Meta Беларусьтегі көші-қон дағдарысына байланысты 40-тан астам фейк аккаунтты өшірді

Meta (Facebook) компаниясы өткен айда Беларусьтегі 46 фейк аккаунтты және Польшадағы 31 парақшаны жойғанын хабарлады. Компанияның мұндай шара қабылдауына екі ел шекарасында көші-қон дағдарысы жайлы жалған ақпарат тарауы себеп болған.

Meta дерегінше, Беларусьтегі аккаунт авторлары өзін журналист және белсенді ретінде көрсеткен. Жалпы Беларусьтен 41 Facebook және 5 Instagram аккаунт өшірілген. Компания бұл аккаунттардың КГБ-мен (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) байланысы бар деп есептейді.

Әлеуметтік желіде фейк аккаунттың көмегімен Польшаның әрекетіне әртүрлі тілде сыни пікір айтылған. Сонымен қатар, парақшаға фото қою үшін deepfake технологиясы қолданылуы мүмкін.

Бұған қоса, компания Польшада тіркелген 31 Facebook және 4 Instagram аккаунтты шекарадағы дағдарысқа қатысы бар деп өшірген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz