Amnesty International: Қазақстанда адам құқықтары шектелген

Amnesty International халықаралық ұйымы әлемдегі адам құқықтары туралы 2021 жылғы баяндамасын жариялады. Зерттелген 154 елдің қатарында Қазақстан да бар.

Amnesty есебінде Қазақстан билігінің халықтың сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу құқығын қатаң шектейтіні; құқық қорғау және кәсіподақ ұйымдарының қызметі шектелетіні; билікті сынағандардың азапталуы; мүгедектердің құқықтары бұзылатыны; ЛГБТИ өкілдері алалау мен зорлық-зомбылыққа тап болатыны; Шыңжаңнан қашқан этникалық қазақтар түрмеге қамалып, дискриминацияға ұшырайтыны жазылған.

Сөз бостандығы

Amnesty былтыр қыркүйекте мәжіліс депутаттары “балаларды кибербуллиңнен қорғауға бағытталған” заңнамаға түзетулер енгізуді мақұлдағаны жазылған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жаңа өзгерісті Сенат қабылдаған жағдайда сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу құқығын негізсіз шектеледі. Бұған дейін Factcheck.kz бұл тақырыпты жан-жақты талдаған.

Бұдан бөлек, Amnesty International бірқатар мемлекет, оның ішінде Қазақстан үкіметі билікті сынаушыларға қарсы Pegasus тыңшылық бағдарламасы секілді күрделі техникалық құралдар пайдаланатынын жазған.

Бейбіт жиын өткізу құқығы

Қазақстанда бейбіт жиын туралы заңда шектеулердің көп болуына байланысты митиң өткізу туралы өтініштердің көбі мақұлданбайды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 2020 жылы шілдеден 2021 жылдың қазан айына дейін 22 қала әкімдігі митиң өткізу туралы 133 өтінішті кейін қайтарған (103 өтініш 2021 жылдың он айында түскен). Бұдан бөлек, елде бейбіт митиңге шыққан наразылар полицияның қарсылығына жиі ұшырайтыны және оларға “кеттлиң” әдісі қолданылғанын да жазған.

Экстремизмге қарсы заңнама

Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша «экстремистік» ұйымға мүше болғаны үшін сотталғандар саны артқан. 2020 жылы мұндай үкім 14 адамға тағылса, 2021 жылдың он айында 47 адам жауапқа тартылған. Айыптаушылардың бәрі билікті сынап, «экстремистік» деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» оппозициялық қозғалыстарын қолдаған.

Мүгедектердің құқығы

Баяндамаға сай, Қазақстандық сот жүйесі мүгедектердің білім алу, жеке өмірге қол сұқпау, дауыс беру секілді негізгі адам құқығын шектеген. Осыған байланысты былтыр шілдеде ЕҚЫҰ Қазақстанды барлық шектеуді алып тастауға шақырған.

ЛГБТИ құқығы

Қазақстандағы ЛГБТИ өкілдері мемлекеттік органдар мен құрылымдар тарапынан дискриминацияға жиі ұшырайды. Мамырда Feminita тобының негізін қалаушы Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Шымкент қаласында кездесу ұйымдастырған. Кездесу орнына белгісіз адамдар келіп, белсенділерге күш көрсетпек болған. Полиция белсенділердің бейбіт жиын өткізу құқығын қорғаудың орнына олардың өзін ұстап әкеткен.

Босқындар мен минграттардың құқығы

Баяндамада Шыңжаннан Қазақстанға қашқан этникалық қазақтар шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалған, әрі дискриминацияға ұшырағаны жазылған.

Контекст

Халықаралық Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымының хабарлауынша, Қытай, Ресей және өзге елдер коронавирус пандемиясы кезінде «репрессияшыл заңдар» қабылдап, пікір айту құқығын шектеген, сыншыларды қудалаған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz