2022 жылы әлемде 67 журналист қаза тапты

2022 жылы әлемде 67 журналист қаза тапты. Бұл туралы Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) өзінің есебінде мәлімдеді.

Осы жылы журналистер үшін ең қауіпті ел — Украина. Онда 12 медиа қызметкері қаза тапқан. Сонымен қатар Мексикадағы қылмыстық ұйымдардың терроры 11 журналистің, Гаитидегі заң бұзушылықтар 6 медиа өкілінің өліміне себеп болды.

IFJ жасаған тізімде қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан “Almaty tv” арнасының көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев та бар.

Журналистер мен басқа да медиа қызметкерлерінің өлімінің көбеюі — алаңдауға, барлық ел үкіметін демократияның негізгі тірегінің бірі болып саналатын журналистиканы қорғау үшін шаралар қабылдауға шақыруға елеулі себеп. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына журналистердің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатысты конвенцияны қабылдайтын кез келді.

Энтони Беллангер, Халықаралық журналистер федерациясының бас хатшысы

Сонымен қатар есепке сай, 2022 жылы Қытай, Беларусь, Мысыр, Гонконг, Иран, Мьянма, Туркия, Ресей секілді мемлекеттерде журналистер саяси-қудалауға ұшыраған, сөз бостандығы шектелген.

Өткен жылы 47 медиа қызметкері қаза тауып, 365 журналист түрмеге қамалды. Ал қазірг кемінде 375 журналист пен БАҚ қызметкері түрмеде отыр.

Бұл сандар өте қорқынышты әрі үкіметтердің медиа бостандығына төнген елеулі қауіптерге қарсы тұратын саяси-ерік жігеріне күмән тудырады. Үкіметтердің халықаралық конференцияларда жариялайтын адам құқықтары мен БАҚ бостандығы туралы жоғары декларациялары еш айыпсыз немесе заңды негізсіз қамауда отырған журналистерге бос сөз болып көрінеді. Сол себепті Халықаралық қауымдастық заңсыз қамауға алынған барлық журналистің босатылуын қамтамасыз ету үшін әрекет ететін уақыт келді.

Энтони Беллангер, Халықаралық журналистер федерациясының бас хатшысы

2022 жылы қаза тапқан журналистердің тізімін мына сілтемеден көруіңізге болады.

Factcheck.kz