Halyk Bank әр қазақстандыққа 500 мың теңге беруге міндеттелді ме?

Жақында әлеуметтік желіде “Halyk Bank-ты әрбір қазақстандыққа 500 000 теңге беруге міндеттедідеген хабарлама тарады. Бұған қоса желідегі жарнама жазбасында оқырманды сендіру мақсатында Тоқаевтың суреті қойылған. Factcheck.kz желідегі жазбаға сенуге бола ма, жоқ па тексеріп көрді.

Halyk Bank әр қазақстандыққа 500 мың теңге беруге міндеттелді ме?
Желідегі фейк жарнаманың скриншоты

Үкім: Фейк

Біріншіден, Halyk Bank ресми сайтында немесе желідегі парақшаларында мұндай хабарлама жарияланбады. Екіншіден, сілтемеге өтсеңіз үкіметтің немесе банктің ресми сайты емес алаяқтардың сілтемесі (startuptech-1.biz) ашылады. Ал жарнамада Тоқаевтың суреті оқырманға сеніп тудырып, алдау мақсатында қойылған.

Who.is дерегінше, startuptech-1.biz сайты АҚШ-тың Иллинойс штатында тіркелген. Бұған қоса, басқа деректің барлығы, тіпті қандай компанияға қарасты екені, кімнің атына тіркелгені жасырылған.

Алаяқтардан қалай сақтану керек?

Жалпы кез келген жарнама немесе жарнама сайттарына күмәнмен қараңыз. Алаяқтар көбіне компания, танымал тұлғалардың атын әрі суретін жамылып, халықты алдауға тырысады.

Сонымен қатар, олардың ең басты мақсаты сіздің ақшаңызды алу екенін ұмытпаңыз. Кейбір фейк сауалнамаларда банк картасының нөмерін, тіпті пароль, CVC код сұрайтын жағдайлар болады. Мұндай кезде жеке дерегіңізді бермеңіз: компания немесе банктердің сауалнама арқылы ақша бермейтінін ұмытпаңыз.

Бұдан бөлек, WhatsApp мессенджерінде алаяқтардың сайты жиі тарап жатады. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Себебі WhatsApp ресми хабар тарататын орын емес, тек хат-хабар алмасатын қосымша.

Егер сізге алаяқ қоңырау шалса, не істеу керек?

Алаяқпен сөйлеспеңіз. Тұтқаны қойыңыз. Шоттағы ақшаңыздың орнында екеніне көз жеткізіңіз. Сұрақтарыңыз болса банктің колл-орталығына қоңырау шалыңыз.

Ешкімге айтпаңыз:

  • Ұялы қосымша мен интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпиясөзін;
  • Карта реквизиттерін: нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC-код (картаның артқы бөлігіндегі үштаңбалы код).
  • Операцияны: төлем, аударым т.б растауға арналған SMS-кодты.

Басқа қандай мысалдар бар?

  • Halyk Bank атын жамылатын алаяқтар өте көп. 2020 жылы банк атынан жалған конкурс ұйымдастырып, автокөлік ұтуға болады деген фейк тараған.
  • Былтыр жыл соңында “Қаржы министрлігі 50 000 теңге беріп жатыр. Ол үшін статусыңды тексеріп, ақшаны алуға болады” деген фейк ақпарат тараған. Factcheck.kz фейкті әшкерелеген еді.
  • Жақында әлеуметтік желіде, әсіресе WhatsApp-та «балалар күніне орай бір реттік жәрдемақы беріледі» деген ақпарат тараған. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарған.
  • Бұдан бөлек WhatsApp мессенджерінде Air astana-ның 155 жыл толуына орай сұрақтарға жауап бер де 100 мың теңге ұтып ал» деген сілтеме тараған. Біз желідегі хабарламаның фейк екенін жаздық.

Контекст

  • 2021 жылы маусымда Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардан ақша ұрлап, жеке деректерін білу үшін банк қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтардың көбейгенін ескерткен.
  • Сонымен қатар, былтыр наурызда қазақстандық банктер қаржы алаяқтары туралы бірлесіп ескерту жасаған. Оның арасында Kaspi.kz, «Сбербанк» ЕБ АҚ, Halyk Bank, Нұрбанк, ВТБ Банк (Қазақстан), ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Хоум Кредит Банк, Еуразиялық банк және «Альфа-Банк Қазақстан» бар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz