Ғалымдарға жасанды интеллект арқылы мақала жазуға тыйым салынады

Халықаралық машиналық оқыту конференциясының (ICML) жетекшілері ғалымдарға ChatGPT сияқты үлкен тілдік модельдер (LLM) арқылы жазылған мақалаларын ұсынуға тыйым салды. Бұл туралы SecurityLab ICML-дің ресми сайтына сілтеп хабарлады.

ICML академиктері плагиаттан қорғау мақсатында жасанды интеллект арқылы жазылған мақалаларды қабылдамауды шешті. Мұнда әңгіме эксперимент талдауына жатпайтын, жасанды инттелект арқылы жасалған құжаттар туралы айтылып отыр. Дегенмен ғалымдарға жасанды интеллект көмегімен мақаласының стилі мен грамматикасын жақсартуына болады. Оның үстіне бұл тыйым әлі заң жүзінде бекітілмеді, сол себепті болашақта ол өзгеруі де мүмкін.

Қазір жасанды интеллект арқылы жазылған мақалаларды анықтайтын арнайы құралдар жоқ. Сондықтан ICML адамдардың тексеру кезінде күмәнданып, белгілеген құжаттарын ғана ескереді. ChatGPT тілдік моделдер интернеттегі мәтін арқылы оқытылған. Олар мәтін нұсқауларын ескеріп, ары қарай не жазуға болатынын анықтау үшін сөздер арасындағы заңдылықты табады.

Қазір ChatGPT-нің басқа біреудің мақаласының мәтінін тікелей көшіретіні туралы ешқандай дәлел жоқ, бірақ оның нәтижелері адамдардың хатына негізделеді.

Factcheck.kz