Атыраулық белсендінің бас бостандығы шектелді

28 қарашада атыраулық белсенді Жаңылсын Жалғасова “көрінеу жалған ақпарат таратты” деп айыпталып, бір жылға бас бостандығы шектелді. Оған қоса судья оны 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

2022 жылғы 3 шілдеде Жалғасова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына “Қазақстан Қарақалпақстандағы митиңгіні күшпен басу үшін әскер жіберіп жатыр” деген видеоны жариялап, оны таратуды сұраған. Сол күні белсендіні Атырау қалалық полициясы ұстап әкеткен. Кейін оған Қылмыстық кодекстің Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы (274-баптың 2-тармағы, 3-бөлігі) бойынша айып тағылған. 5 шілдеде Жалғасова үйқамаққа ауыстырылды.

Судья Жұмағали Тәшімов Жалғасова психологиялық-филологиялық сараптама жүргізуге кеткен шығынды (80 669 теңге) және орташа ауыр қылмыс жасағандықтан жәбірленушілердің өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (45 945 теңге) қаражат өтейтінін мәлімдеді. Оған қоса ол айыпталушыға жаза тағайындалған кезде белсендінің кәмелет жасына толмаған қызы бар екені ескерілгенін айтты.

Жалғасованың адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, белсенді өзі жариялаған ақпараттың рас-өтірігін білмеген. Ал сотқа дейінгі тергеу мен сот қозғалған қылмыстық істі объектив түрде қарамаған.

Жаңылсын Жалғасова сот шешіміне шағымданатынын жеткізді. Оның айтуынша, өзінің үстінен қозғалған іс пен сот үкімінің саяси астары бар.

Factcheck.kz