Трамп компаниясы жаңа әлеуметтік желіге миллиард доллар салғанын хабарлады

Дональд Трамптың Trump Media & Technology Group (TMTG) компаниясы Truth Social әлеуметтік желісін жасау үшін инвесторлардан миллиард доллардан астам қаржы тартқанын жариялады. Бұл жөнінде осы компанияның пресс-релизіне сілтеп, Азаттық радиосы хабарлады.

«Миллиард доллар – цензура мен саяси алалауға жол жоқ екендігін көрсететін маңызды белгі, – деді АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп. – Америка саяси идеология бойынша ешкімге тыйым салмайтын Truth Social платформасына дайын».

Трамп командасы жаңа әлеуметтік желі жасауды жоспарлап отырғанын Трамптың аккаунты бұғатталысымен-ақ жариялаған. Трамп жақтастарын 2021 жылы қаңтарда АҚШ конгресінің ғимаратын басып алуға шақырған кезде әлемдегі ірі платформалар оның әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаған болатын. Трамп күшпен басып алу жөнінде үгіт-насихат жасамағанын айтады.

Трамп өкілдерінің сөзінше, Truth Social деген аты бар жаңа әлеуметтік желі «либерал медиалар консорциуымына» және ірі технологиялық компанияларға қарсы тұратын болады. Жаңа желіні 2022 жылдың алғашқы кварталында іске қоспақшы.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.