Ресейде журналист Мария Пономаренко екі айға қамалды

Санкт-Петербургте Октябрь аудандық соты журналист Мария Пономаренконы екі айға тергеу изоляторына жіберу туралы шешім шығарды. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Журналиске “Ресей әскері туралы фейк ақпарат таратты” деген айып тағылды. Енді ол 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл іс бойынша Пономаренконың кәмелет жасқа толмаған қызы куәгер ретінде қатысып жатыр.

Заңгер Ольга Гнездилова BBC журналисіне балаларды ата-аналарына қарсы куәгер ретінде қатыстыру “қорқынышты жағдай” екенін айтты.

Пономаренко 24 сәуірде Санкт-Петербургте ұсталды. Адвокаттың айтуынша, журналиске 1,5 мың оқырманы бар телеграм каналда “Ресей әскерінің Мариупольдағы әрекеті туралы фейк ақпарат таратуына байланысты” айып тағылды. Ол қылмыстық кодекстің 207.3-бабының 2-бөлігі бойынша 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Контекст

  • 4 наурызда Ресей Мемлекеттік Думасы екінші және үшінші оқылымда Ресей Қарулы күштерінің әрекеті туралы жалған ақпарат таратқандарға қатысты жаза енгізу туралы заң жобасын қабылдады.
  • Роскомсвобода мәліметінше, Украинаға қарсы соғыс басталғалы Роскомнадзор Ресейде шамамен 2300 ресурсты бұғаттады. Олардың арасында «Настоящее время», «Радио Свобода», «Голос Америки», «Медуза», «Deutsche Welle», «Bild», «Белсат» және басқа да сайттар бар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz