Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер

Арыстағы оқиғаға байланысты Factcheck.kz сайты алғашқы фейтерді анықтап, 26 маусым күні жариялаған болатын. Содан кейін кейбір алып-қашпа әңгімелерге байланысты ҚР Қорғаныс министрлігіне, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне сауал жолдаған болатынбыз. Ресми мәлімдемелер негізінде Арыс оқиғасы кезінде тараған ең көп фейктерді анықтап көрдік.

Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер
WhatsApp арқылы тараған фейк

1. КСРО кезінде Арыс қаласындағы әскери бөлімге өте үлкен бомбаны көмген, сол жарылып жатыр

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, КСРО кезінен қазіргі уақытқа дейін өте үлкен бомбалар Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында көмілмеген және болмаған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде әсіресе WhatsApp-та көп тарады.

Ресми дерекке сәйкес Арыс қаласында орналасқан оқ-дәрі сақтау қоймасында зымыран-артиллериялық қару-жарағына арналған оқ-дәрілер сақталған (патрондар, гранаталар, минаатқыш оқтары, артиллериялық жүйелерінің снарядтары және реактивті снарядтар).  

Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер
ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі
Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер
“Эхо Узбекистана”-ның Facebook парақшасы

2. Қазақстанда авиабомба жасайтын зауыт бар және соның бірі Арыс қаласында орналасқан. Бұл зауытта ең қуатты авиабоның бірі –  ФАБ-500 өндіреді

24 маусым күні Өзбекстандық “Эхо Узбекистана” Facebook (25934 оқырман) парақшасы және телеграм (34316 оқырман) каналында “Арыс қаласында дайын авиабомба жарылды” деген ақпарат шыққан. Сонымен қатар, “Арыс қаласында авиабомба өндіретін зауыт бар, ол ең қуатты авиабомбалардың бірі – ФАБ-500 өндіреді” деп жазған болатын. 

“Арыс қаласындағы сақтау қоймасында авиациялық бомбалар сақтауда болмаған, оқ-дәрі жасайтын зауыт жоқ және авиабомбалар өндіреді деген ақпарат шындыққа жанаспайды”. Бұл ҚР Қорғаныс министрлігінің бізге берген ресми мәлімдемесі. 

Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер
ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі

3. Радиация деңгейі жоғары, жарылған оқ-дәрілерден радиация тарап жатыр

Арыс қаласында болған жарылыстарға байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлік өкілдері жүргізген зертханалық зерттеулердің нәтижесінде радиацияның тұрақты екендігін анықтады. Арыс қаласының халқы 28 маусым күні үйлеріне орала бастаған болатын. 

Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің ресми мәлімдемесінде жарылған оқ-дәрілердің арасында радиациялық заттар жоқ екендігі жазылған.

4. Жарылыстың салдарынан 30-дан астам адам қайтыс болды

Арыстағы оқиғаға байланысты тараған фейктер
Instagram-да тараған фейк жазбалар

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәлімдесіне сүйенсек, Арыстағы жарылыстан 3 адам қаза тапқан. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы стационарында 32 науқас жатыр. 24-і маусым мен 2 шілде аралығында 39 науқас ауруханадан үйіне шығарылды.   

Контекст

Арыстағы оқиғаға байланысты жалған ақпарат таратты деген күдікпен 3 адам ұсталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 274-бабы, 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқаны үшін Арыс тұрғынының халықтан кешірім сұраған видеосы шықты.

24 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып,  3 адам қаза тапқан еді. Бұдан бөлек, 400-ден астам тұрғын дәрігер көмегіне жүгініп, 80-нен астамы ауруханаға жатқызылған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz