Алаяқтықтың жаңа түрі: су және электр қуатын есептеуге арналған құрылғы

Коммуналдық компаниялардың атынан қоңырау шалу – алаяқтықтың жаңа әдісі. Алаяқтардың су есептегіштерін «тексеріп жатқанын» биыл тамыз айында желіде жазған-ды. Бір ай өткен соң, қазақстандықтар әлеуметтік желіде өздеріне алаяқтардың қоңырау шалып, «электр энергиясы есептегішін тексеруді» талап етіп жатқандарын хабарлады (1, 2).

Factcheck.kz су және электр қуаты есептегіштеріне қатысты алаяқтықтың мәнін және оның құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіреді.

«Сіздің есептегіштеріңіз тым ескі»

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі қарапайым, бірақ тиімді, себебі олар агрессивті риториканы қолданады. «Егер сізге қоңырау шалып, есептегішті ауыстыру керек десе – демек, оны ауыстыру қажет», — деп хабарлайды дауыстық робот, үй телефонына хабарласып (төменде осындай хабарламаның аудиожазбасын тыңдауға болады).

Кейінірек мобильді телефонға коммуналдық кәсіпорынның «өкілі», мысалы, «Алматы Су», қоңырау шалып, дәл сол ақпаратты қайталап, есептегішті ауыстыру үшін қолайлы күнді белгілеуді ұсынады.

Aqparat Saqshysy telegram-арнасының айтуынша, алаяқтардың әрекеті мынадай жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін деп мәлімдейді: тұтынушы есептегішті өтірік тексергені үшін ақы төлейді; жарамды әрі тексерілген есептегіштер сапасы күмәнді және тым қымбат жаңа есептегіштерге ауыстырылады; алаяқтар қажет емес әрі қымбат қосымша қызметтер мен құрылғыларды (сүзгілерді, крандарды, клапандарды және т.б.) күштеп сатады.

Егер тексеруден немесе ауыстырудан бас тартсаңыз, олар коммуналдық төлемнің қымбаттауымен және заңда қарастырылмаған айыппұлдармен қорқытады.

Factcheck.kz редакциясы алаяқтар атынан әрекет ететін компаниялардың бірі – «Алматы Су» МКК баспасөз қызметіне сұрау жолдады. Коммуналдық кәсіпорынның жауабына сәйкес, «Алматы Су» МКК қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, қоңырау шалмайды, сондай-ақ қандай да бір құрылғыларды, шүмекке арналған саптамаларды, есептегіштерді немесе ауыз суды тазартуға арналған тұрмыстық сүзгілерді ұсынбайды және орнатпайды. Кәсіпорынның тұрғындармен байланыс жасайтын жалғыз өкілі – есептегіш құралдарының көрсеткіштерін тіркеп, хабарландыруларды тарататын бақылаушы.

Тексеруді мерзімінен бұрын жүргізуді талап ету — заңсыз. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің №158 бұйрығына сәйкес, суық және ыстық су есептегіштерін тексерудің аралық мерзімі 5 жыл.

«Алматы Су» МКК есептегіштерді тексеру мерзімі құрылғы паспортына енгізілгенін және әдетте есеп-шоттарда тексеру қажеттілігі туралы алдын ала хабарланатынын айтты. Сонымен қатар, алматылықтар су есептегіштерінің күйін «Алматы Су» МКК немесе «Алсеко» АҚ жеке кабинеттері арқылы, сондай-ақ @AlmatySubot тelegram-көмекшісі арқылы тексере алады.

Есептегіштерді орнату және ауыстырумен айналысатын ұйымдарда мемлекеттік лицензия болуы қажет. Алаяқтардың мұндай лицензиясы жоқ. Мемлекеттік лицензиясы жоқ компания орнатқан есептеу құралдары заңды бұзу деп саналады және айыппұл салынады.

Қуат есептегіштері мен 1414

Қазақстандықтар энергетикалық компаниялар атынан қоңырау шалатын алаяқтардың көбеюіне тап болды. Электр есептегіштеріне қатысты алаяқтық схемасы – азаматтардың жеке деректерін (соның ішінде қаржылық) алуға бағытталған.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сәйкес, алаяқтар қоңырау шалып, электр қуаты есептегіштерін тексеру немесе ауыстыру қажеттігін хабарлайды, содан кейін 1414 нөмірінен келген (мемлекеттік қызметтер бойынша бірыңғай байланыс орталығы) SMS-тегі кодты айтуды сұрайды.

eGov.kz электрондық үкімет порталы Instagram парақшасында қазақстандықтарға мұндай әрекеттер туралы ескерту жасады.

1414 нөмірінен келген кодты үшінші тұлғаларға бермеңіз, әйтпесе алаяқтардың құрбаны болуыңыз мүмкін. Олар осы кодты пайдаланып, сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуі мүмкін, бұл өте қауіпті.

SMS-хабарламалар сенімді болу үшін 1414 сияқты нөмірден келуі мүмкін. Сонымен қатар, алаяқтар зиянды сайттарға немесе файлдарға апаратын сілтеме жіберіп, оны басуды талап етуі мүмкін. Фишиңнің мақсаты – азаматтардың жеке және банк деректерін иемдену.
Осындай алаяқтық жағдайлардың жиілеуіне байланысты, Алматы және Алматы облысында электр қуатын жеткізуге жауапты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ресми сайтында ескерту жариялады:

Алаяқтар сізге қоңырау шалып, өздерін компания қызметкерлері ретінде таныстырып, жаңа пароль мен SMS кодты айтуыңызды сұрауы мүмкін. Олар мәселені тезірек шешу үшін немесе құрылғыңызға қашықтан қосылу үшін қызмет ұсынады. Бірақ қол жеткізгеннен кейін олар сіздің шотыңыздағы барлық ақшаны алып, тіпті сіздің атыңыздан несие рәсімдеуі мүмкін.

Компания қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайтынын, жеке мәліметтерді сұрамайтынын және телефонға келген SMS кодты айтуды талап етпейтінін атап өтті. «Электр қондырғыларын тексеретін мамандар арнайы киім киіп, куәліктерін көрсетуі тиіс. Қондырғылар жылына бір рет жоспарлы түрде тексеріледі», – делінген хабарламада.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz