Манипуляция | Арыста жоғалған балалардың бәрі табылды

Арыс қаласындағы жарылыстан кейін адасып қалғандар өте көп екенін туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған болатын. Осыған байланысты Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев эвакуация кезінде жоғалған барлық бала ата-анасына тапсырылғанын мәлімдеді.

«Балабақшадағы барлық бала эвакуацияланды. Олардың ішінде туыстарында болған балалар да бар. Барлық ата-ана іздестіріліп, оларға балаларын тапсырдық. Қазіргі уақытта еш арыз және шағым түскен жоқ» деді Е.Тұрғымбаев.

Мәлімдеме: Арыста жоғалған балалардың бәрі табылды

Үкім: Манипуляция

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев жоғалған балалардың бәрі табылғанын айтқанымен, әлі де әлеуметтік желіде балаларын іздегендер туралы ақпарат жарық көруде. Арыстағы апаттан кейін көмек көрсету ретінде ашылған Arys.Aqparat тобында еріктілер жоғалған балалар туралы мәліметтер жариялап жатыр.

Жақында құрылған “Республика” қозғалысы өкілдері әлі де ата-аналарымен қауышпаған балалардың бар екенін және қозғалыс еріктілеріне жоғалған балалар туралы ақпарат келіп жатқандығын хабарлады.  

Жоғалған балалар туралы ақпаратты re.org.kz сайтынан таба аласыздар.

Мәселен осы топта Түркістан облысының тұрғыны Ғалымжан Оразымбет 25 маусым күнгі 12:30-да Бағдәулет Сұлтан есімді балақайдың Шымкент қаласындағы 87 мектепте екенін, ата-анасы әлі табылмағанын жазды.

Манипуляция | Арыста жоғалған балалардың бәрі табылды

Бұдан бөлек, фейсбук қолданушысы Ақмарал Молдиярқызы деген азаматша да туыстарын таппай жүрген бірнеше баланың мәліметін жариялады.

Қорыта жазсақ…

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында ресми эвакуацияланғандар туралы айтқан. Алайда Арыстағы апаттан кейін өз бетімен қаладан кеткендер өте көп. Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, қала халқының 39 мыңға жуығы өз бетімен қаладан кеткен. 2815 адам эвакуация жасалған. Министр ресми эвакуацияның ақпаратын бере отырып, деректермен манипуляция жасады.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!
Арыстағы оқиғаға қатысты күмәнді ақпарат кезіктірсеңіз бізге жолдаңыз:

Қазақ тілінде: 
пошта: [email protected]
Instagram: factcheck_kz
Facebook: Fact Checking Kazakhstan
Telegram: birgeteksereik

Орыс тілінде: 
пошта: [email protected]
Instagram: factcheck.kz
Facebook: FactCheck.KZ
Telegram: factcheckkz

Factcheck.kz сайтының журналисі

Factcheck.kz