Желіде BBC News атынан Украинаға қатысты фейк видео тарады

Әлеуметтік желіде британиялық BBC корпорациясының атынан видео тарады. Видеоға сай, BBC News 8 сәуірде Краматорск вокзалындағы бейбіт тұрғындарға Украина тарапын оқ атты деп айыптаған-мыс. Reuters фактчекерлері ВВС News мұндай видео жарияламағанын анықтады.

Видеода BBC логотипі, шрифт және арна графикасы қолданылған. Сонымен қатар, фейк видеода телеарна украиналық шенеуніктерді жалған ақпарат таратқаны үшін айыптап, “теміржол вокзалына жасалған шабуылға Украина әскері жауапты” деген болжам жасайды.

Алайда, BBC News сайты мен әлеуметтік желісінде мұндай мазмұнмен бірде-бір репортаж жарияланбаған (сонымен қатар, сайттың жаңалықтар архивінде де табылмады). Бұдан бөлек, 13 сәуірде Twitter желісінде телеарнаның баспасөз қызметі ВВС мұндай видео таратпағанын мәлімдеді:

«Өткен аптада “Краматорск вокзалына зымыранмен жасалған шабуылға Украина кінәлі” деген BBC News-тің атын жамылған видео тарағанын білеміз. BBC фейкті желіден жою үшін шара қолданып жатыр. Бұл материалды бөліспеуге және BBC News сайтынан ақпаратты тексеруге шақырамыз».

BBC баспасөз қызметінің мәлімдемесі

Контекст

2022 жылдың 8 сәуірінде таңғы сағат 10:30 шамасында Краматорск теміржол вокзалына зымыранмен шабуыл жасалған. БҰҰ бұл шабуылды қатаң сынады. Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, 57 адам қаза тауып, 109 адам жарақат алды.

Бұған дейін Украина бұл шабуылға Ресейді айыптады. Мәскеу бұл мәлімдемені жоққа шығарып, “қолданылған зымыран украиндық” және “Ресей Федерациясы «Точка-У» тактикалық зымыран жүйесін қолданбайды” деп мәлімдеген (дегенмен бұл ақпарат — жалған).

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz