Фактчек | Қазақстан ЕЭО-да болғаннан ұтылып жатыр ма?

29 қыркүйекте өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) сынға алып, одақ құрамындағы елдерді бірін-бірі серіктес емес, бақталас көреді деп айыптады. Одан бөлек, депутат мәлімдеме барысында бірнеше дерек келтрді. Factcheck.kz оның сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутат сөзінен үзінді (тайм-код: 24:36)

Мәлімдеме: Еуразиялық экономикалық елдері бір-бірін серіктес деп қабылдамай, бәсекелес, бақталас ретінде қабылдау қазір көбірек аян беріп жүр. Сондықтан да, мына Еуразиялық экономикалық елдері арасындағы сауда-саттық айналымы қазір тең емес. Мысалы, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ аясында келетін сауда айналымының 94%-ы Ресейге тиеcілі. Қалғаны басқа одақ елдерінің үлесінде.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2021 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен Қазақстанның тауар айналымы 26 586 658 мың доллар болған, оның 24 624 280 мың доллары (92%-і) Ресейге тиесілі. Кейінгі 5 жылдағы тенденция да осыған ұқсас.

Мәлімдеме: Соңғы бес жыл ішінде біздің импорттарымыз экспорттан екі есе көп. Арадағы айырмашылық 44 млрд долларды қамтиды.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, ЕЭО елдерімен кейінгі 5 жылдағы экспортымыз 31 201 млн доллар, ал импортымыз 75 394 млн доллар. Бұл аралықта сауданың теріс сальдосы расымен 44 192 млн долларға жеткен (кейінгі 5 жылда тоқтаусыз өскен).

Депутат сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрі де одаққа қатысты дерек келтірген.

Мәлімдеме: Тауар айналымын қарасақ, Қазақстанның бүкіл Еуразиялық одақ мемлекеттерімен тауар айналымы өсіп жатыр. Биыл алты айдың ішінде 12,6 млрд доллар болды. Өсімі 4,8%. Әрине импорт та өсіп жатыр.

Серік Жұманғарин

Үкім: Шындық

Расымен, 2022 жылдың 6 айында ЕЭО елдерімен тауар айналымы 12 571 млн долларға жеткен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, өсім — 5%. Бұл тұста импорттың 7%-ке артып, экспорт өспегенін ескеру қажет. 6 айдағы ЕЭО аясындағы бүкіл саудамыздың 92,6%-і Ресейге тиесілі.

Контекст

  • Сыртқы сауда айналымының теріс сальдосы — импорттың экспорттан көп болуы (аз сатып, көп сатып алу). Сауда айналымының теріс сальдосы экономикасы шикізат экспортына тәуелді ел үшін қолайсыз. Әдетте, мемлекеттің бұл түрі (мысалы, Қазақстан) тұтыну тауарының көбін импорттайды. Нәтижесінде оның отандық кәсіпорындары қосылған құн өнімдерін өндіргенде қиындыққа тап болады. Оның экономикасы құбылмалы әлемдік шикізат бағасына көбірек тәуелді келеді.
  • ЕЭО елдері ішінде Қазақстанға көп тауарды Ресей сатады. 2021 жылы одақ елдерінің Қазақстанға бүкіл импортының 93,9%-і Ресейге тиесілі болған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz