БҰҰ Қауіпсіздік кеңес отырысында Украинадағы жағдай талқыланды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украина төңірегіндегі жағдайды “2014 жылғы Қырым аннексиясынан бері қатты шиеленісті” деп бағалады. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 17 ақпандағы отырысында ұйым бас хатшысының орынбасары Розмари Дикарло (Rosemary A. DiCarlo) әскери қақтығыстың ықтималдығы артқан кезде спекуляция мен айыптаулар өте қауіпті екенін мәлімдеді.

Ұйым қақтығыс тараптарын ұстамдылық танытып, Минск келісіміне қайшы келетін немесе қауіп төндіріп, жаңа шиелініске әкелетін біржақты әрекет жасамауға шақырды.

Дикарлоның айтуынша, барлық мәселені дипломатия арқылы шешу қажет. Бұған қоса дипломатияға бағытталған әрекеттерді БҰҰ Бас хатшысы өкілдігі қолдайтынын айтты.

Отырыста АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен (Antony Blinken) АҚШ дерегіне сүйеніп, ресейлік әскерилердің жақын арада Украинаға шабуыл жасауға дайындалып жатқанын ескертті.

Сонымен бірге, Блинкен Ресейді “жасанды немесе шынайы химиялық қару арқылы Украинаға күшпен кіруге сылтау іздеп отыр” деп айыптады. Оның сөзінше, Ресей бұл оқиғаны “геноцид” ретінде сипаттауы мүмкін.

Ресей “мұндай жоспары жоқ екенін” хабарлап, АҚШ-ты “жалған ақпарат таратты” деп айыптады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz