Фактчек | Жақсылықов кейінгі 6 жылда ШОК көрсеткіштерінің өсімі туралы

19 сәуірде өткен Үкімет отырысында ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлік туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz вице-министр мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:30

2015-2021 жылдары Қазақстандағы шағын және орта кәсіптің дамуы оң нәтиже көрсетіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 7,9%-ке өсіп, 34,7%-ке жетті.

Тимур Жақсылықов

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2015 жылы Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОК) жалпы қосылған құнының (ЖҚҚ) үлесі — 24,9% болса, ол 2020 жылдың қорытынды мәліметіне сай, 7,9%-ке өсіп, 32,8%-ке жеткен (10,2 трлн теңгеден 23,2 трлн теңгеге). Вице-министр 34,7% деп 2021 жылдың тоғыз айының ШОК-ке қатысты ЖҚҚ мәліметін келтірген (презентациясында да жазылған). Статбюро сайтында ЖҚҚ-ға қатысты 2021 жылғы қорытынды дерек жарияланбағандықтан, әзірге жылдық өсім туралы нақты мәлімдеме жасай алмаймыз.

Өнім шығару 2 есеге жуық ұлғайып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жетті.

Тимур Жақсылықов

Үкім: Техникалық қате

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығарылымы 2015 жылы 15 трлн теңгеден, 2021 жылдың қорытынды дерегінше, 42,8 трлн теңгеге, шамамен үш есе өскен. Ал вице-министр айтқан 29,7 трлн теңге — 2021 жылдың үш кварталының қорытындысы.

Жұмыс істеп тұрған ШОК жалпы саны 15,2%-ке өсіп, 1,4 млн субъектіге жетті.

Тимур Жақсылықов

Үкім: Шындық

Белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2015 жылғы 1 242 579 субъектіден 2021 жылы 15,2%-ке өсіп, 1 431 647 субъектіге жеткен.

ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ке өсіп, 3,5 млн адамға жетті.

Тимур Жақсылықов

Үкім: Техникалық қате

Шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандар саны 2015 жылы 3 183 844 адам болса, 2021 жылдың қорытынды мәліметінше, ол 3 475 204 адамға жеткен. 2015 және 2021 жылды салыстырсақ, жұмыспен қамтылғандар саны 9,1%-ке өскен, вице-министр айтқандай 10,6%-ке емес.

Контекст

Сенаттың қаңтар айындағы жалпы отырысында депутат Еділ Мамытбеков “Өндіріске осындай көзқарастың нәтижесінде бүгінде мықты мемлекеттік кәсіпорындар санының өсу үрдісі жоқ. Тиісінше, индустрияландырудың бірқатар мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қарамастан, қайта өңдеу саласын дамытуда өзгеріс жоқ” деп мәлімдеді. Factcheck.kz депутат тезисін тексеріп көрді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz