Жасанды интеллекттің ұлттық стратегиялары несімен қауіпті?

Жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту жаһандық жарысқа, тіпті жаңа үлкен ойынға айналып келеді. Ұлттық мүмкіндіктерін еселеп, бәсекелі артықшылықтарын қалыптастыру үшін мемлекеттер өзара жарысқаны аздай, ЖИ ақыл-ойын дамытып, деректерді өз қажетіне пайдаланып, ерекше қызмет түрлерін ұсынуда компаниялар да өзара тартысқа түсіп жатыр. Екі жағдайда жетістік ЖИ-ге қатысты шешімдердің демократияландырылып, түрлі секторларға таралуына байланысты болмақ.

Жаһандық ЖИ жарысы дүние жүзіндегі бәсекенің ешқайсысына ұқсамайды, себебі мемлекет, корпоративтік сектор және ғылымның инновацияға ықпал ету ауқымы әр елде әркелкі болып келеді. Дегенмен, орташа есеппен алғанда, әзірге инновацияның басым бөлігі ғылымнан келіп жатыр, үкіметтер ішкі зерттеу мен дамудан гөрі сатып алу арқылы үлес қосып отыр.

Әлемдік саудада тауардың көлемі азайып, цифрлық қызмет ауқымы артып келеді, қазір барлық сауданың 60 пайызы цифрландыру арқылы жүреді. 2025 жылға қарай барлық экономикалық құндылықтардың жартысы цифрлық салада қалыптаспақ. Болашақта құн тізбегінде өз орнын алуға тырысып жатқандықтан, үкіметтер де ЖИ-ге ауыз салып отыр.

Сондықтан, АҚШ, Франция, Финляндия, Жаңа Зеландия сияқты елдерден бастап Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріне дейінгі мемлекеттер өз ішіндегі ғылым-білімді арттырып, еңбек нарығы мен әлеуметтік бағдарламаларды автоматтандырудың болашақтағы өзгерістеріне дайын болу үшін ұлттық ЖИ стратегияларын қалыптастырды.

Дегенмен, ЖИ жарысының нағыз бет-бейнесін көретін күн әлі алда. Ол қандай да бір саламен шектеліп қалмасы  анық, және үкіметтердің ел ішінде және халықаралық контекстіде ЖИ құралдарын реттеп, бақылау саясаты – оның нәтижесіне ықпал ететін басты фактор болмақ. Қытай, АҚШ және басқа қатысушылар деректер, жеке құпия және ұлттық егемендік туралы идеялар бәсекесіне түсіп қана қоймай, 21 ғасырдың халықаралық тәртібі қандай болуы керек дегенге әркелкі көзқарас та ұстанып отыр.

Мұнда деректердің географиялық шекара аумағында таралуын мақсатты түрде жасалған нәрсе емес, кездейсоқтық деп түсінген жөн. Геосаяси тұрғыдан алғанда ұлттық мемлекеттер – егемен елдер, алайда цифрлық экономикада олардың аты ғана бар, ал іс жүзінде бәрі керісінше. Қазір жаһандық деректер ағыны егемен елдің саяси шекарасымен шектеліп жатса, бұл кейін де солай бола береді деген сөз емес.

Сондықтан, ұлттық ЖИ бағдарламаларының өзі – күмәнді нәрсе. Осы күнге дейін “мәре сызығына бірінші жеткен мемлекет жасанды интеллектінің барлық игілігін көреді” деген түсінік болған. Бұл дұрыс сияқты көрінеді. Дегенмен, мұндағы мәселе “осы түсінік дұрыс па?” деген сөз емес, “бұған ұлттық тұрғыдан қарау керек пе, мұның өзі қажет пе?” деген сұрақ маңызды.

Негізінде, бұл мәселені ұлттық шеңбер аясында ғана қарастырсақ, жалпы ЖИ-дің даму табиғатын ескермеген боламыз. Деректер жинақтамасының халықаралық деңгейде таралу я таралмауы машиналық оқыту алгоритмдерінің қаншалық бір елге қарай бұра тартатынын айғақтайды. Белгілі бір чиптердің меншіктік технология ретінде пайдаланылуы я пайдаланылмауы инновацияның әлемдік деңгейде таралуына ықпал етеді. Осы жағдайға қарар болсақ, ұлттық стратегиялардың бөлшектенуі цифрлық экономиканың дамуын тежей ме деген де қауіп бар.

Оның үстіне, қазіргі жағдайда ұлттық ЖИ бағдарламалары дарындылардың аз ғана тобы үшін күресіп жатыр. Уақыт өте келе таланттардың шоғыры көбейетіні анық, дегенмен жасанды интеллектіге негізделген экономикаға қажетті біліктілік те өзгереді. Мәселен, киберқауіпсіздік саласындағы білімге деген қажеттілік артады.

Әзірге негізгі зерттеу орталықтары мен университеттерден тысқары жұмыс істеп жатқан ЖИ құрушылар сыртқа шығудың сенімді стратегиясы мен тағатсыздана күтіп отырған сатып алушылар нарығын таба білді. Корпорациялар зерттеушілердің құнын шарықтатып жатқандықтан, қазір әлемде басты компаниялар мен қалған жұрттың арасында үлкен айырмашылық бар. Жаңа бастағандар мен шағындау ойыншылармен салыстырғанда алпауыт технология компанияларының қолында бай да ірі дерекқор болғандықтан, нарық қазірдің өзінде бір қолға шоғырланып келеді.

Осы тұрғыдан қарағанда, оқшаулану шаралары, соның ішінде сауда мен иммиграцияға шек қою ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда экономикалық жағынан тиімсіз екені айдан анық. Ғаламдық сауда құрылымының өзгеруі көрсеткеніндей, болашақта экономикалық құндылықтың басым бөлігі тауар мен қызметтен емес, оларға тіркелген деректерден келеді. Яғни, ғаламдық деректер ағынына қолы жеткен компаниялар мен елдер көбірек пайда көреді.

Фундаменталдық деңгейде қарасақ, балама таңдау жасап, ең жақсы шешімдер ұсынатын қосымшалар үшін жаңа ғаламдық жарыс жүріп жатыр. Соңында мұндай технологияларға бейімделудің ауыртпалығы адамдардың мойнына түседі. Бірақ ол сәт келгенге дейін ЖИ-ді дамытушылар мен үкіметтер ол технологияның қауіпсіз әрі жауапты түрде жұмыс істейтініне көз жеткізіп, үйлесіммен әрекет етуі қажет.

Кезінде теңізде жүзу және навигация технологиялары дамыған елдер әлемді билеп тұрғанда механикалық сағат азғантай адамда ғана болған. Қазіргі уақыт басқа. Егер супер интеллект қалыптастырғымыз келсе, онда ол жалпы қоғамның игілігі болуы тиіс.

Марк Эспозито – Nexus FrontierTech компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Гарвард университеті мен Хальт Халықаралық бизнес мектебінің бизнес және экономика профессоры. Теренс Цзе – Nexus FrontierTech компаниясының негізін қалаушы, Лондондағы ESCP Еуропа бизнес мектебінінің профессоры. Джошуа Энтшмингер – Nexus FrontierTech зерттеушісі және Fellow at École des Ponts Саясат және бәсеке орталығының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

 

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz