ФЕЙК | Кувейтте +63 градус, салдарынан көліктер еруде

Кешеден бері бірқатар сайттар “Кувейтте 8 маусым күні +63 градусқа жетіп, машиналар еріп, тіпті бұл көрсеткіш әлемде бірінші рет болды” деп жазып жатыр. Соның ішінде neonomad.kz, lifter.com.ua, vesti-ua.net, avtovod.com.ua сияқты әртүрлі сайттар бар. Factcheck.kz сайты бұл ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Ақпарат жалған және осы оқиғаға қатысы бар деп таралған суреттің шын мәнінде ауа райына еш қатысы жоқ.

Ал енді рет-ретімен талдап көрейік.

Біріншіден, бұл оқиға Кувейттің нақты қай қаласында болғаны белгісіз. Ақпарат таратқан сайттар бір-біріне сілтеген, барлық мәтіндері тіпті суреттері де ұқсас. Ақыры негізгі дереккөздің culturacolectiva.com сайтынан алынғанын таптық. Бұл испан тілінде ақпарат тарататын платформа Кувейттің жергілікті Al-Qabas газетіне сілтеме жасаған. Алайда, газет сайтында шамадан тыс ыстық температура туралы материал байқамадық.

Екіншіден, суреттегі көліктерге назар аударсақ, екеуінің де артындағы шамдары мен бамперлері ерігенін көреміз. Бір қараған адамға күннің ыстықтығынан еріп кеткендей көрінуі ықтимал, бірақ, фотоны Google Image Search-ке салып, іздестіріп көргенімізде Кувейттегі ыстыққа ешқандай қатысы жоқ екендігін анықтадық. Иә, шынымен машинаның артқы шамы еріген, бірақ күннің ыстығынан емес, көлікке жақын жерде болған өрттің салдарынан еріген екен.

Фотодағы оқиға 2018 жылы 19 маусымда АҚШ-тың Тусон қаласында болған. Tucson.com сайтының, жергілікті Tucsonnewsnow.com ақпараттық агенттігінің мәліметінше, Аризона Университеті жанында салынып жатқан The Mark жатақханасында болған өрттің салдарынан нысанға жақын тұрақтағы көліктердің кейбір детальдары осылайша еріп кеткен. Төменнен Кувейтте күннің ыстығынан “еріп кеткен” көліктер мен жатақханада болған өрттің салдарынан еріген көліктерден ұқсастықты байқауға болады.

Үшіншіден, Кувейтте болған +63 градус ыстық бірінші рет болды және әлемдегі тіркелген “ең жоғарғы” көрсеткіш деп келтірген. Егер әлемдегі “ең жоғарғы” көрсеткіш болса, онда ол Гиннестіің Рекордтар кітабына енуі керек еді, алайда, guinnessworldrecords.com сайтында әлемдегі ең жоғарғы температура (56,7 градус) 1913 жылы 10 шілдеде АҚШ-тың Death Valley аймағында тіркелген. 

Сонымен қатар, Кувейтте 8 маусым күнгі ауа-райын да қарап көрдік. Wolframalpha.com сервисінің мәліметінше ешқандай да +63 градусқа жетпегендігін байқаймыз.

ФЕЙК | Кувейтте +63 градус, салдарынан көліктер еруде
wolframalpha.com сайтынан алынды

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz