ШЫНДЫҚ | Қазақстандық ғалымдардың еңбегі «қоқыс» журналдарда жиі жарияланған

29 қаңтарда sputniknews сайты халықаралық ғылыми басылымдар базасынан ғылыми салмағы жоқ журналдардың өшірілгені, қазақстандық көптеген ғалымдардың мақалалары дәл осы «қоқыс» журналдарда жарық көргені туралы жазды. Біз мақалада келтірілген кейбір деректерді тексеріп көрген едік.

Ең «танымал» басылым

«2016 жылы қазақстандық авторлар арасында International Journal of Environmental and Science Education журналының кеңінен танымал болған (Қазақстаннан 200-ден астам мақала жарық көрген)».

Үкім: Жартылай шындық

Шынында да, 2016 жылы аталған басылым қазақстандық авторлар арасында кеңінен танымал болған. Алайда, онда жарық көрген мақалалардың саны «200-ден астам» емес, 185. Бірақ авторлардың саны бұдан әлдеқайда көп, өйткені бір мақаланың бірнеше авторы бар.

Танымал авторлар…

«Бұл журналда еліміздегі танымал ғалымдар ғылыми жұмыстарын жариялаған. «Қоқыс» журналдар мен Scopus тізімінен өшірілген басылымдарда мақаласы жарық көргендер арасында Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры бар».

Үкім: Шындық

Расында да, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың, Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдімәлік Нысанбаевтың, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенованың бірнеше мақаласы жарық көрген. Сонымен бірге, авторлар арасында ЕҰУ бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, осы академияның оқытушылары, белгілі дәстүрлі әншілер Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Қосанова, белгілі драматург Еркін Жуасбек те бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен қатар, Семей, Павлодар, Қарағанды университеттерінің оқытушыларының осы басылымда жиі жарияланған.

Жыл журналы

«2017 жылы қазақстандық ғалымдар арасында Man in India журналы жоғары сұранысқа ие болған. Бұл басылымда жарық көрген қазақстандық және ресейлік авторлардың саны Үндістанның өзіндегі авторлардан да көп. 2017 жылы Man in India журналында 88 үнді ғалымының мақаласы жарық көрген. Есесіне, қазақстандықтардың 116, ресейліктердің 327 материалы жарияланған».

Үкім: Шындық

Man in India журналының 34 саны жарық көрген, онда барлығы 550 мақала бар. Соның 443-і Қазақстан мен Ресей ғалымдарына тиесілі. ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенованың 3 мақаласы осы Man in India журналында жарық көрсе, тағы бір материалы International Journal of Environmental and Science Education журналында жарияланған.

“Ғылыми” журналдағы материал қанша тұрады?

«Мұндай журналдарда мақала шығару ақылы. Беделді басылымдар материалды тексеріп барып қана алатын болса, «қоқыс» журналдар кез келген материалды жариялайды, тіпті ғылыми салмағы болмаса да».

Үкім: Шындық

International Journal of Environmental and Science Education журналында мақала жариялау бағасы – 425 доллар. Ал Man in India журналында 800 доллар +  пошта шығыны үшін 100 доллар, барлығы 900 доллар. Немесе 30 000 рупий.

ШЫНДЫҚ | Қазақстандық ғалымдардың еңбегі «қоқыс» журналдарда жиі жарияланған
Man in India журналында мақала жариялау бағасы
ШЫНДЫҚ | Қазақстандық ғалымдардың еңбегі «қоқыс» журналдарда жиі жарияланған
International Journal of Environmental and Science Education журналында материал жариялау бағасы

Контекст

Скопус тізіміндегі басылымдарға материал берудің тәртібі қандай? Қандай басылымдар материалды тегін шығарады, қайсысында ақылы? Неліктен?

СДУ аға оқытушысы Мұхтар Сеңгірбайдың түсініктемесі:

ШЫНДЫҚ | Қазақстандық ғалымдардың еңбегі «қоқыс» журналдарда жиі жарияланғанҚатып қалған, бәріне ортақ стандарт жоқ, тек бүкіл ғылым атаулыға ортақ қағидалар ғана бар. Оның үстіне, мұнда бір ерекше коммерция да, құпия да, «тамыр-таныстық» та жоқ. Кейбіреулер «өзімізде  әлеуметтік ғылымдар саласынан бір журнал Scopus базасына кірсе, керемет болар еді, өтініш айтып, шығара берер едік» деп үстірт ойлайды. Бәлкім, Қазақстанның мәселелері (егер ол журналдың тақырыбы Қазақстанға қатысты болса) кеңірек талқыланатын болар, бірақ редакция алқасы беделді ғылыми базаларда рейтингін көтеремін десе, таныстарының мақалаларын емес, ең сапалы деген дүниелерді жариялауға мәжбүр болады.

Мұндағы басты қағида – ұсынып отырған еңбегің бір тар ауқымдағы тақырыпты жан-жақты, бүге-шігесіне дейін зерттеген сүбелі материал болуы керек. Мұндай еңбекті жазуға көп уақыт, қажыр-қайрат керек.

Екіншіден, ғылымға адал болу қажет. Яғни, еңбекті жазуға қатысқан адамдардың ғана аты-жөндері автор ретінде көрсетілуі керек, ол бұрын басқа жерде шықпаған болуы тиіс.

Ал бізде докторанттар – декандарды, ғылыми жетекшілерін, өздері сыйлайтын адамдарды; әріптестер бір-бірін қосақтай салады.

Бұл статистика үшін жақсы болғанымен, ғалымның беделі үшін жаман.

Үшінші және басты қағида – мақаланы шығару процесіндегі ешқандай жұмысқа ақша төлемеу керек. Яғни, мақаланы шығару, рецензия жасау сияқты жұмыстар тегін болуы керек. Журналдар әдетте сізге жіберетін данасының тасымалдау құнын немесе түрлі-түсті қағазбен схема, сурет басу керек болса, соның ақысын сұрайды. Орыс және ағылшын тілдерінде қатар шығатын бір журнал мақаланы екі тілде бірдей сапалы етіп жіберуді сұрайды немесе екінші тілге өздері аударғаны үшін ақы алады.

Төртіншіден, ғылыми еңбектерді үнемі қарап, ізденіп жүрген ғалым жазған мақаласы қай журналдың тақырыбына келетінін, ол журналдың беделі мен рейтингі қандай екенін өзі де біледі.

Мысалы Орталық Азия, посткеңестік елдер тақырыбына жазатын Central Asian Survey, Europe-Asia Studies, Problems of Post-communism деген сияқты журналдардың шығып келе жатқанына көп жыл болған. Олардың рейтингі жоғары, олар ешкімнен ақша алмайды. Есесіне, бұларға шығу да қиын. Мақала бірнеше қайтара «соқыр рецензиядан» (blind peer-review) өтеді. Рецензенттер мақаланың кем-кетігін мұқият қарап шығып, түрлі ұсыныс айтады. Сол ұсыныстарды ескеріп, қайта жазсаңыз, мақаланың сапасы артады. Бұл процесс үш айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Яғни, осыдан екі-үш жыл бұрын бір тақырыпты нақты зерттей бастасаң, соның «жемісін» биыл ғана көресің.

Ал бізде сападан гөрі санға көңіл бөледі. «Анда бір журнал шығыпты, тез шығарады екен, мақала бар ма, ақша жинап, сонда жіберейік» деген қарабайыр түсінік бар. Ақырында “сол жерде” еңбектерін басып шығарады. Бұл басылымдар – біздің білместігімізді пайдаланып ақша жинап жүргендер.

Factcheck.kz