Фактчек | Қазақстандық әртістер Канн фестивалінде марапат алды

Ауық-ауық қазақстандық медиада шетелдегі түрлі кинофестивальдарда жеңіске жеткен отандастарымыз туралы жаңалық шығып тұрады. Бірақ, өкінішке орай, кейде мұндай жаңалықтарда шын мәнінде қандай байқау не марапат екені дұрыс жеткізілмейді. Анық емес, тіпті кейде кликбейт тақырып қойылып, мазмұны манипуляцияға жақын болуы мүмкін.  

Осыған байланысты Factcheck.kz редакциясы осындай бірнеше кейсті талдап көрді. Бұл материал ақпаратты толық түсіндірмеу, контекстің болмауы және тек көпірме тақырыптар аудиторияны қалай шатастырып жіберуі мүмкін екеніне дәлел болады.

Дисклеймер: біз отандастарымыздың жетістігін жоққа шығармаймыз. Бұл материалдың мақсаты – БАҚ беттерінде жарияланатын ақпараттарды сынай отырып, талдау жасау.

Қанша Канн кинофестивалі бар?

2022 жылдың 22 шілдесінде қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров өзінің Instagram-парақшасында пост жариялап, Канн қаласында өткен кинофестивальдардың бірінде «Күнбағыс» («Подсолнух») фильміндегі рөлі үшін «Best asian actor» аталымында жеңіске жеткенін сүйіншілей келе, құттықтау қабылдайтынын жеткізді.

Содан кейін БАҚ-та бірден «Қазақстандық актер Канн кинофестивалі номинацияларының бірінде жеңіске жетті» деген тақырыппен ақпарат тарады. Сондай-ақ хабарламаларда Эльмира Гильман режиссері болған «Күнбағыс» фильмінің өзі де «Best drama film» аталымында жеңіске жетті деп жазылған.

Үкім: Манипуляция

Канн кинофестивалінің ресми сайтындағы номинанттар тізімінде «Күнбағыс» фильмі мен Еркебұлан Дайыров жоқ. Сонымен қатар, фестиваль бағдарламасында да «Вest asian actor» деген аталым жоқ.

Мәселе мынада: «Канн кинофестивалі» деген тіркес көпшілік үшін үздік фильм «Алтын пальма бұтағын» алатын байқауды сипаттайтын тіркес болып кеткен. Алайда Францияның оңтүстік-шығысындағы Канн қаласында бірнеше кинофестиваль өтеді және техникалық тұрғыда олардың бәрі Канндағы кинофестиваль болып саналады. Бұл жағдайда да осындай шатасу бар. Медиа нақты қай кинофестиваль екенін жазбағандықтан, ақпарат бұрмаланып кеткен.

«Күнбағыс» фильмі «Best drama film» аталымына ие болған фестиваль алғаш 2020 жылы ұйымдастырылған, ал өзі Cannes World Film Festival деп аталады. «Күнбағыс» 2021 жылдың мамырында жеңіске жетті. Одан бөлек, актер Рашид Мусин дәл осы фестивальда «Best young actor in feature film» аталымында жүлдегер атанды.

Дайыровқа келсек, ол Канн қаласында 2021 жылы пайда болған (сайттағы марапаттар тарихына үңілсек) Cannes Film Awards фестивалінде жеңіске жеткен.

Шекер, Жанар Айжанова және “азиялық Канн”

2021 жылдың қыркүйегінде түрлі медиада (1, 2, 3) «Sheker» сериалы «азиялық Каннда» жеңіске жеткені туралы ақпарат тарады. Ол кезде әңгіме Asia Contents Awards туралы еді, онда қазақстандықтар «Best short-form/Web drama» аталымында марапат алған.

«Шекер» веб-сериалы әлемдік кинонарықтағы Asian Contents & Film Market (ACFM) фестивалімен 2019 жылдан бері бірге ұйымдастырылып келе жатқан ASIA CONTENTS AWARDS (ACA) байқауында номинацияға ие болды.

БАҚ-тағы ақпарат

Қазақстандық сериал «азиялық Канн» премиясында марапат алды.

БАҚ-тағы ақпарат

Үкім: Шындыққа жақын

Asia Contents Awards шынында 2019 жылдан бері ACFM-мен қатар өткізіледі. Екеуі де беделді Busan International Film Festival-дің (қаз – Пусандағы Халықаралық кинофестиваль) еншісіндегі фестиваль. «Sheker» веб-сериалы ACA-де айтылған номинацияда жеңіске жеткені рас, бірақ «азиялық Канн» атағы ACA немесе ACFM-ге емес, Пусандағы кинофестивальге тиесілі.

Биыл Пусан кинофестиваліне қатысты тағы бір қызық оқиға болды. БАҚ-та қазақстандық актриса Жанар Айжанова «Азиядағы ең беделді киномарапаттың» номинанты атанды деген ақпарат тарады. Медиада «XXVII Пусан халықаралық кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымындағы үміткерлердің бестігіне енді» деп хабарланды.

Фактчек | Қазақстандық әртістер Канн фестивалінде марапат алды
Instagram-дағы The Steppe скриншоты

Үкім: Манипуляция

Жанар Айжанова Asia Contents Awards фестиваліндегі (биыл төртінші рет ұйымдастырылды) үздік әйел рөліне ұсынылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол Пусандағы Халықаралық кинофестивальдің еншісінде.

Канн халықаралық кинофестивалінде шын мәнінде кім жеңді?

2018 жылы қазақстандық актриса Самал Еслямова 71 Канн кинофестивалінде “Айка” фильмі үшін “Үздік әйел рөлі” номинациясын жеңіп алып, посткеңестік елдер арасында осындай марапатқа ие болған тұңғыш актриса атанды.

Әдебиет туралы да айта кетсек: Кафка атындағы марапат

2011 жылы БАҚ-та Франц Кафка атындағы өте беделді төсбелгіні иеленген қазақстандық бірнеше жазушы туралы ақпарат тарай бастады. Жеңімпаздар қатарында прозаик және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Тарази, жазушы Асқар Алтай мен драматург Роза Мұқанова бар. Мұқанова ханым тіпті бұл туралы өзінің жеке сайтында жазып қойған. Жариялымдарда оларға марапатты әлдебір «Еуропа қауымдастығы» тағайындады деп жазылған.

Үкім: Шындық

Қазақстандықтар шынында Франц Кафка атындағы төсбелгіні алған.

Бұл туралы айтып отырған себебіміз интернет пен медиа оқырмандары (тіпті informburo сайтының өзі де) әдетте Франц Кафка атындағы медальді беделі одан да жоғары Франц Кафка атындағы сыйлықпен шатастырады. Кафка атындағы сыйлық 2001 жылдан бері 21 адамға ғана  бұйырған. Мәселен, олардың қатарында танымал жапон жазушысы Харуки Мураками мен америкалық публицист Филлип Рот бар. Лауреат сыйлыққа 10 мың АҚШ долларын, диплом және қола мүсіншені алады.

Франц Кафканың алтын төсбелгісіне келсек (марапаттың толық атауы – ред.), желідегі ақпаратқа сай, мұны ұйымдастырушы — «Еуропалық өнер одағы» мен «Франц Кафка тобы» қауымдастығы». Ол туралы ақпарат аз. Түсінгенімізше, оны тек жазушыларға ғана емес, мүсінші, режиссер, суретші, балерина мен басқа да өнер қайраткерлеріне береді.

Құрылтайшылары туралы ақпарат тіптен аз. Google-дан орыс тілінде кілт сөз бойынша іздесек, үш бет қана нәтиже шықты, олардың барлығы Франц Кафка төсбелгісіне байланысы бар адамдар. Ағылшын тілінде іздеп көріп, «Еуропалық өнер одағының» сайтын таптық. Ол Чехияда тіркелген, бірақ ұйым марапаттарының тізімінде «Франц Кафка алтын төсбелгісі» жоқ, бірақ 2016 жылдан бері табысталатын «Лев Толстой алтын төсбелгісі» бар екенін байқадық. «Франц Кафка тобы» қауымдастығы» туралы ақпарат екі тілде де аз. Чех тілінде іздеп көріп, сайт таптық, онда «бұл қауымдастық жойылған» деп жазылған (жойылған уақыты: 2022 жылдың 18 қарашасы). Ашық дереккөздер бойынша бұл ақпаратты растап не жоққа шығара алмадық.

Factcheck.kz