29 желтоқсанда Грузия астанасында бір уақытта өзара қарама-қайшы оқиға өтіп, елдегі саяси бөліністің терең екені байқалды.
Парламент ғимаратында биліктегі «Грузия арманы» партиясы тағайындаған Михаил Кавелашвилидің инаугурациясы өтті. Алайда оның легитимдігін оппозиция мен азаматтық қоғамның басым бөлігі мойындамай отыр.
Сол уақытта, сағат 11-де, президент резиденциясында Саломе Зурабишвили сөз сөйледі. Оның президенттік өкілеттігі 29 желтоқсанда аяқталған-ды. Бірақ ол бірнеше рет елде жаңа, әділ парламент сайлауы өткізілгенге дейін президент қызметін жалғастыратынын және резиденциядан кетпейтінін мәлімдеген.
Оппозиция, тұрақты наразылық шерулеріне қатысқан жүздеген мың адам және көптеген батыс лидерлері Зурабишвилиді қазіргі уақытта Грузиядағы жалғыз заңды билік деп санайды.
JAMnews екі оқиғаның қалай өткенін баяндады. Factcheck.kz әріптестерінің материалын ықшамдап ұсынады.
Зурабишвилидің үндеуі қалай өтті
Премьер-министр Ираклий Кобахидзе Саломе Зурабишвилиге егер ол президент әкімшілігі ғимаратынан шықпаса, «өзіңізді түрмеден табуыңыз мүмкін» деп қоқан-лоқы көрсетті.
29 желтоқсан күні таңертең Орбелиани сарайының жанында, президент әкімшілігі ғимараты орналасқан жерде, мыңдаған адам жиналды. Олар алдында сөз сөйлеген Зурабишвили резиденциядан шығатынын, бірақ елдегі жалғыз заңды президент ретінде халықпен бірге қалып, жаңа парламенттік сайлау өткізу мен билікті заңды жолмен ауыстыру үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.
![Грузияның қос шындығы: Кавелашвилидің инаугурациясы мен Зурабишвилидің үндеуі](https://i0.wp.com/factcheck.kz/wp-content/uploads/2025/01/photo_2024-12-29-13.26.58-1024x576-1.jpeg?resize=700%2C394&quality=89&ssl=1)
«Мен легитимділік дегеннің не екенін түсінуді ұсынамын. Ол тек бір ғана дереккөзден – халықтан шығуы мүмкін. Халықтың сенімі болмаса, легитимділік те болмайды», – деді Саломе Зурабишвили.
Сонымен қатар, ол жиналғандарға күресті жалғастыру жоспарын таныстырып, екі негізгі талапты қайта атап өтті: наразылық шеруіне қатысушыларды босату және жаңа парламент сайлауын өткізу.
«Жаңа парламенттік сайлаудың қалай және қандай шартпен өтуі керектігі туралы құжат дайындалуға тиіс. Мен бұл процесте белсенді қатысатындармен бірге егжей-тегжейлі жоспарды әзірлеу үшін жұмыс істеймін. Өте жақын арада, бірнеше күн ішінде, біз сіздерге нақты құжатты ұсынамыз», – деді Зурабишвили.
Ол ұзақ уақыт бойы жалғасып жатқан көпшілікті қамтыған наразылық шеру кезінде белсенділік танытқан азаматтарды осы процеске қатысуға шақырды.
![Грузияның қос шындығы: Кавелашвилидің инаугурациясы мен Зурабишвилидің үндеуі](https://i0.wp.com/factcheck.kz/wp-content/uploads/2025/01/photo_2024-12-29-13.27.42-1024x576-1.jpeg?resize=700%2C394&quality=89&ssl=1)
Зурабишвили әртүрлі әлеуметтік топпен — кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, жаңа саяси күштермен және аймақ тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырғанын, сондай-ақ шетелге шығып, әлем көшбасшылармен кездесуді көздейтінін хабарлады.
Ол еркін бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын және журналистерді қорғау қажеттігін ерекше атап өтті.
Кавелашвилидің инаугурациясы қалай өтті?
Дәл осы уақытта президент резиденциясының жанында Саломе Зурабишвили жиналғандарға үндеу жасап жатқанда, Михаил Кавелашвили парламент ғимаратында «Грузия арманы» партиясының депутаттары мен үкімет мүшелерінің алдында ант қабылдады.
Кавелашвили 14 желтоқсанда билеуші партия мүшелері мен оған адал жергілікті басқару органдары өкілдерінен тұратын сайлау алқасымен президент болып сайланды. Оның кандидатурасын «Грузия арманы» партиясының құрметті төрағасы, елдің бейресми билеушісі деп саналатын олигарх Бидзина Иванишвили ұсынған.
![Грузияның қос шындығы: Кавелашвилидің инаугурациясы мен Зурабишвилидің үндеуі](https://i0.wp.com/factcheck.kz/wp-content/uploads/2025/01/snimok-ekrana-2025-01-05-v-13.40.27.png?resize=700%2C394&quality=80&ssl=1)
Президент инаугурациясын «Грузия арманы» тағайындаған парламент төрағасы Шалва Папуашвили ашты.
«Бүгіннен бастап Грузияда мемлекеттік құндылықтар мен мүдделерді қорғайтын президент болады», — деді Папуашвили.
Кавелашвили инаугурацияға отбасымен келіп, Інжіл мен Конституцияға ант берді.
![Грузияның қос шындығы: Кавелашвилидің инаугурациясы мен Зурабишвилидің үндеуі](https://i0.wp.com/factcheck.kz/wp-content/uploads/2025/01/snimok-ekrana-2025-01-05-v-13.41.21.png?resize=700%2C394&quality=80&ssl=1)
Президенттің антын тек «Грузия арманы» партиясының өкілдері мен патриархия тыңдады. Инаугурацияға басқа ешкім шақырылмады. Бұл Грузия тарихында дипломатиялық корпус өкілдері қатыспаған алғашқы инаугурация болды.
Инаугурацияның ең құрметті қонағы Бидзина Иванишвили болды.
Инаугурациядан кейін 15 минуттық сөзінде Михаил Кавелашвили басшылыққа алғыс білдіріп, Грузияның дәстүрі, дастархан басындағы әңгімелер, отбасының маңызы және бейбітшілікке арналған тост туралы айтты.
Инаугурация 40 минутқа созылды. Тіпті парламентте аккредитациядан өткен журналистерді де бұл шараға кіргізген жоқ. Олар салтанатты рәсімді парламент фойесінде қойылған экрандардан көруге мәжбүр болды.
Шара аяқталған сәтте парламент ғимаратының алдында бұған дейін бос тұрған аумаққа президент әкімшілігінің жанында Саломе Зурабишвилидің сөзін тыңдаған мыңдаған наразылық білдіруші жиналды.
Көпшілігінің қолында бұрынғы футболшы Кавелашвилиге қарсылық білдірудің символдық тәсілі ретінде «қызыл карточка» болды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.