Иранның арнайы қызметі Instagram модераторына пара ұсынған

Иранның арнайы қызметі Instagram желісінің модераторларына билікті жиі сынайтын журналистер мен белсенделердің жазбасын өшіру үшін пара ұсынған. Бұл туралы BBC сайтының журналистеріне атын атамаған екі модератор айтты.

Сұхбат берушілер BBC журналистерінен атын атамауды сұрады. Олар Instagram-да парсы тілінде жарияланған жазбаға модерация жасаған.

Маған белгілі бір адамның блогын өшіру үшін 5-10 мың еуро ұсынды. Нақтырақ айтқанда, олар Масих Алинеджад аккаунтын тез арада өшіруді көздеді.

Instagram желісінде жұмыс жасаған модератор.

Алинеджаж — шыққан тегі ирандық АҚШ журналисі. Былтыр АҚШ билігі Иранның арнайы қызметін журналисті алып қашуды көздеді деп айыптаған. Ал Иран бұл айыптауды жоққа шығарды.

Олардың айтуынша, әріптестерінің арасында жұмысына бейтарап қарамай, билікке ұнамды әрекет жасағандар бар.

Кейінгі кездері инстаграм желісінде Ирандағы билікке наразылыққа шыққандар жайлы жазбалар жиі өшіріле бастаған. Модераторлардың сөзінше, әріптестері үкіметті жақтағаны үшін осындай жағдай тіркеліп жатыр.

BBC сайтына сұхбат берген анонимді дереккөздің біреуі Telus International компаниясында жұмыс істеген. Ал екіншісі компанияда әлі қызмет атқарады. Мұндай компанияның басты қызметі — тәуелсіз модерация жасау. Олар Facebook және Instagram желісінің ережелеріне сүйеніп, қолданушылардың шағымына әрі хабарламаларына жауап береді.

Meta Platforms өкілі бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, дәлел жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, модераторлардың тек желі ережесін бұзған жағдайда контентті өшіретінін білдірді.

Контекст

  • Жақында Иран билігі негізгі азық-түліктің субсидиясын азайтқан. Кейін ел арасында азық-түлік бағасы күрт өскен. Салдарынан халық наразылық акциясына шықты. Бұдан бөлек митиңге қатысушылар саяси өзгерістерді талап етіп, президент Эбрахим Раисиге қарсы біраз сыни пікір айтты.
  • Сонымен қатар, арнайы күштер наразылық акциясына қатысқандарды күшпен тоқтатуға тырысқан. BBC бейресми дерекке сүйеніп наразылық акциясында кемінде бес адам қаза тапқанын жазды.
  • Иранның билікшіл медиалары митиң туралы хабарламады. Алайда наразылық жайлы инстаграм қолданушылары жиі жариялаған.

Материалды дайындаған: Амина Сәбитова

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz