Фактчек | Қуантыров Қазақстанның экономикалық көрсеткіші туралы

11 қаңтарда үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның экономикалық көрсеткішіне қатысты бірнеше дерек келтірді. Министрдің сөзінше, еліміздің сыртқы тауар айналымы және экономикалық көрсеткіші өскен.

Factcheck.kz Қуантыров мәлімдемесі қаншалықты рас екенін тексерді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасы 3,1% деңгейінде тұрақты өсімге қол жеткізілді.

Әлібек Қуантыров

Үкім: Дәлелденбеген

Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі жалпы ішкі өнімнің бір жылдық көрсеткіші кемінде ақпанның ортасынан соң жариялатынын хабарлады. Алайда бюроның 2022 жылдың алғашқы 9 айының көрсеткішіне сәйкес, Қазақстанда жалпы ішкім өнім (ЖІӨ) 3%-ке өскені туралы дерек бар. ЖІӨ-нің өсуіне ең көп Алматы (0,90 %), Астана қаласы (0,37 %) және Ақмола облысы (0,26 %) үлес қосқан.

Ескерту: Біз бұған дейінгі осыған ұқсас материалдарымызда сарапшы, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбеттен ЖІӨ арқылы экономикалық деңгейімізді өлшеу қаншалықты орынды екенін сұрадық. Оның айтуынша, экономикалық даму деңгейін ЖІӨ-мен есептеу жағдайды толық көрсетпейді. Алайда ең қолжетімдісі осы.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,8%-ті құрады. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4%-ға, ауыл шаруашылығында – 6,9%-ға, көлік және қоймалауда – 5,5%-ке (өсті-ред.)

Әлібек Қуантыров

Үкім: Шындық

Расымен Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ке өскен. Бұған қоса, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар Қуантыров айтқандай 15,4%-ке емес, 15,2%-ке, ал ауыл, орман және балық шаруашылығы 6,9% емес, 6,7%-ке өскен. Сонымен қатар, көлік және қоймалау бойынша, 5,5% емес 5,4%-ке артты.

Сондай-ақ, өнеркәсіпте 5,6%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 14,2%-ға ұлғайды.

Әлібек Қуантыров

Үкім: Шындық

Статистика бюросының дерегінше, өнеркәсіп бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,6%-ке емес, 5,9%-ке, ал тау-кен өндіру өнеркәсібі 14,6%-ке өсті.

2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ға өсіп, $122,2 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ға өсіп, $77,6 млрд-қа жетті.

Әлібек Қуантыров

Үкім: Шындық

Расымен Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 қаңтар-қараша аралығында сыртқы тауар айналымы 122, 1 млрд долларға жеткен. Оның ішінде экспорт көрсеткіші 77,6 млрд доллар болған. Процентпен есептегенде тауар айналымы расымен 33,4%-ке, ал экспорт 42,4%-ке өскен.

Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8%-ға ұлғайып, $24,1 млрд-ты құрады.

Әлібек Қуантыров

Үкім: Дәлелденбеген

Cтатистика бюросының баспасөз қызметі, өңделген тауар экспорты туралы жалпы статистикасы тек жылдың бюллетеньде жарияланатынын және жалпы емес, әр ел бойынша жеке көрсетілетінін хабарлады. Алайда желтоқсанда QazTrade (сауда саясатын дамыту орталығы) жариялаған дерекке сай, өңделген тауар экспорты 2021 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 34,9%-ке өскен. Қараша немесе жылдық көрсеткіш әлі жарияланбаған.

Тауарлар импорты $44,6 млрд-қа тең. Жалпы, оң сауда балансы $33,1 млрд-ты құрады

Әлібек Қуантыров.

Үкім: Шындық

Расымен 2022 жылы қаңтар-қарашада тауар импорты 44,5 млрд доллар (2021 жылы осы аралықта 37 млрд доллар), ал сауда балансы 33 млрд доллар (2021 жылы қаңтар-қарашада 17,4 млрд) болған.

Контекст

  • Factcheck.kz бұған дейін депутат Мұрат Бақтиярұлының Қазақстандағы көлеңкелі экономикаға қатысты деректерін тексерді.
  • Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Литваның Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергиспен кездесу барысында екі ел арасындағы сауда айналымы туралы дерек келтірді. Тілеуберді рас сөйледі ме, тексердік.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz