандықтар, %

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz