Bonduelle компаниясы ресейлік сарбаздарды қолдай ма?

Француздық Bonduelle компаниясы Украинаға қарсы соғысып жатқан ресейлік сарбаздарға жеңіс тілеп, бірнеше мың азық-түлік пакетін жібергені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы “Халықаралық француз радиосы” хабарлады.

30 желтоқсанда Вконтакте желісіндегі «Ярцево LIVE» арнасында Bonduelle компаниясы Украинаға қарсы соғысып жатқан ресейлік сарбаздарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, 10 000 азық-түлік пакетін жібергені туралы хабарлама пайда болды. Жазбаның жанында екі сурет бар: бірі — Bonduelle тобының суреті, екіншісі — компанияның құттықтау қағаздары. Қағазда мейрамға арналған құттықтау сөздері мен Украинаны “тезірек жеңу” тілегі жазылған.

Оған қоса онда Bonduelle Eurasia компаниясының бас директоры Екатерина Елисееваның сөзі келтірілген деседі: “Әр жауынгерге құттықтау қағазы беріледі. Қазір жеңіс тілеу де азық-түлік пакеті сияқты маңызды”.

Фотоның қашан және қайда түсірілгені белгісіз. Алайда суреттің бірінде жолақ жейде (тельняшка) киген ер адам консервіге толы қорапты ұстап тұр. Кейін «Ярцево LIVE» арнасы бұл жазбаны өшіріп тастады. Дегенмен бірқатар басылым, әсіресе украиналық медиалар оның скринін таратып үлгерді.

Бұл ақпарат қоғамда дүрбелең тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары француз консервілерін өндірушілерді Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдады деп айыптап, Bonduelle өнімдеріне байкот жариялады.

31 желтоқсанда компания бұл ақпаратты жоққа шығарды.

30 желтоқсанда Ресей медиасы біздің Ресейдегі қызметіміз туралы жалған ақпарат таратты. Бұл ақпарат, сонымен бірге Bonduelle компаниясына және оның басшылығына қатысты мәлімдемелер — жалған.

Bonduelle компаниясы.

2 қаңтарда, компания өкілдері AFP-ке берген түсініктемесінде де ресейлік сарбаздарға сәлемдемелер жібермегенін айтты.

Factchek.kz сайтынан: бұл жаңалық фактчекиң емес және біздің редакция аталмыш мәлімдемеге ешқандай үкім қоймайды.

Factcheck.kz