Иранда аятолланы мадақтайтын әнді айтпаған оқушы өлтірілді

Иран көсемі аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын әнді айтудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған 16 жастағы оқушы Асра Панахи қайтыс болды. Жасөспірім қыздың өлімі Ирандағы наразылықты одан әрі күшейтті. Бұл туралы ирандық мұғалімдер кәсіподағына сілтеме жасап The Guardian басылымы хабарлады.

Иранның мұғалімдер кәсіподағының мәліметі бойынша, 13 қазанда қауіпсіздік күштері Иранның Ардебиль қаласындағы Шахед қыздар орта мектебіне келіп, рейд жүргізген. Олар 16 жастағы Асра Панахи және бір топ оқушыдан Иранның жоғары көсемі аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын әнді орындауын талап еткен. Алайда қыздар бас тартқан.

Қауіпсіздік күштері талапты орындамаған оқушыларды ұрып-соққан, салдарынан бірнеше қыз ауруханаға түскен, кейбірі қамауға алынған. 14 қазанда мектепте алған жарақатынан 16 жастағы Асра Панахи ауруханада көз жұмды.

Иранның ресми өкілдері оқиғаға қауіпсіздік күштерінің жауапты екенін жоққа шығарды. Оқушы қыздың өлімі елде наразылық тудырған соң телеарналарда өзін марқұмның ағасымын деп таныстырған ер адам Панахидің туабітті жүрек ақауынан қайтыс болғанын мәлімдеді.

Ал Иран мұғалімдері кәсіподағы «қатыгез және адамгершілікке жатпайтын» рейдтерді айыптап, білім министрі Юсуф Нуридің отставкаға кетуін талап етті.

Осыған дейін полиция хиджаб кию үлгісін бұзғаны үшін 22 жастағы Махса Аминиге күш көрсетіп, салдарынан қыз қайтыс болды. Аминидің өлімінен кейін Иранда үлкен толқу болып, адамдар митиңге шықты. Наразылық білдірушілердің арасында оқушылар да бар. Тіпті әйелдер мен қыздар биліктің қатігез жүйесіне қарсылық ретінде хиджабын шешіп, лақтырды.

Бұған жауап ретінде Иран билігі өткен аптада елдегі мектептерге бірқатар рейд жүргізді. Хабарларға сәйкес, полиция мектепте көзден жас ағызатын газ қолданған, сыныптарға кіріп қыздарды тұтқындап әкеткен.

Алайда Панахидің өлімі елдегі жағдайды одан әрі ушықтырды. Хабарды естіген Ирандағы оқушы қыздар жексенбіде қайтадан наразылыққа шықты. Сонымен бірге 16 қазанда Iran International агенттігінің Twitter-іне протеске шыққандардың “Полковник! Бүгін менің қызым, ертең сенікі” деген сөзімен видео жарияланды. Онда Ардебильдегі наразылық білдірушілер полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, көлік дөңгелектерін өртегені көрінеді.

Iran Human Rights мәліметінше, 17 қазандағы мәлімет бойынша елдегі жалпыұлттық наразылықтар кезінде 215 адам, соның ішінде 27 бала мерт болған.

Factcheck.kz