Apple Store коронавирусқа байланысты сағаттар мен құлаққаптарды тағып көруге шектеу қоюы мүмкін

Business Insider-дың хабарлауынша Apple Store фирмалық дүкендерінің сатушылары сатып алушыларға Apple Watch сағатын немесе AirPods құлаққаптарын тағып көруді ұсынбайды. Жаңа ереже коронавирустың таралуымен күрес аясында еңгізілді.

Дегенмен сатып алушылар әлі де қызметкерлерден құлаққапты немесе сағатты тағып көру үшін сұрата алады. Алайда Apple компаниясының қызметкерлеріне арналған жаңа нұсқаулықта көрсетілгендей сатушылар сатып алушыларға мұны өзбетінше ұсына алмайды.

Сонымен қатар, келушілер бір-біріне жақын отырмауы үшін Apple дүкендерінде орындықтар азайтылды. Соңғы аптада компания тазалаушы қызметкерлердің штатын кеңейтіп, дүкендерде қолды дезинфекциялайтын құрылғылар орнатты.

Apple сондай-ақ вирустан қайтыс болу фактісі ең көп тіркелген Италиядағы барлық бөлшек сауда дүкендерін жапты.

Ал Bloomberg басылымының хабарлауынша бүкіл әлем бойынша техникалық компаниялар ішкі жұмыс саясатын өзгертті. Яғни қызметкер атқаратын жұмысына байланысты үйден жұмыс істей алады.

Factcheck.kz