Роскомнадзор қазақстандық медиадан соғыс жайлы мақаланы өшіруді талап етті

Роскомнадзор қазақстандық Ratel.kz сайтынан соғыс туралы мақаланы өшіруді талап етті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

24 шілдеде жарияланған “Ресей азаматтары Украинадағы соғысты қашанға дейін қолдай береді?” атты мақалада Ресей қоғамының соғысты қолдауы Кремльге Украинада әскери қимылын жалғастыра беруге орасан мүмкіндік береді деген тезис айтылады. Мақалада “Левада-центр” және ВЦИОМ сауалнамасының қорытындысы талданған.

Ratel.kz сайтының жазуынша, ресейлік реттеуші орган Ресей бас прокурорының талаптарына сүйенген. Роскомнадзордың пікірінше, аталған мақала “азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, қоғамдық тәртіптің бұзылуына ықпал етуі мүмкін, өте маңызды нысандардың жұмысына бөгет жасауы да ықтимал”.

Ratel.kz хабарлауынша, Роскомнадзор сонымен бірге жергілікті провайдерге де хабарлама жіберіп, егер мақала бір күн ішінде сайттан алынбаса, сайтты жабу қажеттігін ескерткен.

Басылымның бас редакторы Марат Асипов ресейлік реттеуші органның талабын “Қазақстанның ішкі ісіне араласу” деп бағалады. Ол Қазақстан сыртқы істер министрлігін оқиғаға реакция білдіруге үндеді.

“Қазақстан сыртқы істер министрлігі дауға реакция білдіріп, Роскомнадзорға Қазақстан азаматтары Қазақстан заңымен өмір сүретінін еске салуы тиіс” дейді Асипов.

Контекст

  • Жоғарыда аталған мақала қазір Ratel.kz сайтында ашылып тұр. Онда Ресейде соғысты қолдамағандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені және қазірдің өзінде орыс армиясының “беделіне нұқсан келтіргені үшін” түрме жазасына кесілгендер бар екені айтылған.
  • Ресей Украинаға басып кіргелі Ресейде азаматтық қоғам мен тәуелсіз медиаға қысым көбейді. 24 ақпаннан бері «Роскомнадзор» 181 медианы бұғаттаған, бұдан бөлек 21 редакция жұмысын толық немесе уақытша тоқтатқан. Ал 11 медиа Ресей-Украина соғысы туралы жазуды тоқтатқан.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz