Фактчек | Қытайдың “қолдан жасалған” жұмыртқасы

Қабығы жаңа ашылған жұмыртқа шын мәнінде химиялық заттардың қосынды болып шыққаны туралы New York Times пен The Guardian жазды. Түрлі елде “Қытай қолдан арзан жұмыртқалар жасау кәсібін жолға қойып алды” деген түсінік бар. Бірақ он жылдан аса уақыт ішінде бұған анық айғақ келтірілген емес.

Тауық жұмыртқалады. Жұмыртқасы жай емес…

Үстелге қойғанда еңкіш тартпайтын, қалай қойса да бір бетке ауып кетпейтін жұмыртқа туралы видео қазақстандықтарды абдыратып тастады. Бірнеше БАҚ “Қытайдан келген жасанды жұмыртқа дүкен сөрелерінде тұр” деген тақырыппен материал шығарды.

“Өскемен тұрғыны сұмдық видео жариялады. Барлық дүкенді тексеру басталды. Санитарлық инспектор облыс тұрғандарына мәлімдеме жасады”, – деді “Евразия” арнасындағы жаңалықтар жүргізушісі Әлібек Ырзабаев. Оның артынан тілші Светлана Пенькова табиғи тұқымды резеңке жұмыртқалардан қалай ажыратуға болатынын баяндайды.

Басылым Өскеменде түсірілген видео деп атаған бейне тарамас бұрын, әлеуметтік желілер мен бірнеше БАҚ-та қырғызстандық азаматтың базардан саруызы “резеңке” жұмыртқа сатып алғаны туралы айтылған видео да қызу талқыға түсті.

Үкім: Фейк және манипуляция

Видеоларға жүргізілген тексеріс нәтижесі әртүрлі. Қырғызстандағы жұмыртқалар ерекше болса да, табиғи екені анықталды. Ал Қазақстанда “ауып кетпейтін” жұмыртқаны фейк деп атады.

Қолдан жасалған қытай жұмыртқалары жайлы теория дәлелденген жоқ.

Қытайдың “жасанды жұмыртқалары” – танымал тақырып

Екі жыл бұрын, 2017 жылдың ақпанында, “Евразия” арнасы “Қытайдан әкелінген жұмыртқалар зәресін алған қазақстандықтар” туралы материал көрсетті. Әлгі видеода жасанды жұмыртқалардың қалай әзірленетіні баяндалады. “Сырттай қарағанда олардың әдеттегі мәйектерден айырмасы жоқ, дәмі мен иісі де ерекше емес. Бірақ мына жұмыртқалар тауықтыкі емес! Оларды химиялық қосылыстар мен бейорганикалық материалдарды пайдаланып адамдар қолдан жасайды” дейді эфирде. Мұны бірнеше БАҚ көшіріп басты.

Сол кезде ауыл шаруашлығы вице-министрі болған Қайрат Айтуғанов мұны ақпараттық “қоқыс” деп атаған. Оның сөзінше, Қазақстан Қытайдан жұмыртқа сатып алмайды, керісінше қытайлық кәсіпкерлер қазақстандық өнімдерді алып, өздеріне кіргізеді.

2018 жылдың маусымында осыған ұқсас және бір жаңалық шықты: “Маңғыстау тұрғынын дүкеннен алған жұмыртқа шошытты”. Әлдебір азамат өзі “табиғи емес” деп атаған жұмыртқаны видеоға түсіріп, таратып жіберген.

Алайда тексеру жүргізіліп, жұмыртқаның барлық талапқа сай екені анықталған.

Әлемдік БАҚ Қытай жұмыртқасы жайлы не дейді?

Қытайдың “жасанды жұмыртқалары” жайлы жазылған мақалалардың көбінде “Токсикология” журналындағы 2005 жылы жазылған бір материалға сілтеме беріледі. Әлгі мақала ресми құжаттарға емес, Қытай басылымындағы хабарларға негізделген.

Бұл жазбаны жоққа шығарғандар да, көшіріп таратқандар да көп болды. АҚШ, Германия, Австралия, Үндістан, Малайзия мен Фрациядағы БАҚ “жасанды жұмыртқалар” тақырыбын зерттей жазған. Соның бірнешеуін қысқаша баяндап береміз.

Пластмассадан жасалған қабық (Үндістан)

Мәселен, IBTimes басылымында (Үндістан, 2016 жыл) осы тақырыпта материал жарияланды. Онда Құс шаруашылығы саласындағы зерттеу орталығының директоры, доктор Джордж Т. Ооммен  “Әзірге жасанды жұмыртқа жасаудың ешбір әдісі жоғын, олардың Қытай импорттамайтынын” айтқан.

Тап сол мақалада IBTimes Біріккен ұлттар ұйымы апат қаупін төмендету бағдарламасының (UNISDR) директоры Мурали Туммарукудидің өзінің Facebook парақшасында жариялаған мына сөзін келтіреді:

“Қытайдың жасанды жұмыртқалары туралы жаңалықтың тарап жатқанына он жылдан асты. Тағы бір он жылдан соң мұндай хабар Гонконгті, Сингапур, Индонезия, Филиппин мен ақыр аяғы Үндістанды шарлап кетті. Қытайлықтар маида мен химикаттарды пайдаланып жұмыртқа жасайтын үлкен фабрика жайлы қызық-ақ әңгіме.

Айтуларынша, мұны жеген адамдар дертке шалдығып, көз жұмады. Бірақ бұл әңгіме қызығы да сол – ешбір адам аталған елдерде жасанды жұмыртқаны көрген емес”.

2017 жылы бұл хабарды әшкерелеуге Бангалордан шыққан ИТ-мамандар кірісті. “Пластик жұмыртқа немесе Үндістандағы Қытай жұмыртқасы” атты мақалада былай жазылған:

“Кералада (Үндістандағы штат – ред.)  фабрикада жасалған жұмыртқалар туралы әңгімеге ешбір күмәнсіз сеніп қалғандар бар. Қоғамда туған алаңдаушылықтан соң билік азық-түлік сапасын тексеруге мәжбүр болды. Ветеринария мен жануарлар ғылымы университеті жанындағы құс шаруашылығы зерттеу орталығы әлгі жұмыртқаның Намаккалдан (Үндістандағы қала – ред.) келген табиғи өнім екені анықтаған”.

Cондай-ақ мақалада “жұмыртқаны фабрикада қабықша орнына пластмасса қойып жасау мүмкін емес” деп жазылады.

Ертегі (Австралия)

Бретт Кристенсен – 2003 жылдан бері тергеу журналистикасымен айналысып жүрген маман. Материалдарының бірінде ол “жасанды жұмыртқалар” туралы жазады.

“Жасанды жұмыртқалар туралы әңгіме алғаш рет 2004 жылы жазылған мақалада айтылған болуы мүмкін. 2004 жылы желтоқсанның 28-інде “Синьхуа” агенттігінде жарияланған мақалада “Ханьдан тұрғынына көшеде көшпелі саудагер жұмыртқа сатып, кейін ол “жасанды” болып шыққаны” жазылған. Экспертиза нәтижесіне қарағанда, әлгі жұмыртқа кальций карбонатынан, крахмал, сымала, желатин және басқа да химиялық азық-түліктен жасалған. Мақалада табиғи және “жасанды” делінетін жұмыртқаның қатар тұрған суреті бар. Әлгі суретке қарап қайсысы табиғи, қайсысы қолдан жасалғанын анықтау мүмкін емес. Бұған қоса, қанша тырыссам да, мұндай оқиғалардың расымен болғанын айғақтайтын ешбір құжат я есепті таба алмадым”, – деп жазады Бретт Кристенсен.

Оның пайымдауынша, жұмыртқаны қолдан жасау әдісі тым қиын. Оған кететін күш пен ақшаны ескерсек, оны сату табиғи мәйекті сатқаннан түсетін табыстан көп болады деу қиын.

“Шындық болуы екіұдай дүниелер кейде фактіге негізделген боп шығады. Бірақ нақты дәлел шыққанынша мен “жасанды жұмыртқа” жайлы әңгімені ертегі дер едім”, – деп тұжырады Кристенсен.

Мүйізді жылқыға сенумен бірдей (АҚШ)

2007 жылы тұтынушылар құқығы туралы жайлы жазатын Consumerist басылымы “Қытайдың жасанды жұмыртқалары” туралы мақала жариялады. Онда “Токсикология” журналында біз айтқан әлгі мақаланы аударған. Кейіннен материалдың басына “Бұл әңгіме өтірік болуы мүмкін. BoingBoing айтуынша, бұған илану мүйізді жылқыға сенумен бірдей” деген сөйлем қосылды.

Қытай бізді пластик жұмыртқалармен улағалы жатқан жоқ (Франция)

Франциялық Observers сайты жасанды жұмыртқалар туралы түсірілген видеоның жалған екенін айтып, “әшкерелеген”.

“Суретті кері іздеу жүйесіне салып көрсеңіз, 2017 жылы сәуірдің 5-інде жарияланған мақалаға кезігесіз. Материалда мұндай видеоларды әшкерелеп, олардың қайдан тарай бастағаны айтылады”, – деп жазылған мақалада.

Шын мәнінде видеода жабысқақ “ойыншық жұмыртқаның” қалай жасалатыны көрсетіледі.

Суретте белгіленген этикетка түрлі тауарларын қытайлық Taobao мен америкалық Amazon сайттарында сатылымға шығаратын кореялық компанияға тиесілі.

Фактчек | Қытайдың “қолдан жасалған” жұмыртқасы
Сурет һoaxorfakta сайтынан алынды.

Тауық жұмыртқасы тиімдірек (Малайзия)

“Hoax Atau Fakta?” (Аудармасы – “Аңыз әлде ақиқат?” – ред.) сайты осы тақырыпқа көлемді зерттеу жүргізген.

“Бұл әңгіменің шығу тарихы тым күмәнді. Жұмыртқа жырының көп және біраз елге тарап кеткені сонша – адамдар мұны шындық деп қабылдай бастады”.

Басылым жазуынша, “жасанды” жұмыртқаға жұмсалатын қаржыны одан түсетін табыс ақтамайды.

Материал авторлары мынадай тұжырым жасайды: жасанды аталып жүрген жұмыртқалардың не мерзімі өтіп кеткен, не олар сапасыз қорек жеген ауру тауықтардікі. Сондықтан фермерлер оларды төмен бағаға сатады”.

“Қалай болса да, жұмыртқаларды қолдан жасағаннан гөрі тауық өсіріп, табиғи тұқым алған әлдеқайда тиімдірек”.

Бұған қоса, мақалада жасанды жұмыртқалар түсірілген видеоны “фей” деп атайды. Ол екі видеоның – “ойыншық жұмыртқа өндірісі” мен жұмыртқа араластыратын құрылғының жарнамасылық ролигі қосындысынан жасалған.

“Жасанды жұмыртқаға” айғақ жоқ (Германия)

Фейк жаңалықтарды әшкерелеумен айналысатын Mimikama сайты (Австрия/Швейцария/Германия) қолдан жасалған жұмыртқалар туралы мақала жазып, мұның рас екенін де, жалған екенін де дәлелдейтін айғақ таба алмаған.

“Қытайда химикаттардан жасалған жұмыртқалар көбірек табыс үшін табиғи мәйектермен қатар сатылды ма, жоқ па – әлі күнге дейін белгісіз. Қытайдың өз ішінде айтылған ескертулерді есептемегенде, бұл даудың расымен болғанын дәлелдейтін ешбір айғақ жоқ”, — дейді мақала авторлары Свен О. мен Катрин Х.

Factcheck.kz