Перуашев кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндер жайлы айтып, неден жаңылды?

30 қыркүйекте ҚР мәжілісінің жалпы отырысында “Ақ жол” партиясының лидері Азат Перуашев премьер-министр Асқар Маминге, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымоваға кредиттік амнистия жайлы сауал жолдады. Factcheck.kz депутаттың айтқан ақпаратын тексерді.

Мәлімдеме: Дүниежүзілік банктің мәліметінше, биылғы жылы кедейлік шегінен төмен өмір сүретін қазақстандық саны бір жарым есеге, яғни, 800 мың адамға көбейіп, 2 миллион 300 мыңнан асты. Елдегі әрбір сегізінші азамат кедейлік шегінде өмір сүреді. Бұл мұнай өндіруші мемлекет үшін жарамсыз және алаңдататын көрсеткіш.

Азат Перуашев

Үкім: Шындық және Манипуляция

Расымен Дүниежүзілік банктің сайтында Перуашевтің айтқан статистикасы көрсетілген.

Бірақ, ескеретін жайт, Дүниежүзілік банктің келтірген деректері болжам ғана. Ал “Ақ жол” партиясының жетекшісі бұл статистиканы орындалғандай етіп айтты. Яғни, бұл Дүниежүзілік банктің тек пессимистік пайымы.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, кедейлік деңгейі 8,3 пайыздан 12,7 пайызға дейін өсуі мүмкін. 8,3% — Қазақстан халқының 1 557 702-і адамы деп есептесек болады. (Статистика комитетінің 1 тамыздағы деректері бойынша 18 767 500) Ал 12,7% — 2 383 472 адамды құрайды. Перуашев мырза статистиканы 25 770 адамға азайтып айтты. Тағы да айта кетейік, депутат болжам мен дәл қазіргі статистиканы шатастырды.

Алайда, Статистика комитетінің мәліметінше, кедейлік шегінен төмен (2020 жылдың екінші тоқсанындағы дерек бойынша) 5,7% немесе 1 069 747 қазақстандық тұрады.

Яғни, әрбір 17-азамат кедейлік шегінде өмір сүреді. Егер Дүниежүзілік банктің болжамы дұрыс болса, биыл әрбір 8-ші қазақстандық кедейлік шегінен төмен өмір сүреді.

Перуашев кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндер жайлы айтып, неден жаңылды?

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz