Қасым-Жомарт Тоқаев су қоймалары туралы шын дерек айтты ма?

25 cәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі болып жатқан су тасқынына себепкер заман талабына сай су қоймалары тапшылығы деген мәлімдеме жасады. Президенттің айтуынша елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан осы дерегін Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Су және ирригация министрлігінің бізге берген жауабына сәйкес Қазақстандағы 461 бөгеттің 101-і 1950-1970 жылдары салынған. Бұл 21%-і ғана. Ал басым бөлігі, яғни 48%-і 1970-1990 жылдарға тиесілі. Сондай-ақ еліміздегі 247 бөгеннің 45 ғана өткен ғасырдың 50-70 жылдары жасалған. Бұл небәрі 18% болады. Деректерге сүйенсек 131 бөгет пен 102 бөгеннің қай жылы салынғаны туралы дерек жоқ. Сол үшін біз дәлелденбеген деген үкім қойдық.

Мәлімдеме: Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Қазақстандағы су қоймаларының 33%-і 1950-1970 жылдары салынса, 48%-і өткен ғасырдың 70-90 жылдары тұрғызылған. Қазіргі күні Қазақстанда 405 су қоймасы бар. Оның ең ескілері 1910 жылы Алматы облысы Ащыбұлақ пен Терең-Қара өңірлерінде салынған. 195 су қойма 1970-1990 жылдарға тиесілі.

Президент бұдан бөлек Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынатынын, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Дегенмен үкімет жаңа су қоймалары салынатынын кейінгі 10 жылда бірнеше рет айтқан.

2014 жылы сол кездегі су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз 2020 жылға қарай 20 су қоймасы салынады деді. Алайда, 2020 жылы тек бір ғана су қоймасының және бір ғана бөгеннің құрылысы аяқталған. 2016 жылы тағы да жаңа 20 су қоймасы салынады деген ақпарат болды. Сол жылы 2 су қоймасы, 1 бөгет пен 9 бөген салынған. 2017 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов 2021 жылға қарай 22 су қоймасы салынады деген мәлімдеме жасады. Бірақ, 2021 жылы 1 ғана су қоймасы тұрғызылған. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап, яғни 1991 жылдан бері қарай 16 су қоймасы, 27 бөгет және 36 бөген салынған.

Factcheck.kz