Кейінгі күндері қазақ тілді сайттар мен түрлі парақшаларда “Қазақстан нәрестелерге кардиохирургиялық операциялар жасайтын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет” деген тақырыпта ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3). Бір қызығы, мұндай дерек 2023 жылы да тараған (1, 2). Мұндай ақпараттың алғашқы дереккөзі қазақстандық денсаулық сақтау министрлігі болса керек. Министрлік 2023 жылы да, 2024 жылы да осындай сарындағы дерек таратқан. Factcheck.kz редакциясы аталған ақпаратты тексеріп көрді
Мәлімдеме: Біздің еліміз Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет болып табылады.
ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы ақпараты
Үкім: Жалған
Кардиохирургиялық операциялар негізінен туғанынан жүрек ақауы бар балаларға (врожденным порокам сердца) жасалады. Бұндай операция тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанда да жасалып жатыр. Мысалы Қырғызстанда 2023 жылы 6 шілдеде туғанына екі күн болған нәрестенің жүрегіне операция жасалған. Ал Өзбекстанның Ұлттық балалар медициналық орталығының кардио бөлімі де туғанынан жүрек ақауы бар балаларға ота жасайды. Осы ақпараттарға сүйенсек, Қазақстанның жалғыз ел емес екенін көреміз.
Сонымен қатар, Қырғызстанда 2023 жылы қазан айының басында Ресей-Қырғыз даму қорының қолдауымен балаларға арналған кардиохирургиялық орталық ашылды. Жаңа клиникада жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мен күрделі кардиохирургиялық операциялар жасаумен айналысады. Мысалы биыл жазда 28 аптада 1,5 келі болып шала туылған нәрестеге гемодинамикалық маңызды артериозды байлау түрі бойынша ота сәтті жасалды. Ал Өзбекстанда 2015 жылдан бері United Surgeons for Children (USFC) В. Вахидов атындағы мамандандырылған хирургия орталығымен бірлесе отырып туғанынан жүрек ақауы бар балаларды емдеумен айналысады.