Украиналық құқықорғаушы Нобель сыйының баламасын алды

Украиналық құқыққорғаушы Александра Матвийчук «Дұрыс өмір салты үшін» Нобель сыйлығының баламасы болып саналатын швед сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

«Азаматтық бостандықтар орталығы» украиналық ұйымның жетекшісі, «Евромайдан SOS» бастамашыл тобының үйлестірушісі Александра Матвийчук Украинада тұрақты демократия институттарын құрғаны және әскери қылмыстарды халықаралық жауапкершілікке тарту жолын үлгілегені үшін, жалпы дұрыс өмір салтын ұстанғаны үшін Швецияның Right Livelihood сыйлығымен марапатталды.

Нобель сыйлығының баламасы болып есептелетін сыйлық жеңімпаздардың есімі 29 қыркүйекте Стокгольм қалалық театрында жарияланды.

Матвийчукпен бірге бұл марапат терроризм мен гендерлік зорлық-зомбылық жағдайында Сомалиде бейбітшілікті, демилитаризацияны және адам құқықтарын алға жылжытқаны үшін сомалилік құқыққорғаушылар Фартуун Адан мен Иивад Эльманға, пайдаға негізделген экономикаға сенімді балама ретінде әділ және кооперативтік экономикалық модельді құрғаны үшін венесуэлалық Cecosesola ұйымына, Угандадағы өндіруші энергетикалық жобалармен бұзылған халықтың құқығы мен климаттық әділет жолындағы батыл еңбегі үшін африкалық энергия басқармасына беріледі.

Премияны бұрын кімдер алған?

2021 жылы ресейлік эколог және белсенді, ресейлік «Экозащита!» қоғамдық ұйымының төрағасы Владимир Сливяк бұл премияға ие болған. Ол бұл марапатқа «авторитар Ресейдің өзінде қарапайым қоғамдық бастамалар мемлекет қолдайтын жобаларға қарсы тұра алатынын көрсеткені үшін” лайық болып саналған.

Бұған қоса Владимир Сливяк – Германиядан Ресейге таусылған уранды әкелу мәселесіне назар аударған елдегі алғашқы белсенділердің бірі. 2014 жылы Ресей билігі “Экозащита!” ұйымын “шетел агенті” деп атады. Сонымен бірге ұйымның мүшесі Александра Королева қылмыстық қудалауға ұшырады, салдарынан белсенді Германиядан саяси баспана сұрауға мәжбүр болған.

Ал 2020 жылы «Весна» құқық қорғау орталығының негізін қалаушы, беларусь құқыққорғаушысы Алес Бялятский лауреат атанды. Ұйым белсенділері Беларусь билігі тарапынан бірнеше рет қудалауға ұшыраған.

Мысалы, 2011 жылы Бялятскийге “салық төлеуден жалтарды” деген айып тағылып, мүлкі тәркіленді және 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Еуроодақ елдері, АҚШ және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот үкімінің саяси астары бар екенін алға тартып, Беляцкийді “саяси тұтқын” деп таныды. Халықаралық қауымдастықтың қысымымен ол ерте, 2014 жылғы жазда босатылды.

Factcheck.kz