Адам саудасын тоқтатудың екі жолы

ВАТИКАН – Адам саудасы – барлық діндердің басшылары бас қатыруы тиіс үлкен мәселе. 2013 жылғы наурызда Рим Папасы болып сайлана сала Франциск Понтифик Ғылым академиясының басшысы қызметін атқаратын маған хат жазып, заманауи құлдықты зерттеп, оның шешімін іздеуді сұрады.

Арада тоғыз ай өткенде Франциск бүкіл әлемнің дінбасыларын жинап, олар адам мен оның мүшелерін саудалауды, күштеп жұмысқа жегу мен жезөкшелікті адамзатқа қарсы қылмыс деп жариялады. 2015 жылғы қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы басқа проблемалармен қоса осыларды да шешуді көздеген Тұрақты даму мақсаттарын бір ауыздан қабылдағанда әлем басшылары осы тұжырымды тағы да құптады.

Осы және басқа көп себеп діни және саяси көшбасшылардың діттегендеріне жетуде күллі әлемге моральдық рух береді. Күштеп еңбекке жегудің заманауи формаларынан миллиондаған адам жапа шегіп жатқандықтан, қол қусырып отыруға уақыт жоқ.

Зорлық-зомбылық, зорлау, күштеп үйлендіру, еңбекке жегу сияқты қандай формада болса да, әлімжеттік дене жарақатымен ғана шектеліп қалмайды. Ол адамның жан дүниесіне кесірін тигізіп, өзімізге деген сенімізді жояды, жанымызға ауыр да терең жара салады.

Бұл “моральдық зомбылықтың” қаншалық азғын нәрсе екеніне көз жеткізу үшін бір-бірін жақсы көріп, қолдайтын, қанаттандыратын достарды елестетіңіз. Бұл әрекеттер олардың жеке және топтық тіршілігі үшін қаншалық маңызды? Адам саудасының құрбандары достықтың бұл түрін оп-оңай сезіне алмайды, себебі бастан кешкен кемсіту мен қорлаудың кесірінен олар өздерін мүлде керексіз адам, я біреудің меншігі санайды. Соның кесірінен олар нағыз достық кезіндегідей қолдау мен көмек ұсына да, оны сезіне де алмайды. Бұл олардың отбасындағы қарым-қатынасына да әсер етеді.

Исаның бауырмалдық туралы өсиеті және 18 ғасырдың соңында басталған құлдыққа қарсы күрес бүкіл әлемде адамды заң негізінде құлдықта ұстауға мүлде тыйым салуға алып келді. 1926 жылғы Құлдық жөніндегі конвенцияны қоса алғанда көп халықаралық құжаттар құлдықтың сан түріне тыйым салды. Дегенмен, құлдық адам бостандығы құқығын бұзудың бұрынғы оқиғалары сияқты қоғамның көп наразылығын туғызып, назарын аудармастан, жаңа атпен өмір сүріп жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнің басты мәселесі – адам құқықтары десек те, заманауи құлдықтан әлі де жапа шегіп жатқандар бар.

Әлеуметтік оқшаулаудың алдын алу үшін негатив сезімдер пайдалы болып жатады. Ашу-ыза дәрменсіз етуі мүмкін, бірақ ол бізді әрекет жасауға да жұмылдыра алады. Адам құқықтары жөнінен күтетініміз бен заманауи құлдық құрбандарының басынан кешіп жатқан жайттар арасындағы жер мен көктей айырмашылықты көргенде қоғамдағы қадір-қасиеттің бағалануы тым ала-құла екенін мойындауға тура келеді. Францисктің Laudato si’ атты ауқымды энцикликасында айтылғанындай, бүкіл әлем жұмыла қолға алсақ, заманауи құлдықты жоюға болады.

Әр адамның қадір-қасиеті мен еркіндігін, қоғамға араласуын қамтамасыз етіп, өзгеріс жасау үшін әлем басшылары саяси, діни және мәдени шекараларды бұзып өтіп, қарекет етуі тиіс. Понтифик Ғылым академиясы екі мәселеге ерекше назар аударуды ұсынады.

Біріншіден, құрбандарға тиімді көмек көрсету үшін әлем дінаралық диалогты қойып, бірлескен әрекетке көшуі керек. Діндарлар бір мехрабта тұрып сыйына алмағанымен, адамның қадір-қасиетін дәріптеп, жалпыға бірдей бостандықты қорғау үшін және мұқтаждарға көмектесу үшін әлем діндері бірлесе жұмыс істеуі тиіс.

Екіншіден, түрлі салалардың басшылары қазіргі құлдық туралы жұртты көбірек хабардар етіп, оның шешімдерін табуда табандырақ болуы тиіс. Құқық саласының мамандары, соның ішінде полиция, прокурорлар және судьялар адам саудасын қылмыстық құқықтың негізгі басымдылығы етуі керек. Әкімдер сияқты жергілікті басшылар мәселені шешуге көбірек атсалысуы қажет. Ал ұлттық және аймақтық үкіметтер саясатты жоғарыдан өзертуге күш салуы тиіс. Ең бастысы – құрбандар қылмыскерлер ретінде қаралмауы үшін бұл әрекеттердің барлығын үйлестіре отырып жүзеге асыру керек.

2014 жылы Понтифик Ғылым академиясында адам саудасын талқылау үшін көшбасшылармен кездескенде Франциск бұл мәселені “қазіргі қоғамның тәніндегі ашық жара, Исаның денесіне соғылған дүре” деп атады. Алғаш болып оны жоюға тырысқандар да осылай ойлаған. Әр ұрпақтың міндеті – солар бастаған жұмысты әрі қарай жалғастыру. Талмудта жазылғанындай, “Тапсырманы аяқтауға міндетті емессіз, бірақ оны істемей қоюға да қақыңыз жоқ”.

Адам саудасын тоқтатудың екі жолыМонсеньор епископ Марсело Санчес Сорондо – Понтифик Ғылым академиясының және Понтифик Әлеуметтік ғылымдар академиясының басшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz