Зерттеу: Киберәскер және әлеуметтік желідегі манипуляциялар

Оксфорд университетінің оқытушылары Саманта Брэдшоу мен Филипп Ховард әлеуметтік желіде манипуляция жасаумен айналысатын «киберәскердің» әрекетін зерттеп көрген екен. Әдетте оларды мемлекет, әскерилер немесе белгілі бір саяси партиялар жалдайды.

Ғалымдар 28 елдегі ағылшын тілінде жарияланған контентке талдау жасаған. Суретте қызыл түспен әлеуметтік желідегі манипуляция деңгейі жоғары елдер көрсетілсе, ақшыл сарымен мұндайды сирек жасайтын елдер белгіленген.

Зерттеу: Киберәскер және әлеуметтік желідегі манипуляциялар
Киберәскердің белсенділігі. 2017 жыл. Дереккөз: Troops, Trolls and Troublemakers: A Global Inventory of Organized Social Media Manipulation, 2017. The Computational Propaganda Project.

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай медиа науқандар авторитарлық басқарудағы елдерде көбіне-көп жергілікті халыққа бағытталып жасалады. Саяси партиялар да осы стратегияны ұстанады. Ал демократиялық елдер тек жергілікті аудиторияға ғана емес, шетелде тұратындарға да манипуляция жасағысы келеді.

«Киберәскер» бұрын тек әскерилерге қатысты айтылатын болса, енді біртіндеп мемлекеттік келісім-шарттар да стратегиялық коммуникациямен айналысатындардың қолына өте бастаған. Ал коммуникация саласындағы технологиялық инновациялардың бастамашысы көбіне-көп саяси партиялар болып келеді.

Қай-қайсысы да манипуляцияның түрлі тәсілін қолданады. Ендеше, ол жөнінде толығырақ баяндайық.

Комментарийлер мен комментаторлар

Мұны зерттеуде қарастырылған елдердің барлығы пайдаланады, тек әрқайсысының беру тәсілі әртүрлі. Израильде, мәселен, қазіргі саяси жүйені қолдайтын жағымды жазбаларға көбірек мән берілсе, басқа мемлекеттердің көпшілігінде керісінше. Мысалы,  IRELI Youth атты үкіметпен байланысы бар әзербайжандық ұйым кілең балағат комментарийлерімен мәлім. Ал Мексикада әлеуметтік желідегі журналистерді үнемі аңдып, ізіне түсіп отырады.

Дегенмен, комментарийлерді тек қана жағымды немесе жағымсыз деп бөлу дұрыс емес. Кейде бейтарап комментарийлер арқылы пайдаланушылардың көңілін аударып, назарын басқа жаққа бұру да кездеседі. Мұндайға Сауд Арабиясы әуес, олар маңызды әрі алдыңғы қатарлы хабарламаларға спам «жапсырып», «улы хэштегтер» көмегімен ашықтан-ашық ойын жүргізеді. Мұның жарқын мысалы ретінде «50 цент тобын («50 Cent Party») айтуға болады. Дәлірек айтсақ, мемлекет комментаторлардың әр жазбасына 50 цент төлейтіні туралы қауесет тараған. Аты-жөні белгісіз біреу таратқан бұл қауесет шын мәнінде жұрттың назарын аудару үшін шығарылған.

Қудалау объектілері

Манипуляцияның объектісі жекелеген тұлғалар немесе топтар болуы мүмкін. Польшада пікірі өтімді жандарға, соның ішінде блогерлерге, белсенділер мен журналистерге оқырмандары мен фоллоуерлері белгілі бір көзқарасты ұстанатынын көрсететін жазбалар әдейі жіберілуі мүмкін. Басқа бірқатар елдерде троллинг, hate speech және кемсіту пайдаланылады. Джессика Аро есімді финн журналисі ресейлік интернет кеңістіктегі үкіметтік ыңғайдағы жазбалардың артып бара жатқанын зерттей жүріп, бірнеше рет балағат сөз де естіген, ол аз болса, Джессиканы біреулер әлеуметтік желідегі наркодилер ретінде де көрсетіп, Youtube-видео арқылы да мазақтаған. Эквадорда мұндай тірлікті үкімет Somos + арнайы платформасы арқылы үйлестіріп отырады. Ал Түркияда оппозиция өкілдерінің аккаунттарынан алынған скриншоттар әлеуметтік желіге салынып, оларды жан-жақтан түтіп жейді.

Ресми дерек көздері арқылы насихат жүргізу

Үкімет үнемі өзгелердің көмегіне жүгіне бермейді. Көптеген елдердің әлеуметтік желіде ресми аккаунттары бар. Мәселен, Изваильдің Фейсбук, Инстраграм және Твиттер желілерінде 350-ден астам ресми аккаунты бар. Израильде контент үш тілде – иврит, араб және ағылшын тілдерінде.

Басқа елдер сайттарды насихатын жүргізу немесе диссиденттерді аңду мақсатымен де пайдаланады. Украина әскері контенттерін пайдаланушылардың әлеуметтік желіде бөлісуіне рұқсат береді. Ал эквадорлық Somos + үкіметке көңілі толмайтындарды көзден таса қылмайды, ел басшылығын сынаған жазба жарық көрген сайын оларды жаңартып отырады.

Фейк аккаунттар мен киборгтар

Деректерге сүйенсек, Аргентина, Филиппин, Сауд Арабиясы, Ресей, Мексика, Оңтүстік Корея, Түркия, Венесуэла сияқты елдерде боттар фейк жаңалықтарды тарату, лайк санын көбейту және көшіріп басу үшін көп қолданылады.

Алайда, боттар да «мінез-құлқын» түзеуге тиіс, өйткені, әлеуметтік желілер фейктерге қатысты талаптарды күшейтіп отыр. Көбінесе фейк аккаунттарды белгілі бір адам жүргізіп отыратын Мексикада, мәселен, талап күшейтілді. Алайда, адам күшін автоматтандырылған күшпен қатар қолдануға болады, бұның бір мысалы – «киборгтар». Олармен әңгіме-дүкен құру боттармен сөйлесуге ұқсамайды.

Фейк аккаунттарды барлық елдер пайдаланады деуге болмайды. Солтүстік Кореяда назар аударарлық бір жағдай болды: Оңтүстік Кореядан ұрланған аккаунттарды олар өздерінің саяси көзқарасын насихаттау үшін пайдаланған.

Зерттеу туралы толығырақ келесі сілтеме арқылы оқуға болады.

Аударған Жұлдыз Әбділда

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz