Фейк | Барлық байланыс құралы үкіметтің бақылау жүйесіне қосылып жатыр

WhatsApp мессенджерін қолданушылар арасында “байланыс құралының барлығы үкіметтің бақылау жүйесіне қосылып жатыр” деген ақпарат тарады. Әлгі xабарламада “ешбір жеке бас дерегі бұдан былай құпия емес” деп жазылған. Тарқатып көрейікші.

Үкім: Фейк

Мұндай xабар алғаш рет 2017 жылы Ресейде тараған. Фейк авторлары мұны биліктің интернет кеңістігіне қатысты жүргізіп отырған саясатына орай шығарған.

Viber мен WhatsApp-та тараған мұндай xабарламаны Украина, Қырғызстан мен Қазақстан азаматтары да алған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты сол жылдың өзінде-ақ жоққа шығарған.

Фейк белгілері

Хабарламаның кейбір тұстары-ақ мұның фейк екенін айқындайды. Мәселен, онда “барлық құрылғы федералдық үкімет жүйелеріне қосылған” делінген. Қазақстан ешқандай да федерация емес.

Ал қысқарған “CDMX” сөзі испанша Ciudad de México дегенді білдіреді. Бұл – Мексикадағы қала.

Мемлекет барлық оператор мен провайдерді қазақстандықтардың жеке бас деректерін жинауға тек бір жағдайда ғана – тек жедел іздестіру мен барлау жүргізіп жатқан органдар өтініші бойынша мәжбүрлей алады (“Байланыс туралы” заңның 15-бабы). Қазақстан конституциясы азаматтарға “жеке өміріне ешкімнің қол сұқпайтынына…, xаттағы, телефондағы әңгімелердің, поштамен, телеграфпен я басқа жақтан келген xаттардың құпиялығына” кепілдік беретінін ұмытпау керек.

Мессенджерді қолданушылар ақпараты құпия ма?

Танымал мессенджерлердің көбінде (WhatsApp, Telegram, Facebook Messenger) end-to-end encryption жүйесі жұмыс істейді. Бұл – хат қандай да бір азамат сөйлесіп отырған әңгімелесушіге ғана ашылады деген сөз.  Тіпті хат хакерлердің қолына кездейсоқ түссе де, тиісті комбинациясыз әлгі ақпарат оқылмайды.

Мұндай функция Viber, WhatsApp, Line желілерінде міндетті параметр ретінде жұмыс істейді. Ал Telegram, Facebook Messenger, Google Allo қосымшаларында баптауларға кіріп, өзіңіз қоса аласыз. Snapchat, Skype және WeChat желілерінде мұндай функция мүлдем жоқ. Миллиондаған аудиториясы бар бұл үш қосымша мұндай шешімді ақпаратты Apple iCloud пен Google Drive сияқты “бұлтта” сақтау мүмкіндігі үшін қабылданған. Бірақ күтпеген жағдай бола қалғанда сақталған ақпаратты бұлттан жүктеп алу мүмкіндігі қатер төндіру мүмкін. Себебі “бұлтта” мұрағатталған ақпарат қорғалмайды.

Байланысты қорғаудың және бір тәсілі – peer-to-peer – серверді айналып өтеді де, қауіпсіздікті екі хабар алмасушының өздері қамтамасыз етеді. Бұл қорғау әдісі – хакерлік шабуылдан сақтанудың ең сирек кездесетін түрі.

Мұндай жалған хабарламаның Қазақстанда кең тарауы “Байланыс туралы” заңға енгізілген өзгерістердің 2019 жылы қаңтардың 1-інде күшіне енуімен тұспа-тұс келіп тұр. Ол өзгеріс бойынша, әрбір азамат телефоны мен оның жеке сәйкестендіру номерін (ЖСН) және IMEI кодын байланыстырып, тіркеуі керек.

 

Factcheck.kz