Аустралия мен Қазақстанның астық ауданын салыстырған Күрішбаев деректері рас па?

10 қыркүйекте Сенаттың бірнеше депутаты қол қойған сауалды Ақылбек Күрішбаев ҚР Премьер министріне жолдады. Оның сөзінше, Аустралияның астық егетін өңірлерінде ауа райы Солтүстік Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда қатал, бірақ технологиялар мен қазіргі заманғы сорттардың арқасында олардың өнім алуы бізден 2 есе жоғары. Factcheck.kz депутаттар келтірген деректер қаншалықты рас екенін анықтады.

Климаттың жаһандық жылыну себебінен Қазақстан аумағында ауа температурасы соңғы жүз жылда 2ºС-қа көтерілді. Ал соңғы 40 жылда ол өте жылдам қарқынмен өзгеріп келеді. Әрбір 10 жыл сайын орта есеппен 0,34º ұлғайды.

Сенат депутаттары

Үкім: Үкім жоқ және шындық

Біз ашық деректерден Қазақстанның соңғы 100 жылдағы ауа температурасы туралы деректі таппадық. Сондықтан бұл мәлімдемені үкімсіз қалдыруға мәжбүрміз.

Бірақ соңғы 50 жылдағы ауа температурасы жайлы деректі анықтап, депутаттың рас сөйлегенін көреміз.

Депутаттар жаһандық жылыну мәселесіне бекер алаңдамаған. Расымен метеорологтардың хабарлауынша, 2020 жылы тарихтағы ең ыстық 3 кезеңнің бірі болған. Яғни, Жерде ауа температурасы 1850-1900 жылдармен салыстырғанда 1,2 °С-қа көтерілген. Бұған қоса, биыл шілдеде Қазақстан тарихындағы ең ыстық кезең болған. 7 шілдеде Қызылорда метеорологиялық станциясында (Қызылорда облысы) ауаның ең жоғары температурасы + 46,5 ° C тіркелген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 1976-2019 аралығында расымен ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,31 ºС-қа артуда. Ал жыл мезгілі бойынша есептесек, яғни, көктемде өсу арқыны жоғары — 0,60 ºС (әр 10 жыл сайын). Ал өсу қарқыны тек қыста төмендеп отырған — 0,11 ºС ( әр 10 жыл сайын). Сонымен қатар, қазгидраметтің жазуынша, қысты қоспағанда басқа жыл мезгілдерінде өсу қарқыны жоғарылап жатыр.

Аустралияның астық егетін өңірлерінде ауа райы Солтүстік Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда қатал, бірақ технологиялар мен қазіргі заманғы сорттардың арқасында олардың өнім алуы бізден 2 есе жоғары.

Cенат депутаты

Үкім: Техникалық қате және Шындық

Несі қате: Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы дерегі бойынша, биыл 14,1 млн гектар егіс алқабынан 13 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Ал Аустралияның статистика бюросының соңғы дерегінше, 21 млн ​​гектар егіс алқабынан 61 млн тонна жиналған. Егер біз аудандарды пропорционалды түрде есептесек, Қазақстан көрсеткіші 2 есе емес, 3 есеге жетеғабыл төмен.

Неліктен шындық: Сонымен бірге, депутаттың Аустралиядағы климаттық жағдай туралы дерегі рас. Copernicus (Еуроодақтың Жердегі ауа райының өзгеруін бақылау үшін құрылған ұйым) дерегінше, 2020 жылы Аустралияда ауа-райының күрт ысып кетуіне байланысты орман өрті бойынша антирекорд көрсеткен. Сонымен қатар, 2018 жылы Аустралияның шығыс бөлігінде тарихтағы ең ірі құрғақшылық болған. Жаңа Оңтүстік Уэльстің 98% және көршілес орналасқан Квинслендтің үштен екі бөлігі құрғақшылықтан зардап шеккен. Сол уақытта үкімет тарапынан құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмек ретінде шамамен 738 млн АҚШ доллары (1 млрд Аустралия доллары) бөлінген. Жалпы алғанда Аустралия Қазақстан секілді жаңбыр аз жауатын құрғақ аймақ.

Контекст

  • Аустралияның ауыл шарушылығына жауапты мемлекеттік департаменттің ресми дерегі бойынша, елде Оңтүстік жаңа Уэльс, Квинсленд, Оңтүстік Аустралия, Виктория және Батыс Аустралия штатынан дақылдар жиналады.
  • Аустралияның статистика бюросының дерегінше, кейбір штатта құрғақшылыққа байланысты және Батыс Аустралиядағы ауа-райының қолайсыз салдарынан 2019-2020 жылдары дәнді дақылдар мен басқа да дақылдарды өндіруге кері әсерін тигізген. Басқа жерлерде құрғақшылық болған кезде Виктория штатында жағдай қолайлы болып, өндірістің оң нәтиже көрсетуіне септігін тигізді.
  • Аустралияның экономика, ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар бюросының дерегінше, 2020/21 жылғы маусымда тек бидай өндірісі 31,17 млн тоннаны құраған. Ал еліміздегі жағдай — 10,4 млн тонна.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz