Египетте 37 миллион жылдық киттің қаңқасы табылғаны шын ба?

Жақында Reddit қолданушысы алып омыртқа бейнеленген сурет жариялады. Онда «Египеттің ыстық төбелерінен табылған кит қаңқасы» деп жазылған.

Snopes-тің хабарлауынша, бұл – расымен де Египеттің батысындағы Вади әл-Хитан деген жерде табылған 37 миллион жылдық киттің қаңқасы. Арабшадан бұл жер «Киттер алқабы» деп аударылады.

Google және TinEye іздеу жүйелері фотоны Associated Press фотографы Томас Хартвелл түсіргенін көрсетті. AP жаңалықтар бөлімінің ақпаратынша, ол бұл суретті 2016 жылғы қаңтарда Вади әл-Хитанға сапары кезінде түсірген. Phys.org, Daily Mail сынды басылымдар суретті өз репортажында пайдаланған.

Египетте 37 миллион жылдық киттің қаңқасы табылғаны шын ба?
Associated Press суреті

Каирден оңтүстік-батысқа қарай 90 миль (144 км) жерде орналасқан Вади әл-Хитан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Ол шамамен 38-36 миллион жыл бұрын, яғни Египеттің біраз бөлігі теңіз астында болған кезге тиесілі қазбалардың көптігімен танымал. Бұл жерден «көне киттер мен басқа омыртқалылардың 400-ден астам қаңқасы» табылған.

Snopes фотоны Google Maps, Tripadvisor, Flickr сайттарында жарияланған кескіндермен салыстырды. Хартвеллдің фотосындағыдай «S» тәрізді омыртқа бағанасын саяхатшылар әртүрлі ракурстан түсірген. Кейбірінде «базилозавр китінің қаңқасы» деп жазылған.

Палеонтолог Филипп Гингерих Лондон геологиялық қоғамының мақаласында базилозаврдың Вади әл-Хитандағы көне екі киттің бірі екенін айтқан. Ол сүйектердің дәл осы кит түріне тиесілі екенін растады. Мичиган университетінің палеонтология мұражайының зерттеуіне сәйкес, базилозаврдың тасқа айналған қаңқаларының ұзындығы орта есеппен 15-18 метр (шамамен 50-60 фут) болады.

Басты беттегі сурет Associated Press басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz