Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Қазақстандағы (және тек Қазақстан емес, басқа да елдердегі) мобильді операторларды пайдаланушылардың көпшілігі былтырғы мамыр айынан бері түсініксіз жағдайда ақылы қызмет түрлеріне жазылғандарын және одан қайта бас тартудың тым қиын екенін айтып жүр. Бұл қызметтер абонентке тиесілі ақшаны қоймайтынын ескеріп, біз олардың қандай сервис екенін, оларды «асырамау» үшін не істеу керектігін және бұл үшін мобильді байланыс операторының жауапкершілігі қандай екенін анықтауға тырысқан едік.

Оқырманның шыдамын тауыспау үшін ең алдымен негізгі түйінді айтып, содан кейін ғана оған қалай келгенімізге тоқталамыз.

  1. Өзіңіз тікелей қатыспасаңыз да, сыртыңыздан ақылы қызметтерге жазып қоюы әбден мүмкін.
  2. GPS-навигатор немесе автоматты түрде ашылатын қақпа арқылы да сіздің сыртыңыздан кез келген ақылы қызметке жазып қоюы мүмкін. Белсенді SIM-картасы бар кез келген құрылғы арқылы мұны жүзеге асыруға болады.
  3. Қазақстандық операторлар мен контент-провайдерлердің бір-біріне қатысы бар және кейде тығыз байланысты. Бірақ бұл қылмыс емес.
  4. «Ақшаның иісі жоқ». Операторлар мен контент-провайдерлер абонент есебінен ақша табуды тоқтатпайды, тіпті, олардың қызметінің көмегімен өзге біреулердің қандай контент қаратып жатқанына және олардың заңға бағынып-бағынбайтынына қарамайды.
  5. Мәселені шешуге тек «Байланыс туралы заң» немесе операторлардың техникалық шешімі ғана қауқарлы.

2083 құпия қысқа нөмірі

Ақылы жазылымға Tele-2, Билайн, Kcell бастаған барлық байланыс операторларын пайдаланушылар шағым айтып жүр. Дегенмен, ең ірі оператор абоненттерінің шағымы бірден көзге түседі. Әріптесіміз Тамара Калееваның жазбасын көргеннен кейін және соған ұқсас басқа да шағымдарды іздеп тапқаннан кейін біз де бұл мәселеге назар аудардық. Ресми пабликтердің өзінен ғана мұндай мазмұндағы ондаған шағымды кездестіруге болады. 2018 жылдың мамыр айынан бері, әсіресе, Kcell және «Билайн» абоненттері тарапынан шағым көп болған (төменде скриндер берілген). Мәселен, «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева былай деп жазады (орыс тілінен аударылды, түпнұсқа төменде):

Kcell компаниясының салғырттығынан немесе көз жұма қарауынан мамыр айында 20 мың теңгемді жоғалттым. 1 маусым күні байланыссыз қалып, сол кезде ғана әлдебір алаяқтардың маған бір айда 600 ақылы SMS жібергенін білдім. 3 маусым күні Меңдіқұлов көшесінде орналасқан Kcell кеңсесіне бардым. Сыпайы қарсы алған оператор қыз байқаусызда көңіл көтеру (!!!) және спорт (!!!) тақырыбындағы ақылы сервистерге жазылып қойған болуым мүмкін екенін айтты. Жүйкемді жұқартып, таласып жатпадым, әрі оператор қыз жазылымның күшін жоюға уәде беріп, алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынын айтты.

Бүгін тексере қойсам, тағы да ақылы SMS келіп жатыр! Әр 15 минут сайын… Қайтадан Меңдіқұлов көшесіндегі кеңсеге бет алдым, өткендегі қызға бардым. Ол мені тағы да жазылымнан құтқармақ болды, болмады. Техникалық мәселе болуы мүмкін екенін алға тартып, кеш батқанша жағдайды реттеуге уәде берді.

Сөйтсем, зардап шегіп жүрген жалғыз мен емес екенмін, бұл жүйелі әрекет екен. Тіпті, https://vse.kz/…/746855-glavnyj-topik-o-kcellactiv-…/page-84 деген сайт бар екен, мұнда 2083 немесе басқа да нөмірлерден келетін ақылы хабарламаға шағым айтушылардың қарасы қалың, ал операторлар абоненттердің өзін кінәлайды.

Kcell компаниясының атқарушы директоры К.Каспарсудың атына арыз жазып, ұрланған ақшамды қайтаруын, сонымен қатар алаяқтарды табуын талап еттім (бәлкім, ұжымының ішінен біреу істеп отырған болар). 15 күн жауабын күтемін, сосын сотқа барамын.Әлде, Kcell басшылығы үшін компанияның абырой-беделі мен аты маңызды емес пе? Оның үстіне, қазір бұлардың бәсекелесі де көп. #kcell

 

Біз форумдағы жазбаларды мұқият зерттеп қана қоймай, осындай тақырып бойынша басқа форумдарда іздей отырып, ВКонтакте желісіндегі Кселл паблигінде жарияланған шағымдарға да назар аудардық.Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Мейлінше қызу талқыланып жатқан мәселе – қалай, қайдан екені белгісіз, 2083 қысқа нөміріне ақылы қызмет түріне жазылу тақырыбы. Әрі кейде жазылудан бас тартқаннан кейін де біраз уақыт өткенде қайтадан жазылған болып шығады екен (жоғарыдағы скрин). Желіде отырған оператор өкілдері шағымданушыларды контент-провайдерге бағыттап, оператор жазылым үшін жауапты емес екенін айтумен шектеледі.Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Мәселе тек бізге ғана қатысты емес, мысалы, Хабрда осындай жағдай туралы айтылады. Автор материалында «Мегафон» операторының контент-провайдермен ешқандай байланысы жоқ екенін айтқанымен, онымен тікелей жұмыс істейтініне дәлел келтіреді. Meduza негізгі деген ресейлік операторлар бойынша зерттеу жүргізіп, жазылым түрлеріне қарай карта жасаған екен.

Осыған ұқсас мәселе Украинада да бар. Бұл жөнінде ІТ тақырыбындағы AIN.UA басылымы егжей-тегжейлі жазған. Сондай-ақ, Сингапурдың  Singtel, M1 және StarHub операторларын мысалға ала отырып, дәл осы мәселені зерттеген ақылшын тіліндегі материалдар бар (сингапурлық компаниялар тәжірибесіне қайта ораламыз). Осының бәрін саралай келе, біз жауапкершілік тек абоненттің мойнында емес екенін, ал кейде абоненттің мүлдем қатысы жоқ екенін айта аламыз.

Ендеше, Қазақстанда ақылы хабарламаларға жазылу қалай жүреді, қазақстандық операторлар мен абоненттердің басынан қандай жағдайлар өтіп жатыр және бұл кімге тиімді деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Жазылу қалай жүзеге асады?

  • Көп жағдайда шынымен де пайдаланушы байқамай жазылып қоюы мүмкін. Мобильді құрылғыда дұрыс емес сілтемені басып қоюдың салдарынан бірнеше парақшадан кейін кенеттен ақылы қызметке жазылған болып шығуыңыз әбден мүмкін. Бұл расымен де кездесуі мүмкін тәсіл.
  • Мұндай «абайсызда» жазылу әдетте мобайл баннерді тұтас экранға шығарғанда болады, өйткені абонент қаласа да, қаламаса да, экранға саусағын тигізеді. Сөйтіп отырып жазылуға «тап болады».
  • Танысу сайтында, жұмыс іздеу немесе хабарландыру сайтында ақпарат алуды нақтылау үшін телефон нөміріңізді жазуды сұрауы мүмкін. Мұндай сайттардың көпшілігі желіде бір-бірімен байланысқан және нөмірді алғаннан кейін (және СМС арқылы растағаннан кейін) сізден ақша ала бастауы мүмкін.
  • Смартфон арқылы интернетке кіріп, «дұрыс емес» сайттарға кірген жағдайда да жазылуды рәсімдеуі мүмкін (ұсақ қаріппен жазылған ақпаратты міндетті түрде оқып, назар аударыңыздар). Көп жағдайда ақша алынатыны туралы мәлімет мейлінше елеусіз жазылады, кейде экранда елеусіз тұста тұрады, назар аударатын басқа элементтер көп болады. Сайтты смартфоннан қарағанда да осындай жағдай болуы мүмкін.
  • Жазылу СИМ арқылы модемде жүзеге асуы мүмкін. Кейбір құрылғылар сырттан келетін сигналды түсінбейді және кез келген ұсынысқа «иә» деп жауап береді. Сонымен бірге, кейбір смартфондар жазылу жөніндегі PUSH хабарламаны «көрмейді», сондықтан жазылу абоненттің назарынан тыс қалуы мүмкін. Бұған қоса, GPS трекердің де ақылы қызметке жазылу жағдайлары туралы ақпарат бар.
  • Мұның бәрі ештеңе емес, ақылы сілтемеге автоматты түрде ашылатын қақпа «жазылған» жағдайлар да тіркелген (дұрысы – олардың GSM релесі). Абонентке ақшасын қайтарып берген, бірақ жазылудың қалай жүзеге асқаны сол күйінше түсініксіз болып қала берген. PUSH хабарлама Иә/Жоқ форматында жіберілетіндіктен, мұндай құрылғы үшін ол ½ немесе 0/1 түрінде болады. Құрылғы көбінесе автоматты түрде «Иә» деп жауап беруі мүмкін.
  • Жазылым вирус бағдарлама есебінен жүзеге асқан болуы мүмкін (сондықтан смартфондарға да антивирус қоюды ұсынамыз).
  • Бұған қоса, кейбір контент-провайдерлер пайдаланушылардан тікелей растауды талап етпейді де (Сингапурдың кейсін қараңыз). Яғни, телефон нөмірін енгізу жеткілікті, телефонның иесі тікелей араласпай-ақ ақылы қызметке жазылған болып шығады. Ал қолында телефон нөмірлерінің жиынтық базасы бар адам (телефон нөмірлерінің базасын сатып алу қазір ешқандай қиындық тудырмайды) еш қиындықсыз-ақ жүздеген адамды түрлі ақылы қызметке жазып тастай алады. (Бұлардың ішінде соңғы екі нұсқа ғана заңсыз екенін ескерткіміз келеді).

Не нәрсеге жазады?

Қазақстандық сегментте 2018 жылдың көктеміне дейін кенеттен ақылы қызмет түрлеріне жазылу туралы жаппай шағым білдіру жағдайын таба алмадық, дегенмен жекелеген ақылы СМС қызмет түрлеріне қатысты шағымдар 2009 жылдан бастап кездеседі. Әрі әлемде де жаппай жазылу мен шағымдар негізінен 2017-2018 жылдарға тиесілі.

Жоғарыда келтірген Сингапурдегі жағдай Қазақстандағы қазіргі жағдайға қатты ұқсас. Сингапурда ол негізінен Gameasy компаниясының ойындарына жазылу болған екен. Ал скриншоттағы абоненттердің келтірген сілтемесіне анализ жасай келе, әлдебір контент-провайдердің Kcell абоненттерін малайзиялық (тіркеу мәліметтеріне сәйкес) Grabmobi компаниясының, канадалық әлде америкалық Ctrackz компаниясының (екеуі де 2015 жылы тіркелген және әлемнің әртүрлі елдеріне қорғалмаған протокол бойынша контент таратады) ойын және басқа да қызметтеріне жазылғанын көреміз.

Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Осындай тәсілмен жұлдызнамаға, танысу қызметтеріне, автоматты түрде тарайтын жаңалықтарға, яғни провайдер ұсынатын кез келген контентке жазылу жүзеге асуы мүмкін.

Бұл жағдайдағы ең қиын мәселе – мобильді байланыс операторы жоғарыда айтылған түрлі тәсілдің көмегімен болған жазылу үшін айтарлықтай жауап бермейді, келісімшартқа сай жауапкершілік абоненттің мойнында екенін айтады, ал мәселені шешу үшін провайдерге сілтейді.

Дегенмен, провайдерге қызмет көрсететін қысқа нөмірді басқа емес, оператор беретінін және ол үшін ақша алатынын ескеру керек. Сондықтан «барлық жауапкершілік провайдердің/абоненттің мойнында» деген жауап – күмәнді. Неліктен олай екенін көру үшін әрі қарай кеттік.

Бұл кімге тиімді және контент нарығындағы қарым-қатынас қалай құрылады?

Бұл бірінші кезекте операторларға және бірқатар провайдер компанияларға тиімді, олардың кейбірі ірі қазақстандық мобильді байланыс операторларының ресми серіктесі есебінде көрсетілген.

Мәселен, Тамара Калееваға Kcell компаниясының ресми жауабында аталған Telematics Asia ЖШС.

ЖШС «Басқа топтарға кірмеген өзге де жекелеген қызмет түрлерін көрсетеді» (ОКЭД: 96090). Төлеп жатқан салығына қарағанда, жағдайы жаман емес.

Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

«Информ Мобил Казахстан» ЖШС да солай, 2016-17 жылдары саябырсып қалған серіктестік 2018 жылы бірден «ес жиып» алған. ЖШС ресейлік «Информ-мобил» компаниясының өкілдігі болып саналады, ал ресейлік компания РФ аумағында мобильді қызмет көрсетеді. «Информ-мобилге» негізінен «Билайн» операторының абоненттері шағым айтады, ал «Билайн» бұл серіктестікпен «Кар-Тел» кезінен серіктес.

Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?«RGK Production Kazakhstan» деген атауы бар ЖШС қазақстандық салық төлеушілердің тізімінде атымен жоқ, ал [email protected] электронды поштасында көрсетілген домен бойынша іздесек, екі ай бұрын ғана тіркелген Flexmobile деген ЖШС сайтына тап боламыз. Әрі 2015 жылы тіркелген, атауы кириллицамен «РГК Продакшн Казахстан» ЖШС деп жазылатын серіктестік бар, ол «Мәліметтерді жариялау және өңдеу қызметін» атқарады (ОКЭД: 63111).

Немесе жоғарыдағы хатта келтірілген Zero Gravity ЖШС-ны алайық. Вконтакте желісіндегі паблик пен форумдардағы шағымданушыларды Kcell менеджерлері дәл осы компанияға бағыттауы жиі кездеседі, әрі малайзиялық GrabMobi ақылы контентіне жазылғаны туралы хабарламада дәл осы серіктестіктің нөмірі көрсетілген.

Zero Gravity ЖШС 10 жыл бұрын құрылған және осы уақыт ішінде түрлі спектрдегі қызмет түрлерін көрсетеді. Соның ішінде контент-провайдер ретінде де қызмет көрсетеді. Дегенмен, ЖШС сайтында соңғы 8 жылда компанияның белсенді қызмет етіп жатқаны байқалмайды: сайттағы соңғы жаңалық 2011 жылы жарияланған, ал жобалар саны сол жерде көрсетілген үшеуімен шектеледі.

Компанияның салық төлемі соңғы жылдары шамамен жылына 33 222 200 ₸ болған, бұл жылдық айналымның жаман емес екенін көрсететін сома. Компанияның ресми серіктестері ретінде Kcell және Beeline компаниялары, тіпті МТС көрсетілген. Әрі бұл компания да алдында айтылған серіктестіктер сияқты Kcell компаниясының сайтында оператордың серіктесі екені ресми түрде көрсетілген.

КСеll компаниясының бізге хабарлауынша, Zero Gravity  Актив мобильді порталын жасаған. Ұсақ қаріппен, төменгі тұста мынадай мәлімет берілген:

* Осы қызметті Провайдер – “Zero Gravity” ЖШС ұсынады. Провайдер Kcell және activ абоненттеріне түрлі жадыратушы және анықтамалық-ақпараттық қызметтері бар “Интернет портал” қызметін ұсынатын дербес компания болып табылады. Қызметтердің мазмұнына, көрсетілу сапасы мен жылдамдығына Провайдер жауапты. Провайдер Оператор, үшінші тұлғалар, абоненттер алдында Қазақстан Республикасының ағымдағы заңнамасының талаптарын, оның ішінде лицензиялау, лицензиялық келісімдер, интеллектуалдық жеке меншік, авторлық және салалас құқықтарды қорғау туралы патенттік заңнаманы орындауға толық жауапты.

Яғни, КСеll компаниясының ақылы жазылымдарға ешқандай қатысы жоқ деу – манипуляция және пайдаланушыға дұрыс емес ақпарат беру, өйткені жазылу оператордың желісі арқылы жүзеге асады, ал оператор контент-провайдерден ақы алады, яғни пайда көреді.

Оның үстіне, kompra.kz контрагенттерді тексеру қызметінің көмегімен Zero Gravity компаниясының байланыстарына анализ жасайтын болсақ, Zero Gravity компаниясының құрылтайшысы SKYTEC ЖШС екенін көреміз, оның құрылтайшылары қатарында Арутюн Погосян бар, ол 2000 жылдардан бастап бірнеше жыл Kcell компаниясының жарнамалық материалдарымен айналысқан TWIGA Kazakhstan жарнама агенттігінің басқарушысы болған. Яғни, оператор абоненттерге ешқандай қатысы жоқ сияқты етіп көрсеткенімен, Zero Gravity Kcell үшін баяғыдан-ақ бөтен емес.

Жалпы, контент-провайдерлердің баршасы дерлік бір-бірімен байланысты. Мысалы, «РГК Продакшн Казахстан» ЖШС мен SMS-Consult ЖШС басқарушылары арқылы бір-бірімен тікелей байланысты.

Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Жанама түрде бұл ЖШС тендер арқылы екінші бір провайдер – Казинфотех АЦП ЖШС-мен де байланысты. Нарықтағы қатысушылардың барлығы дерлік белгілі бір дәрежеде бір-бірімен байланысты – тікелей, үшінші компаниялар арқылы, тендерге қатысу және қоғамдық бірлестіктер арқылы (кейде аталған нарыққа мүлдем қатысы жоқтары да кездеседі), кейде, тіпті, тіркелген орны мен кеңселерінің көрші болуы арқылы. Мұндай ауқымы тар сала үшін бұл жаңалық та емес. Дегенмен, бұл нарықта қалыптасқан ережелер бар екенін, соған сай ақпараттық кеңістік те ортақ екенін, бұл әсіресе жеті-сегіз жыл осы бизнеспен айналысатындарға қатысты екенін аңғаруға болады.

Рафик кінәлі емес(?) — схема қалай жұмыс істейді?

Мобильді контент, жалпы цифрлық контент өндіру оңай шаруа емес. Жоғарыда контент-провайдер ретінде аталған компаниялардың барлығы шағын кәсіорын (1 адамнан 5 адамға дейін істейтін) ретінде тіркелген, олар бір ғана оператордың клиенттері үшін де қажетті деңгейде контент өндіруге қауқарлы емес. Сондықтан олардың қызмет түріне үшінші бір тараптар ұсынатын контентті жіберу және тарату кіреді. Осы тұрғыдан қарағанда, жоғарыда аталған «малайзиялық» және «америкалық» компаниялар – Zero Gravity ЖШС клиенттері (тікелей немесе делдал арқылы) және олар «дұрыс емес» жеткізуші, оператор және абонент арасындағы дәнекер.

Тұтынудың қарапайым схемасы мынадай тәртіппен жүзеге асады:

ӨндірушіПровайдерОператорАбонент

Болмашы ақша алатын болса, бұл жөнінде абонент те, оператор да, провайдер де білмейді. Бірақ, қалай болғанда да контент-провайдер, сонымен бірге оператор да адал өндірушілермен қатар, алаяқтарға да жол ашады. Әрі бұл ақы-пұлсыз да емес, абоненттен түсетін ақшаның бір бөлігі қалай болғанда да операторда және контент-провайдерде қалады.

Сонымен, кім жауапты және не істеу керек?

Келісімшартқа қол қойғандықтан, пайдаланушы алдында байланыс операторы тікелей жауап беруі тиіс. Осы себептен де болар, ұзаққа созылатын хат алмасу мен «жазылу пайдаланушының келісімінсіз болуы мүмкін емес» дегенге сілтегеннен кейін оператор абонентке ақылы жазылу үшін деп алынған ақшаны қайтарып береді (контент-провайдердің есебінен екені анық). Ал заң тұрғысынан қарағанда оператордың әрекеті ҚР заңнамаларына сай, өйткені оператордың желісі пайдаланылып тұрғанымен, жазылуға өтінішті оператор жібермейді.

Бір қызығы, контент-провайдердің әрекеті де заң аясынан шықпайды. Өйткені ол «иә/жоқ» деген опциямен қызмет көрсетуді ұсынады. Контент-провайдер скам-атакаға жүгінбесе, модем арқылы немесе нөмірді растауды қажет етпейтін тетіктерді пайдалану арқылы біле тұра әдейі жасаса, онда әңгіме басқа. Дегенмен, провайдердің мұндай әрекетін дәлелдеу өте қиынға соғады.

Бұл мәселе ҚР Байланыс туралы заңының 36-бабы аясында реттелуі тиіс. Көбіне осы бап бойынша шешіледі де.

36-баптың 1-2-тармағы. Қысқа мәтінді хабарлама жіберу арқылы зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізу ұсынылған кезде ұялы байланыс операторы қысқа мәтінді хабарлама арқылы осы қызметті көрсетудің құны туралы абонентті хабардар етуге міндетті. Абонент осы хабарламаның жіберілгенін растаған жағдайда, аталған қызметті көрсеткені үшін төлем алынады, бұл ретте растағаны үшін абоненттен төлем алынбайды.

Егер байланыс операторы зияткерлік қызметтер көрсетуге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсыну бойынша қысқа мәтінді хабарламаның құны туралы абонентті хабардар етпесе, онда бұл қызметті көрсеткені үшін төлем алынбайды.

Алайда, көп нәрсесі бұлыңғыр болып келетін жазылу тәсілдері, яғни құрылғының мүмкіндігін пайдалану, бір рет басу арқылы жазылатын манипуляциялық схемалар, скам және басқа да әрекеттер заңмен реттелмейді және заңға қатысты түсіндірмеде де ол туралы жазылмаған.

Ең басты мәселеге келсек, дәл қазіргі сәтте контент ұсынушының «адалдығына» оператор да, контент-провайдер де жауапты емес, оны тексеру бұлардың екеуінің де міндетінде жоқ.

Әзірге мұндай схемамен күресудің жалғыз ғана жолы бар сияқты, абоненттердің шексіз шағымынан кейін Сингапурдағы проблема дәл осы тәсілмен шешілген екен. Атап айтқанда:

    • Оператор кез келген абонент пайдалана алатын ақылы контентке толық шектеу қоятын тетікті енгізуі тиіс. Дәл қазіргі сәтте қазақстандық байланыс операторларынан мұндай опцияны таба алмадық. Бұл мәселені қоғамдық бастама негізінде көтеріп, мәселені кең көлемде талқылау арқылы оператормен диалог шеңберінде шешуге болады.
    • Контент өндірушілер тарапынан ақылы контентке жазылу болған жағдайда оператор екі немесе үш қадаммен аутентификация жасауды қамтамасыз етуі тиіс.
    • Оператор серіктестерінің әрекетін мұқият зерттеуі тиіс, соның ішінде серіктестер опеартордың клиенттері есебінен заңсыз жолмен баю белгілері байқалған жағдайда екі есе мұқият болуы тиіс.

Тағы бір нұсқа ретінде абоненттерге контент үшін жеке шот ұсынуды енгізуге болады, шетелдік операторлардың көпшілігі солай істейді. Бірақ, бұл шешімдердің қай-қайсысын қабылдау да оңай емес, ол үшін не оператор (және контент-провайдер) ерікті түрде осы қадамға баруы тиіс, не абоненттердің құқығын қорғайтын ұйымдар тарапынан қысым жасалуы тиіс (мысалы, Ұлттық тұтынушылар лигасы тарапынан).

Әзірге жұмыс істеп тұрған жалғыз тәсіл – оператордың кеңсесіне өз аяғыңмен келіп, тиісті арыз түсіру. Бірақ, оның да аса сенімді емес екенін көруге болады (төмендегі скриндерге назар аударыңыз).

Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?

Қажетсіз хабарламадан мейлінше қорғанудың жолы қандай?

  • Қорғалмаған сайттарда (протокол HTTP) ешқандай мәлімет енгізбеу. Одан да дұрысы – мұндай сайттарға мүлдем кірмеу. Ал қорғалмаған байланыс жөнінде кез келген браузер хабарлайды, ол үшін сайт атауы жазылған жолдың сол жағындағы бұрышқа назар аудару керек.Ақылы СМС қызметі: Мобильді операторлардың абоненттері есебінен байып отырған кімдер?
  • Телефон нөмірін әр жерге бере бермеу, әлеуметтік желілер мен сайттарда телефон нөміріңізді көрсете бермеу керек.
  • Оператордың сайтындағы өзіңіздің жеке кабинетініңіз немесе қосымша арқылы «қажетсіз» қызметтерге жазылған-жазылмағаныңызды тұрақты түрде тексеріп отырған жөн.
  • Оператордың кеңсесіне барып, контент-провайдерлердің барлық қысқа нөмірлері үшін өз нөміріңізді қара тізімге қосып қоюды талап ететін арыз жазу керек.
  • Егер сізді немесе автоматты ашылатын қақпаңызды қандай да бір ақылы қызметке жазғанын білсеңіз, дереу операторға хат жазыңыз. Әр хабарламаңызда мәселені анық-қанық, тәптіштеп отырып және салмақты түрде түсіндіріп, скриншоттарды қоса ұсынып, қызмет ақысының үзіндісін беруді талап етіңіз. Ақшаңызды заңсыз жолмен ұстап қалған жағдайда оператор мен контент-провайдер мәселені шешуге міндетті екенін біліңіз.

Қазақ тіліне аударған: Жұлдыз Әбділдә

Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане» с 2017 по 2022 год. Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy

Factcheck.kz