Польшада мәжбүрлі вакцинаға қарсы митинг өткені рас па?

Әлеуметтік желілер мессенджерлерде “Польшада халық вакцина салдыруға қарсылық білдіріп жатыр” деп көптеп жазып жатыр. Factcheck.kz бұл видеоның қайда түсірілгенін және адамдар не үшін жиналғанын анықтап көрді.

Видео астындағы жазба: Польша халқы мәжбүрлеп вакцина салдыруға қарсылық білдірді. Олар NO VACCINE деп айқайлап жатыр.

Facebook қолданушыларының посттарынан алынды

Үкім: Жалған

Расымен бұл видео Польша астанасы Варшавада түсірілген. Бірақ вакцинаға еш қатысы жоқ. Адамдардың бұлай жиналуына себебі және уақыты да басқа болған.

Видеоның түпнұсқасы 2017 жылдың 24 шілдесінен кейін желіде тарай бастады.

2017 жылдың 20 шілдесінде, Польша Ұлттық ассамблеясының төменгі палатасы сотты реформалау туралы заң қабылдағаннан кейін мыңдаған адам “конституцияға қарсы реформаларға” байланысты Варшавада митингке шықты. Полицияның есебінше, шамамен 14 мың адам митингке қатысқан, ал қала билігі 50 мыңға жуық наразылық білдіруші алаңға шықты деп есептейді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бірнеше күннің ішінде Польшаның ірі қалаларында 100 мыңнан астам адам заң жобасына қарсы наразылық шараларына қатысқан. Олар митингте шам жағып, мемлекеттік әнұранды орындады. Одан бөлек Еуроодақ пен мемлекеттік туды алып шықты. Желі жазбаларында тарағандай “no vaccine!” деп емес, “тәуелсіз сот!” және “демократия!” деп айқайлаған.

13 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісі балаларға арналған вакцинацияны салуға негізделген “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” жаңа кодекстің жобасы екінші оқылымда мақұлдады. Вакцинаға қарсы наразылық танытушылардың көбейгеніне осы себеп болуы мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz