Америкалықтар қалайша ресейлік дезинформацияға берілді?

АТЛАНТА – АҚШ президенті Дональд Трамптың сайланғанына бір жылдан асқанымен,  оның сайлауда жеңіске жету жолы әлі де қызу талқыланып жатыр және біртіндеп Ресейдің рөліне назар ауып келеді. Ресейдің 2016 жылғы сайлау науқанына араласуына қатысты тергеудегі әрбір жаңа дәлел АҚШ-тың демократиялық үдерісінің осалдығын ерекше байқатып жатыр.

Өткен аптада Конгресске Facebook, Google және басқа да әлеуметтік медиа алыптарды олардан онлайн жарнама сатып алатындардың атын жариялауға мәжбүрлейтін заңнама қарастыруға ұсынылды, осылайша, Ресейдің сайлау кезінде пайдаланған айлакерлік жолы жабылды. Алайда, техникалық түзетулер мен корпоративтік топтардың жақсырақ жұмыс істеуге берілген  қоғамдық уәделері тек кеңінен таралған мәселені ғана шешеді.

Бұдан да қиыны демократияның жұмыс істеуі үшін маңызды институттарды, атап айтқанда, азаматтық білім беру мен жергілікті журналистиканы күшейту болады. Осы салаларда жұмыс жасалмаса, Американың демократиялық үдерісіне қауіп төніп, ол ел дауыс берген сайын жаңарып отырады.

Ресей президенті Владимир Путиннің барлаушы қызметкерлері әлеуметтік медиада шабуылдар жасап, дұрыс жолды таңдады. Facebook барлық мобильді әлеуметтік медиа трафигінің 80%-ын қамтиды, ал Google онлайн ақпарат іздеуге байланысты барлық жарнамалардың 90%-ын қамтиды. Осы екі платформаны он мыңдаған жалған пайдаланушының автоматтандырылған хабарламаларымен толтыру арқылы Ресей экономикалық, нәсілдік және саяси мәселелер бойынша араздық тудыруға мүмкіндік алды.

Олар бұл істерін арзан жолмен жасады. Бір талдауға сәйкес, Facebook-те қарапайым жарнама сатып алу арқылы ресейлік агенттер жүздеген миллион рет Ресейдің жалған хабарын «бөлісуге» мүмкіндік беретін Facebook-тің клиентті нақтылап таңдау құралдары сияқты онлайн жарнама деректеріне қол жеткізді. Осы жасырын шабуылда бір уақытта 400 мыңға жуық бот, яғни автоматтандырылған сценарийлерді іске асыратын бағдарламалық жасақтама миллиондаған жалған саяси хабарлама жіберді, бұл өз кезегінде сайлау науқанның соңғы айындағы барлық Twitter трафигінің 20%-ын құрады.

Технология әлеміндегі озық маркалардың Американың ең маңызды сайлауында шетелдік араласуды тоқтатуға дайын еместігі жаман болды. Бірақ әлеуметтік медиа алыптарының жаңалық ретінде жарияланған бұрмаланған және жалған ақпарат көлемі үшін жауапкершіліктен үнемі бас тартуы тіптен өкінішті, олар тіпті ондағы Ресей рөлі айқынырақ бола бастаса да, мойындамай отыр.

Алгоритмдерді жақсарту, ашықтық және ақиқатқа адалдық туралы техникалық әңгімені алып тастасақ, Силикон алабындағы барлық «түзетулері» бір қарапайым фактіні жасырып тұрғанын түсінеміз: оның технологиялары шындықты жалғаннан айыруға, дәлдікті тексеруге немесе қателерді түзеуге арналмаған. Керісінше, олар кликтерді, бөлісу және «лайктарды» барынша арттыруға ғана арналған.

Әлеуметтік медиа алыптары дәстүрлі БАҚтың дүниежүзіндегі ақпараттық платформа ретіндегі рөлін ығыстырғысы келеді, бірақ олар журналистиканың негізгі құндылықтарын, процестерін және мақсаттарын елеусіз қалдырады. Жарнама ашықтығы туралы заң жобасының авторлары осы жауапсыздық мәселесін шешуге ұмтылады.

Дегенмен, Ресейдің америкалық сайлаушыларды жалған жаңалықтармен алдауға қол жеткізудегі табысының басқа да себебі бар: білімі нашар электорат манипуляцияға оңай ұшырайды. Мектептерде азаматтық білім берудің эрозиясы, жергілікті газеттердің жабылуы халықтың негізгі мәселелер мен саяси процесті түсінуінің төмендеуіне алып келді, ал ол дезинформация үшін құнарлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді.

Дәлелдерді қарастырайық: 2005 жылы америкалық заңгерлер қауымдастығының сауалнамасының нәтижесі бойынша, америкалықтардың 50%-ы мемлекеттік биліктің үш тармағын дұрыс атай алмады. Анненберг атындағы мемлекеттік саясатты зерттеу орталығы осы сұрақты 2015 жылы қайта қойғанда, жауап бере алмаған респонденттердің үлесі үштен екіге дейін өсті, ал 32%-ы бірдебір тармағын атай алмады. Бұл кері үрдіс, шамасы, жасқа тәуелді; 2016 жылы жоғары білімі бар америкалықтар арасында өткізілген зерттеуге сәйкес, 65 жастан асқан адамдар жасы 34-тен төмендерге қарағанда өз үкіметінің қалай жұмыс істейтіні туралы көбірек біледі екен.

Демократиялық сауатсыздық пен мектептерде азаматтық білім беру, үкіметтік басқару және тарих туралы оқытуға деген назардың азаюы арасында айқын байланыс бар. 2006 жылы, мысалы, әртүрлі пәндер бойынша оқушылардың үлгерімін бақылайтын ұлттық зерттеу бойынша, Американың мектеп бітіруші сынып оқушыларының төрттен бірі ғана азаматтық негіздері туралы біледі екен. Он жылдан кейін осы пайыздық көрсеткіш 25 пайыздан төмендеді.

Өткен жылдары жалпы білім беру сапасы мен негізгі азаматтық білім курстарына қол жеткізу мүмкіндігінің төмендегені де таңғаларлық емес. 2011 жылы 50 штаттағы жоғары сыныптардағы америкалық тарих курстарын қатаң сынақтан өткізген талдау орталығы 28 штатқа төмен баға қойды. 1000-ға жуық гуманитарлық колледждің арасында өткізілген 2016 жылғы сауалнама нәтижесінде, олардың тек 18 пайызында ғана диплом алу үшін АҚШ тарихын немесе мемлекеттік басқару туралы курстарды оқу талап етілетінін анықтады.

ЖООлар мен университеттердегі курстар жалғыз өздері сенгіш сайлаушыларды жалған жаңалықтардан немесе араздықты қоздырушы дезинформациядан сақтай алмайды. Бірақ ресейлік агенттердің іске асырған жалған жаңалықтардың вирустық таралуы бір нәрсені анық түсіндірді: негізгі азаматтық білімі жоқ сайлаушылар партиялық шиеленістерді қоздыруға бағытталған арандатуларға көп ұшырауы мүмкін.

Жаңалық өнеркәсібіндегі өзгерістер осы қауіпті арттырады. Ғаламтор алыптары дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан жарнама түсімін тартып алған сайын, әлеуметтік медиа көптеген адамдардың негізгі жаңалықтар көзіне айналды. Дәстүрлі жаңалықтар құралдары, әсіресе, жергілікті газеттер ақырындап жоғалып, сайлаушылардың ақпаратты ұғына отырып саяси шешімдерді қабылдау үшін маңызды ақпаратқа қол жеткізуін қысқартып жатыр.

Сандарға қарасақ, шошынамыз. 2004 жылдан бастап шағын нарықтағы барлық газеттердің 10 пайызы жабылған немесе біріктірілген. Аман қалғандардың үштен бірінен астамының иелері ауысып, саланы бірнеше адамның қолына түсірді. Нәтижесінде, жұмыстан босату, шығындарды азайту және ұлттық пен жергілікті мәселелер бойынша баяндамалар саны азайды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтық жауапкершілігіне келетін болсақ, бұл сала да зардап шекті. Күнделікті шығатын үш және апта сайын шығатын 42 газетке ие болған бір инвестициялық фирманың менеджерлеріне арналған нұсқаулығында: «Біздің клиент жарнама беруші. Оқырмандар біздің клиенттеріміздің клиенттері, сондықтан біз ықшам ғана жаңалықтар бөлімімен жұмыс істейміз», – делінген.

Ресейдің 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласуы тарихи оқиға болды, бірақ ол америкалықтар алдында тұрған үлкен қиындықтардың белгісі де болды. Өз демократиялық жүйесін толық түсінбейтін халықтың болуы азаматтық білім  беру педагогтарын ғана емес, ұлттық қауіпсіздік сарапшыларын да алаңдатуы керек. АҚШқа бұл сабақты ұғыну үшін Путиннің қажеті жоқ еді. Томас Джефферсон: «Егер халық еркін және надан болғысы келсе, онда бұл оның ешқашан болмаған және ешқашан болмайтынды қалағаны», деп ескерткен.

 Америкалықтар қалайша ресейлік дезинформацияға берілді?Кент Харрингтон АҚШ Орталық Барлау Басқармасының бұрынғы сарапшысы және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры, сонымен қатар Шығыс Азия бойынша ОББның Ұлттық Барлау жөніндегі Кеңесшісі және Азия бөлімінің бастығы болды.

 Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.

www.project-syndicate.org

Factcheck.kz