«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?

Қазан айының басында әлеуметтік желілерде «Дюна» фильмінің үшінші бөлімі Маңғыстау облысында түсірілуі мүмкін деген жазбалар тараған еді. Желіде жазылған кейбір ақпараттарда «фильмнің режиссері Дени Вильнев әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазды» делінсе, бірі «режиссердің атынан ашылған жанкүйерлердің парақшасы» жазғанын айтады. Деректерге сүйенсек Дени Вильнев X әлеуметтік желісінде Маңғыстаудағы Бозжыра суретін «MARS?» деген жазумен жариялап, #DunePart3 хэштегін қалдырыпты-мыс. Соңғы нұсқаны БАҚ-та жазды (1, 2, 3);(архивтелген нұсқасы: 1, 2).

«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты

Вильнев шынымен де әлеуметтік желіде осы туралы жазды ма? Factcheck.kz редакциясы анықтап көрді.

Үкім: Фейк

X әлеуметтік желісіндегі Denis Villeneuve Universe аккаунтты режиссердің өзінкі емес, жанкүйерлеріне тиесілі. Оның үстіне, ақпаратты тексеріп жатқан тұста, парақшада Маңғыстау облысының суреті жарияланған жазба жоқ. Туит жойылған не генерация арқылы жасалған болуы мүмкін деп топшалауға болады. Соңғы нұсқаға ақпаратты алғаш болып таратқан TikTok желісіндегі ozge_juz парақшасындағы басқа посттар сілтейді.

Толығырақ

3 қазанда TikTok желісіндегі ozge_juz парақшасында Дени Вильневтің жанкүйерлеріне тиесілі (автордың өзі режиссердың парақшасы екенін айтады) Х әлеуметтік желсінің скриншоты пайда болды. Онда Маңғыстаудағы Бозжыра суреті қойылып «MARS?» деген жазумен және #DunePart3 хэштегі қойылған жазбасының скриншоты салынған.

«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?
TikTok әлеуметтік желісінің скриншоты

Кейінгі ақпарат TikTok желісінен бөлек, Instagram әлеуметтік желсінің aqtau_live және afishi_atyrau сияқты танымал аймақтық қоғамдық парақшаларда, сондай-ақ, қазақ тіліндегі БАҚ-та тарап кетті.

Алайда фан-аккаунттың өзінен ондай жазба таппадық. Туит танымал туиттер генераторларының көмегімен немесе суретті өңдеу арқылы жасалуы не өшірілген болуы мүмкін. Бір қызығы, барлық жазбада 211 пікір, 1 мың бөлісу, 12 мың лайк және шамамен 1 миллион қаралымы бар, «9 сағат бұрын» жарияланған туиттің бірдей скриншоты тараған. Ozge_juz парақшасындағы осы тақырыпқа арналған өзге де жазбалар туиттің фейк екеніне жанама дәлел бола алады.

10 қазанда автор Business Insider сайтының «Денис Вильнев Қазақстанға “Дюна 3” фильмін түсіретін орын іздеу үшін скауттар жіберді» деген мақаласының скриншотын жариялады. Жазбада ozge_juz парақшасында «Хэйтерлер, қараңдар!!! Шаламэның Қазақстанға келуі мүмкін екеніне дәлел!!!…» – деп жазылған.

«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?
TikTok әлеуметтік желісінің скриншоты

Алайда Business Insider сайтында мұндай жаңалық жоқ. Google-да да кілт сөзді іздеуде ұқсас тақырыптағы жаңалық мүлдем табылмайды.

11 қазанда парақшада осы тақырыпта тағы бір жазба пайда болды. Жазбада ORDA сайтындағы жаңалықтың скриншоты жарияланған-мыс. Жазба астына «ОРДА: Маңғыстауда Дюна 3!!!» деп жазылған.

«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?
TikTok әлеуметтік желісінің скриншоты

Orda.kz сайтынан дәл осындай жаңалықты да таба алмадық.

12 қазанда ozge_juz Гриффиндер анимациялық сериалының Маңғыстау туралы айтылған эпизодынан үзінді жариялады. Бейнеде біз Тимоти Шаламенің прототипін шөл далада жел ұшырып кеткеннен кейін басты кейіпкер Питер Гриффиннің режиссерлерге: «I told you guys we should not film in Mangistau» деп айғайлағанын көреміз, бұл сөзбе-сөз аударғанда «Жігіттер, мен сендерге Маңғыстауда түсіруге болмайды деп айттым ғой» деп аударылады.

«Дюна» режиссері фильмнің 3-бөлімі Маңғыстауда түсірілетіні туралы жазды ма?
TikTok әлеуметтік желісінің скриншоты

Мультисериалдың түпнұсқасы 2023 жылы 19 қарашада шыққан 22-маусымның 6-эпизодындынан алынған. Онда Питер Гриффин: «I told you guys he should not be in windy movies», – деп айғайлайды. Мұны сөзбе-сөз аударғанда «Жігіттер, мен сендерге оны “дауыл тұратын” фильмдерде түсіруге болмайды деп айттым ғой» деуге келеді. Яғни, Маңғыстау туралы сөз жоқ.

Сонымен, зерттей келе, Денис Вильневтің Маңғыстау туралы фотосуретті жеке өзі жарияламағанын байқадық. Екіншіден, «Дюна 3» фильмін Маңғыстауда түсіру қазақстандық жанкүйерлер арасында ғана талқыланған болса керек.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz