Испания зоофилияға рұқсат берді ме?

13 ақпанда испандық LibertadDigital басылымы Испания депутаттар конгресі жануарлар денсаулығына зиян келмеген жағдайда зоофилияны қылмыс санатынан алып тастайтыны айтылған материал жариялады. Мақалада әлеуметтік құқық министрі Иона Беларра ұсынған жануарларды қорғау туралы жаңа заң бойынша зоофилияны Испания Қылмыстық кодексінен алынатыны айтылған. Кейін бұл жаңалық желінің орыс тіліндегі сегментінде (12345) тарап, онда Испанияда зоофилияны заңдастырғалы жатқаны я заңдастырып қойғаны айтылған.

Factcheck.kz редакциясы екі нұсқаның да рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Жалған және манипуляция

Несі жалған: Испанияда зоофилияны қылмыс санатынан алып тастамаған және заңдастырмаған. Ол қылмыс санатынан алынуы не заңдастырылуы мүмкін емес, себебі елдің заңында «зоофилия» деген термин жоқ. 

Манипуляциясы неде: Жануарлармен жыныстық қатынасқа түсуді қылмыс санатынан алып тастау және заңдастыру туралы мәлімдеме қылмыстық кодекстегі түзетулерді дұрыс жеткізбегеннен туындап, сарапшылар мен құқық қорғаушылар арасында дау туғызған. Жануармен жыныстық қатынасқа түсіп, зақым келтірмесе, қылмыстық емес, әкімшілік жаза қарастырылған. Бірақ тексерілген хабарламаларда заң жобасының жануарларға қатыгездік көрсету анықтамасы кеңейгені және жалпы бұл қылмыс үшін жаза күшейтілгені айтылмайды. Сонымен қатар материал дайындау уақытында бұл түзетулер әлі қабылданған жоқ — заң жобасы сенат қарауында жатыр. 

Толығырақ

2015 жылы болған Қылмыстық кодекс реформасы үй жануарларын қорғау құқығын кеңейтті. Кодексте жануарларға қатыгездік танытқандарға жаза күшейтілді. Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 337-бабының бірінші абзацында адам жануарларға қатігездік танытса, әртүрлі құралдар қолданып, жарақат келтірсе, сол арқылы денсаулығына зиян тигізсе, я жануарларға сексуал эксплуатация жасаса, онда ол 3 ай 1 күннен бір жылға дейін қамауға алынатыны және жануарларға қатысы бар қызметпен айналысуға 1 жыл 1 күннен үш жылға дейін тыйым салынатыны айтылған. 

Кей парламентарийлердің пікірінше, «сексуал эксплуатация» деген сөз тіркесі заңды қолдану аясын тарылтады, себебі жануарлармен секске түсу қаржылай табыс болған жағдайда ғана жазаланады дегенді меңзейді. Сондай-ақ 2015 жылғы заң тек үй жануарларын, адамдардың қамқорлығына уақытша берілген не жабайы табиғатта тұрмайтын жануарларды қорғауға бағытталған. Испания парламенті енгізгелі отырған түзетулер заң аясын барлық жануар үшін қолдануға дейін кеңейтеді және жануарлармен сексуал сипаттағы кез келген әрекет үшін әртүрлі деңгейдегі жаза қарастырылған. 

340-бап бойынша, адам кез келген әрекет арқылы, оның ішінде сексуалды сипаттағы акт арқылы үй жануарына, қолға үйретілген не уақытша немесе тұрақты түрде адам қамқорлығына алынған жануарға ветеринарлық емді қажет ететін зиян тигізсе, онда құқық бұзушы 3 айдан 18 айға дейін бас бостандығынан айырылады не 6 айдан 12 айға дейін айыппұл төлейді, сонымен қатар 1 жылдан 3 жылға дейін жануарларға қатысы бар қызметпен айналыса алмайды және жануар асырай алмайды. Осы аталған әрекеттер жануардың өліміне алып келсе, ол 12 айдан 24 айға дейін бас бостандығынан айырылады, 2 жылдан 4 жылға дейін жануар асырай алмайды және жануарларға қатысты қызметпен айналыса алмайды. 

Сонымен қатар жоғарыдағы жануарлар тізіміне енбейтін омыртқалы жануар өлімі үшін бөлек жаза қарастырылған —  6 айдан 18 айға дейін қамауға алу немесе 18 айдан 24 айға дейін айыппұл салу, сонымен қатар 2 жылдан 4 жылға дейін жануарларға қатысы бар қызметпен айналысуға және жануар асырауға тыйым салу. Жазаны күшейтетін де жағдайлар қарастырылған, мысалы, қару қолдану, пайда табу үшін жануарларға кәмелетке толмаған балалар көзінше ерекше қатыгездік таныту және т.б.

Егер жануарға келтірілген зиян ветеринардың араласуын қажет етпесе не жануарға жарақат келтірмей қатыгездік көрсетілсе, заң бұзушыға 1 айдан 2 айға дейін айыппұл немесе 1 күннен 30 күнге дейін қоғамдық жұмысқа тарту, сонымен қатар 3 айдан 1 жылға дейін жануарларға қатысты қызметпен айналысуға және жануарлар асырауға тыйым салу. Дәл осы шарттар әлеуметтік желілер мен кейбір баспасөз құралдарында жануарлармен жыныстық қатынасты қылмыс санатынан алып тастағалы жатқаны туралы хабарламалар легін тудырды. Мәлімдеменің қатесіне қарамастан, интернет тұтынушылардың алаңдауына негіз бар. 

Мысалы, кей жануарлар құқығын қорғаушылар заңның жаңа нұсқасын кері кетуге балайды. Белсенділер заңның дұрыс жазылмауы құқық қорғаушылардың айыппұлмен құтылып кетуіне немесе жануардың көзге көрінетін жарақаты болмаса жазасыз қалуына әкелуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. Заңгер, Канар жануарлар және қоршаған ортаны қорғайтын адвокаттар қауымдастығының басшысы Франциска Гутьеррес Хаймез қазіргі заң жануарлар құқығын жақсырақ қорғайтынына, себебі денсаулыққа келтірген зиян деңгейін бөлмейтініне, сонымен қатар жануардың алған психологиялық жарасын да ескеретініне сенімді. 

Испания әлеуметтік құқық министрлігі бұған қарсы шығып, жануармен болған кез келген сексуалды әрекет (тек сексуалды эксплуатация емес) қатыгездік таныту деп қарастырылатынын және заң бойынша жазаланатынын айтады. Денесіне жарақат тисе, ол қылмыс боп саналады; қалған жағдайда  – аса ауыр емес құқық бұзушылық кезінде – олар дене жарақаты көрінбейтін қатыгездік таныту санатына жатқызылады. 

Snopes фактчекиң басылымы дауға сөйлемнің дұрыс құрылмауы әсер еткен дейді. Кей испан заңгерлері бұл бап теория жүзінде болсын жануарлармен жыныстық қатынасқа түскен адамдарды жазалауды қиындатуы мүмкін екенін айтады. 

Factcheck.kz