2022 жылы көп оқылған топ 5 фактчек

2022 жылы Factcheck.kz редакциясы жүздеген фейк, жалған және манипуляция ақпараттың рас-өтірігін тексерді. Ресей Украинаға соғыс ашқалы пропагандамен күрес одан әрі күшейе түсті. Коронавирус пандемиясы жайлы фейктер әлі де толастаған жоқ. Оның ішінде қазақ тілді аудиторияға бейімделген, медиа кеңістіктің ағылшын және орыс тілді сегментінен келген жалған ақпарат та аз емес.

Назарларыңызға 2022 жылы ең көп оқылған ТОП-5 фактчек материалды ұсынамыз.

#5. Елді шулатқан Сарым-Закиева түзетулері

Бәрі неден басталды: Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне әлеуметтік желі немесе мессенджер қызметін шектеу құқығын берді. Бұл өзгеріс халық арасында «Сарым-Закиева» түзетуі деп танылған заң жобасынан кейін қабылданды. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері заң жобасы 2021 жылы ұсынылған кезден бастап «билік кибербуллиңді сылтау етіп, өзіне ұнамсыз контентті өшіреді» деп алаңдады. 22 шілдеде Қазақстан үкіметінің енгізген түзетуіне сәйкес, Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі «үкіметтік емес ұйымдарды терроризмді қаржыландыру фактісі бойынша» тексере алады.

Сарым-Закиева деп танылған түзетулер жайлы Factcheck.kz сайтында бірнеше материал жарияланды. Бірақ оның арасында ең көп оқылған материал — “Қош бол, Facebook немесе Сарым-Закиева түзетулерінің қауіпі“. Бұл материалда MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Джалилов заң жобасының түзетулері не себепті әр қазақстандыққа қатысы барын және олардың қабылдануына жол бермеудің маңызын түсіндіреді.

#4. Әйелдердің зейнет жасына қатысты фейк

2022 жылы желіде сан түрлі фейк тарады. Одан қалай сақтану керек екенін бірнеше рет жаздық. Дәл осындай желі жазбаларының бірінде әйелдердің зейнет жасына қатысты күмәнді ақпарат тарады. Жазбада 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер 58 жаста зейнетке шыға алатыны айтылған.

2022 жылы көп оқылған топ 5 фактчек
WhatsApp-та тараған хабарламаның скриншоты

Алайда біз мұның фейк екенін анықтадық. Әзірше, әйелдердің 2028 жылға дейін 61 жаста зейнетке шыға алады.

#3. Ресейдің Украинаға басып кіруі: Ақпаратты дұрыс тарату туралы кеңестер

24 ақпанда таңертең Ресей Украинаға басып кірді. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ірі әскери қақтығыс болды. Президент Владимир Путиннің бұйрығымен жасалған шабуыл 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерді Ресейдің сегіз жыл қолдауынан кейін басталды.

Бұл материалда қақтығыстың әлемге әсері туралы қалай айтқан дұрыс, сапалы аударма мен контексттің маңызы және журналистің соғыс кезіндегі қауіпсіздігі туралы жаздық.

#2. Республика күнінің логотипі интернеттен алынған

Президент Тоқаев 2022 жылы 16 маусымда өткен Ұлттық Құрылтайда Республика күні туралы сөз қозғап, 29 қыркүйекте мерекені ресми қайтарып, заң жобасына қол қойды. Іле-шала әлеуметтік желілерде және ресми сайттарда Республика күнінің логотипі жариялана бастады. Интернетте осыған ұқсас логоның бар екені және оның да ұрланған болу ықтималдығы туралы жазылды.

2022 жылы көп оқылған топ 5 фактчек
Ресми логоны және желідегі суреттерді іздей келе Shutterstock.com сайтынан бірақ шықтық. Сток суреттер базасына
Ресми логоны және желідегі суреттерді іздей келе Shutterstock.com сайтынан бірақ шықтық. Сток суреттер базасына “eagle logos” деп жазсаңыз Республика күніне арнайы жасалған логодан аумайтын нұсқаны табасыз. Сурет Adobe Stock-та да бар, бағасы — $79,99. Сурет стоктан алынбаған десек, логодағы қанат саны, жаюы, тұмсығы, бәрі — бірдей. Айырмашылығы, түпнұсқада оң жақ қанаты үшкірлеу келсе, Республика күні логосында сүйірленген.

#1. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Қазақстан болашағын болжамаған

Әлеуметтік желі мен түрлі медиада Мәшһүр Жүсіптің Қазақстанның болашағына қатысты жасаған “болжамын” пайдаланушылар жиі бөліседі. Бұл бұрыннан тараған ақпарат еді, бірақ елдегі кейінгі саяси жағдайға байланысты “70 жыл құдайсыз қоғам болатыны, сосын 30 жыл ұры-қарылар былықтыратыны, кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайтыны” жайындағы болжам қазақ және орыс тілінде белсенді түрде қайта тарай бастады.

Алайда, Factcheck.kz Мәшһүр Жүсіптің дәл осындай көріпкелдігі туралы айтқан беделді тарихшы не зерттеуші пікірін таппады. Ал Жүсіп Көпеевтің шөбересі бұл “болжамға” толық әрі нақты дәлел жоқ екенін жазған. Мұндай ақпаратты бөлісетін және тарататын медиа мен тұлғалар дереккөзді белгілемейді, бірақ кейде Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағырбаевтың кітабына сілтейді. Біз дәл сол кітаптан мұндай “болжамның” тарауына себеп болуы мүмкін тіркесті таптық.

Әлеуметтік желіде тараған өлеңнің авторы Мәшһүр Жүсіп емес, ақын Аспанбек Шұғатаев екені анықталды. Авторлықты М. Жүсіпке таңушылар өлеңнің жартысын ғана кесіп алған және төрт шумақты өлеңнің формасын өзгерткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz