Той жасағандар салық төлей ме?

Instagram әлеуметтік желісінде той жасағандар салық төлемек деген ақпарат тарады. Жазбаларда «Енді той жасағанда абай болыңыз. Өйткені ендігіде елімізде аст-төк той жасағандар да салық төлеуі мүмкін» деген [Автордың пунктуациясы мен стилі сақталған – ред.] мәтін жазылған. Factcheck.kz редакциясы ақпаратты тексеріп көрді.

Той жасағандар салық төлей ме?

Үкім: Жалған

Ақпаратқа себеп болған видеода Қаржы вице-министрі той жасаушылар туралы айтпайды. Азаматтардың табысы мен шығысында сәйкессіздік анықталса, қосымша тексеріс жүргізетінін меңзейді. Қаржы вице-министрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тамаданы мысал етеді. Сонымен қатар, қолданыстағы және талқыланып жатқан Салық кодекстерінде “Той иелеріне салық салынуы” туралы айтылмаған.

Ақпаратты нақтылау үшін Factcheck.kz редакциясы Мемлекеттік кірістер комитетімен байланысып көрді. Комитеттің баспасөз хатшысы жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмей сауда-саттықпен немесе басқа да коммерциялық қызметтермен айналысатын тұлғалар туралы айтылып отыр деп жауап берді.

Мұнда жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмей сауда-саттықпен немесе басқа да коммерциялық қызметтермен айналысатын тұлғалар туралы айтылып отыр. Айта кету керек, азаматтардың қызметіне қарамастан Комитет салық міндеттемелерін орындау бойынша салықтық әкімшілендіруді үнемі жүргізіп отырады. Мұндай салық міндеттемелерін орындау, мысалы, жүргізушілер/тамадалар, әншілер және тағы басқа азаматтар мен кәсіпкерлермен бірге жалпы негізде жүзеге асырылады, бұл салық салудың әділеттілік принципіне сәйкес келеді. Камеральды бақылау салық салуға жататын табыс алатын барлық тұлғаларға қатысты бірдей түрде жүргізіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің жауабы

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz