Непалдағы ұшақ апатына қатысты тараған тікелей эфир видеосы рас па?

2023 жылғы 15 қаңтарда Непалда ұшақ апаты болып, салдарынан ішіндегі барлық адам — 69 жолаушы, төрт экипаж мүшесі қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін желіде Nepal Yeti Airlines ұшағының қаза тапқан жолаушысының “Facebook-тегі тікелей эфирінің үзіндісі” тарады. Ол бейнеден ұшақтың құлаған сәтін көруге болады.

Snopes фактчекерлері тараған видеоның Непалдағы ұшақ апатына шынымен қатысы бар-жоғын тексерді.

Бейнеде бірнеше жігіт ұшақтың қону сәтін видеоға түсіріп, көтеріңкі көңіл-күйде отырады. Алайда күтпеген жерден ұшақ дірілдеп, оның құлаған дыбысы және жолаушылардың айқайы естіледі, кейін экраннан от жалыны көрінеді.

Үнді жолаушыларының отбасыларымен және достарымен байланысқан кейбір тәуелсіз медиа мен фактчекерлер бұл кадрлардың шынайы екенін анықтады. Кадрды мұқият талдау нәтижесі де бейнедегі Покхара қаласына ұшқан Yeti Airlines ұшағының рейсі екенін растады.

Үнді медиасы (мысалы, India Today) кадрларды Непалдағы Аннапурна тау жотасында достарымен бірге парапланмен ұшуды жоспарлаған үш баланың 29 жастағы әкесі Сону Джайсвал түсіргенін хабарлады. Оның досы Вишал Косвал Guardian басылымына кадрлар Джайсвалдың телефонынан түсірілгенін растады, ал бейнедегі басқа ер адамдар Анил Раджбхар, Вишал Шарма және Абхишек Сингх Кушваха болып шықты. Косвал олармен бірге сапарға шығуды жоспарлағанын, бірақ туысы қайтыс болғаннан кейін үйінде қалғанын айтты. Жергілікті полиция да видеодағы ер адамдардың жеке басын растады.

Үндістанның Boom LIVE фактчекиң сайты да видеоға анализ жасаған. Олар видеодағы жолаушылар креслосының артындағы постерде әйгілі непалдық және үнділік киноактерлер бейнеленгенін атап өтті. Сонымен қатар әуеден түсірілген қаланың панорамасынан Покхарадағы футбол стадионы мен крикет алаңын көруге болады. Оған қоса Джайсвалдың Facebook аккаунтында қайғылы трансляция бұрышында көрсетілген профиль суреті бар. Сонымен қатар Nepal Fact Check қаза тапқан шетел жолаушыларының тізімін бөлісті және онда жоғарыда аталған үндістандық азаматтардың есімі бар.

Сону Джайсвалдың ағасы Раджат Джайсвал да үнді медиасына марқұм бауырының апат кезінде Facebook-те тікелей эфирге шыққанын айтты.

Factcheck.kz