Қытай елшісі Шайе КСРО құрамында болған елдер жайлы айтқанда неден қателесті?

Жақында Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шай La Chaîne Info арнасының журналисі Дариус Рошебенге сұхбат берді. Әңгіме барысында елші Кеңес Одағынан шыққан елдердің егемендігіне күмән келтіріп, Қырымның бастапқыда “Ресейге тиесілі болғанын” айтты. Factcheck.kz елшінің қай тұста қателескенін тексеріп шықты.

Бұрынғы КСРО елдері “халықаралық құқық бойынша тиімді мәртебеге ие емес, өйткені олардың егеменді елдер мәртебесіне нақты форма беретін халықаралық келісім жоқ”.

Лу Шайе, Қытайдың Франциядағы елшісі

Үкім: Жалған

Тәуелсіз елдер мәртебесіне нақты форма бере алатын бірнеше халықаралық келісімдер бар (Толығырақ төменде). Біріншіден, КСРО (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) құрамында болған республикалар тәуелсіз ел ретінде декларациялары бар және БҰҰ-ға мүше. Сонымен қатар, тәуелсіз мемлекеттер ретінде түрлі саяси және экономикалық одаққа мүше. Қазіргі уақытта Франциядағы Қытай елшілігі WeChat-та сұқбат стенограммасын өшірген.

1991 жылы желтоқсанда Ресей, Украина, Беларусь басшылары КСРО құрылтайшылары ретінде КСРО-ны тарату туралы және ТМД елдерін құру жайлы Беловеж келісіміне қол қойды. Сол күні Беларустің Беловеж орманына Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылған, бірақ ол барған жоқ. Кейін КСРО құрамында болған барлық республикалар өздерінің егемді ел екенін декларациямен бекітіп, құқықтық тұрғыда тәуелсіз ел атанды.

Екіншіден, 1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Құжат Қазақстанның тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды.

Толығырақ

Жалпы КСРО құрамында болған республикалар Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына әртүрлі уақытта кірді.

Бұдан бөлек, тәуелсіз елдер мәртебесін айқындап, оларға нақты форма беретін көптеген халықаралық келісімдер бар. Мысалы, БҰҰ жарғысы, Женева конвенциясы, Дипломатиялық қарым қатынас туралы Вена конвенциясы, Халықаралық келісім шарт құқығы туралы Вена конвенциясы және басқа да келісім шарттар бар.

Кеңес Одағы кезінде Қырымды Украинаға сыйлаған Хрущев болатын.

Лу Шайе, Қытайдың Франциядағы елшісі

Үкім: Манипуляция

1954 жылдардың басында КСРО-да Қырым облысын РКФСР құрамынан Украина Кеңестік Социалистік Республикасына беру туралы жарғы жарияланды. Ал 26 сәуірде КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі РКФСР мен УКСР территориясындағы өзгерісті конституцияға бекітті. Сөйтіп Қырым заңды тұрғыда Украинаға өтті. Ал Хрущев Қырымды Украинаға “сыйлағаны” туралы нақты дәлел жоқ. Көп жағдайда мұны ресейлік пропаганда тарапынан байқауға болады.

Толығырақ

Мәселен Қырымды Хрущев “сыйлады” дегенге кейбір тарихшылар келіспейді. Олардың сөзінше, Қырымды Украинаға Хрущев сыйлады деп айту дұрыс емес. Себебі сол уақытта мұндай шешімді тек Хрущев қабылдамаған. Көп жағдайда “Қырымды Хрущев сыйға берді” деген цитатаны Кремль мен диктатор Путиннің мәлімдемелерінен байқауға болады.

Контекст

  • КСРО ыдыраған соң Украина мен Ресей достық және ынтымақтастық жөнінде келісім шартқа (1999 жылы күшіне енді) отырды. Келісім шартта аумақтық тұтастығын құрметтеу туралы да жазылған. Ал 2014 жылы Қырымды Ресей Федерациясы аннексиялады. Халықаралық қауымдастық Ресейдің басқыншы саясатын заңсыз деп таныды.
  • Кейін 2018 жылдың 6 желтоқсанында Украинаның Жоғарғы Радасы Ресеймен достық туралы шартты тоқтату туралы заң жобасын мақұлдап, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап келісім шарт күшін жойды.
  • Жақында сұқбат халықаралық резонанс тудырғаннан кейін ресми Бейжің “КСРО құрамында болған елдердің егемендігін құрметтейтінін хабарлады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz