Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады

Қарашаның соңында қазақстандық [мында], ресейлік [1, 2] және батыстық [1, 2, 3] медиада Америка әскері Орталық Азия мен Таяу Шығыс тұрғындарына манипуляция жасап, осы аймақтарда АҚШ пен оның одақтастарының мүддесін көтеру үшін фейк аккаунттарды пайдаланып, ақпараттық науқандар ұйымдастырған деген дерек тарады. Дереккөз ретінде Meta компаниясының тоқсандық есебі көрсетілген.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: Пентагонның Орталық Азияда АҚШ мүддесін көтеру ақпараттық науқаны болғаны рас, оны Meta-ның өзі де, тәуелсіз талдаушылар да дәлелдеді.

Манипуляциясы мынада: кейбір медиадағы «Пентагон Қазақстан және Орталық Азия азаматтарына манипуляция жасады» немесе «Қазақстан азаматтарына психологиялық қару қолданды» деген сынды ақпараттар асыра сілтенген. Фейк аккаунттарға екі жыл ішінде айтарлықтай қызығушылық болмаған, органикалық тұрғыдан өспеген (парақшаларды шынайы көрсету үшін жазылушыларды жасанды жолмен жинаған). Сол себепті жасанды парақшалар тұрғындарға ең төменгі, тіпті нөлдік дәрежеде әсер етті деуге болады.

Төменде сізді науқан тарихымен және сарапшылардың қорытындысымен таныстырамыз. 

Есеп пен резонанс

Meta мен Twitter компаниялары тамыздың соңында-ақ бірқатар фейк аккаунттар ақпараттық саясатты бұзғаны үшін, спам және «ұйымдасқан жалған әрекеттері» үшін жойылғанын мәлімдеді. Вашингтонның қатысы бар екені нақты көрсетілмегенімен, Twitter жойылған аккаунттардың «пайда болуы мүмкін елдері» ретінде Штаттар мен Ұлыбританияны белгіледі, ал Meta нақты қорытынды жасап «Пайда болған ел – АҚШ» деген тұжырымға келді.

Бұған дейін Graphika аналитикалық компаниясы мен Стэнфорд университетінің Stanford Internet Observatory Интернетті зерттеу бөлімшесі бірнеше жылдан бері Facebook, Instagram, Twitter мен басқа да әлеуметтік желілерде жұмыс істеп келе жатқан жалған жеке және медиа аккаунттар желісін тексергені туралы есеп жариялады. Онда Twitter-де жойылған 146 аккаунттың бір бөлігі Пантагонның пропагандаға қарсы ашық бағдарламасы (Trans-Regional Web Initiative) аясында ашылғаны айтылған. Талдаушылар зерттеген аккаунттардың екінші бір бөлігі жасырын ақпараттық науқан элементі болды. Бірақ оны жасаушыларды ашық дереккөздер арқылы анықтай алмаған. Дегенмен құжаттан байқағанымыздай, фейк аккаунттар АҚШ елшілігінің баспасөз релиздерін, Америка үкіметі мен Қорғаныс министрлігі қаржыландыратын сайт пен медиа жаңалықтарын жиі пайдаланған. Оған қоса жазылушылар саны ең көп екі туиттер-парақша өзінің АҚШ Қарулы күштерімен байланысы бар екенін ашық мәлімдеген.

Graphika мен SIO есебінен кейін АҚШ Қорғаныс министрлігі сынның астында қалды, оларды сынағандар қатарында Ақ үй өкілдері де бар. Олар Ресей мен Қытай секілді ақпараттық соғыс құралдарын қолданғаны үшін «АҚШ беделіне нұқсан келеді» деп уайымдап, «шетелдегі онлайн-аудиторияға манипуляция жасауға тырысты» деп сынады. Оның ішінде талдаушылар дипфейк жасау, фейк парақшалардың аватарына біреудің суреттерін өңдеп қою, «тәуелсіз БАҚ» парақшаларын ашу, мемдер мен видеоларды тарату, сондай-ақ онлайн-петицияны іске қосу сынды манипуляция тәсілдерін анықтаған. Washington Post-қа пікір берушілердің бірінің айтуынша, мұндай әрекеттер Штаттар декларациялаған құндылықтарға қайшы келеді, АҚШ-ты қарсыласының алдындағы рухани артықшылығынан айырады және әлем алдында мемлекеттің беделін түсіреді. Ақпараттық науқанға қатысын ресми мойындамаған Пентагон дау-дамайға байланысты жасырын ақпараттық әскери операция жасауға жауапты бөлімдерді тексеру ұйымдастырды. Дегенмен 22 қарашада Meta-ның тоқсандық есебі шығып, онда фейк аккаунттар «АҚШ Қарулы күштеріне қатысы бар тұлғалармен байланысты» екені расталды. Бір айдан кейін, 21 желтоқсанда америкалық The Intercept басылымы Twitter мен Пентагонның серіктестігі туралы тергеу нәтижесін жариялады.

Компания архивінен журналистер тапқан мәліметке сай, Twitter өкілдері Пентагонмен байланысқан парақшаларды өшірмегені былай тұрсын, оларға платформаның ішкі шектеулерін айналып өтуге көмектескен. Компания архивін жаңа бас директор Илон Маск ұсынған. Тергеушілер дәлел ретінде Twitter өкілдерінің АҚШ ӘК Орталық қолбасшылығының қызметкері Натаниэль Кэлермен ішкі хат алмасу скриншоттарын келтірген. Онда Кэлер «ақ тізімге» 52 араб тілді аккаунтты қосуды және верификациялауды сұраған. Журналистердің пікірінше, бұл аккаунттардың мақсаты – Йемен, Сирия, Кувейт, Ирак пен басқа елдерде қоғамдық пікір қалыптастыру. Мәселен, бұл аккаунттардың біреуі Йемен аумағына дрондар шабуыл жасағанын жазып, «нақты соққылар» қарапайым тұрғындарды емес, терроршыларды жойғанына басымдық берген. Ақпарат бойынша, Twitter мен Пентагонның серіктестігі кем дегенде кейінгі 5 жыл бойы жалғасып келеді.

Сәтсіз манипуляция

Graphika мен SIO есебіне сәйкес, Орталық Азия бойынша ақпараттық науқан бөлімінде Twitter-де 12 парақша, Facebook-та 10 паблик пен 15 жеке парақша және Instagram-да 10 аккаунт жұмыс істеген. Сондай-ақ талдаушылар басқа әлеуметтік желілерде — Telegram, YouTube пен ресейлік ВКонтакте және Одноклассникиде осыған ұқсас белсенділікті байқаған. АҚШ мүддесі мен Америка әскерінің жағымды имиджін насихаттауға арналған науқанға мемдер, вирустық бейнелер тарату, Штаттарға қарайтын бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңалықтар жариялау, хэштег науқандары және жалған медиа-аккаунттардан репост жасау кірді.

Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
Graphika және SIO есебінің 16-бетіндегі 13-сурет
АҚШ-тың Тәжікстандағы Елшілігінің пресс-релизін пайдалану мен қайта өңдеу мысалы: аударма, мұқабаны безендіру және жалған бұқаралық ақпарат құралдарында (көп өзгертпей) жариялау.

Контент Орталық Азия елдерінің орыс тілді аудиториясына бағытталды және АҚШ-тың ОА елдеріне дипломатиялық және гуманитарлық көмегінің маңызы, Ресейді сынау (әсіресе оның сыртқы саясатын), Украинадағы соғыс, Қытайдың «империялық» саясатына және Бейжіңнің мұсылман азшылықтарына қарсы іс-қимылына, сондай-ақ ОА елдері арасындағы ынтымақтастыққа арналды.

  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады
  • Фактчек | Пентагон Орталық Азия тұрғындарына манипуляция жасады

Ақпараттар негізінен орыс тілінде жарияланған, арасында қазақ және қырғыз тілдеріндегі туиттер болған.

Жалған жеке парақшалар жалған БАҚ-ты таныстырып, олар жазатын пропаганданы тарату үшін пайдаланылған. Дегенмен аудиторияның қызығушылығы төмен болған — аккаунттардың жұмыс істеп тұрған кезінде (барлығы 2020 жылдың маусымы мен 2022 жылдың наурызы аралығында ашылған) 10 пост қана 1000-нан аса реакция жинаған, екі ролик қана Фейсбукта кең тарады және оның біреуі ғана саяси тақырыпта еді. Жариялымдардың көбінде лүпіл саны 10-нан әзер асқанда, жазылушылар жасанды түрде жиналып, сатып алынып отырған.

Контекст

Meta-ның тоқсандық есебінде Америка әскерінің ақпараттық науқанынан бөлек, Қытай мен Ресейдің ақпараттық науқаны туралы да айтылған. Meta Қытайда пайда болып, негізінен АҚШ, Чехияға және одан кейін ғана қытай, француз тілділерге арналған жүзге жуық аккаунт пен парақшаны жойғанын хабарлады. Сондай-ақ Ресейде пайда болып, Германия, Франция, Италия, Украина және Ұлыбритания сынды Еуропа елдеріне бағытталған екі мыңнан аса парақшалар желісі өшірілді. Meta мәліметі бойынша, Ресей операциясы Еуропадағы жаңалықтар ұйымы ретінде ашылып, Украинаны және батыстық санкцияларды сынаған мақалалар жариялап отырған ауқымды веб-сайттар желісі айналасында болды. Видео, мақала мен мемдерден тұратын контент танымал әлеуметтік желілердің бәрінде, петицияға арналған Change.org және Avaaz.org сайттарында, сондай-ақ LiveJournal блог-платформасында жарияланған.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz