Манипуляция | 2017 жылы Қазақстанда шетелдік туристер 2 млрд доллар жаратқан

2018 жылы қыркүйектің 24-інде howmuch.net сайтында “Visualizing Where Tourists Spend the Most Money” деген мақала жарияланды. Мақала авторлары Дүниежүзілік туристік ұйым статистикасына сүйеніп, елдерді ерекше белгілеп, карта жасаған. Елдердің карта көлемі онда туристердің 2017 жылы жаратқан ақша мөлшеріне байланысты салынған. Қазақстан алқызыл түспен боялған (бұл оның Азия елдерінің қатарында екенін көрсетеді), ел картасының жанында “2 млрд доллар” деп жазылған.

Манипуляция | 2017 жылы Қазақстанда шетелдік туристер 2 млрд доллар жаратқан

Үкім: Манипуляция

Ұлттық банк ақпаратына сілтеме берген Статистика комитетінің дерегінше, 2017 жылы Қазақстанның шетел азаматтарына көрсеткен қызметтің жалпы құны 1,78 млрд доллар болған. Тап осы уақыт аралығында Ұлттық қауіпсіздік қызметі елге 7,7 млн шетел азаматының кіргенін, оның 1,06 пайызы – 81,6 мың адам ғана Қазақстанға туристік мақсатта келгенін айтқан. 

Есепке үңілейік

Дүниежүзілік туристік ұйым статистикасы бойынша, 2017 жылы Египеттің танымал курорттарына 8,2 миллионға жуық адам барған да, оларға көрсетілген қызмет құны 7,8 млрд доллар болған. Қызметтер құны шамалас Қазақстанға, бір қызығы, 4 есе аз адам келген. Және бір мысал – былтыр Мальтаның – Жерорта теңізіндегі кішкентай ғана аралдағы мемлекеттің билігі шетелден келген туристер арқасында 1,72 млрд долларға табыс тапқан. Бірақ аралға барған адамдар саны Қазақстанға келгендерден үш есе аз.

“Қазақстан туризмі (2013-2017)” ресми статистикалық жинағы мұндай айырмашылықтардың себебін түсіндіріп берген.

Манипуляция | 2017 жылы Қазақстанда шетелдік туристер 2 млрд доллар жаратқанБіріншіден, келетін туристердің ұлтына қарау керек. Бізге келетін туристердің 43,4 пайызы – өзбекстандықтар. Ташкент елге жұмыс іздеп келетін мигранттар саны бойынша да алда. Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының үлесі – 21,5 пайыз.

Оның үстіне елге кіргендердің 7,5 пайызы Қазақстан олар үшін “жай ғана транзиттік аумақ” екенін айтқан. Ал шетелдік азаматтардың 76 пайызы “жеке мәселесі бойынша” келген.

Екіншіден, қонақүй, мотель, кемпинг, туристік аумақ, қонақтайтын үй, демалыс үйі, пансионат сияқты жайғасу орындары 2017 жылы 892 мың туристі ғана қабылдап, қызмет көрсеткен (бұл – Қазақстанға басқа елдерден келгендердің 11,6 пайызы). Қазақстанға шетелден келгендердің басым бөлігі (40,9 пайызы) бес жұлдызды қонақүйлерде түнеп, туристік емес, іскерлік мақсатта (83,1 пайыз) келген. 2017 жылы елдегі қонақүйлерде 1-2 күнге қалуды көбіне Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ, Германия мен Британия азаматтары жөн көрген. Былтыр мұндай орындарды Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның 40 мыңға жуық азаматы ғана таңдаған.

2017 жылы Қазақстанның курорт жайларына 18 мыңнан аса шетел азаматы барған. Олардың 75,6 пайызы Щучинск-Бурабай курорттық аумағын таңдаған.

Айтпақшы, 2018 жылы шетелдік туристер арасында танымал осы бір курорттық аумақтан жемқорлық дауы шығып, бірден екі энергетика вице-министрі – Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев қамауға алынған.

Үшіншіден, қарапайым есептеу әдісі арқылы былтыр Қазақстанға келген шетел азаматы орта шамамен 231 доллар жұмсағанын анықтаймыз. 2017 жылы бір доллар орташа 326 теңге болды деген Ұлттық банктің дерегіне сүйеніп, мұның 75,3 мың теңге екенін табамыз. Статистика комитеті жылына екі рет шетелден келген туристер арасында олардың елде жұмсаған қаржысы жайлы сауалнама жүргізеді. 2017 жылдың шілдесіндегі сауалнама қорытындысы бойынша, Алматыға келген туристер орта есеппен 110,6 мың теңге жұмсаған, оның 55 мыңдайы дүкендегі саудаға кеткен. Астанаға былтыр келіп демалған туристің жұмсағаны бұдан көп – 137,9 мың теңге.

Жер-жерден келген жұрт

“Астана ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесін былтыр Қазақстанның туризм саласындағы ең елеулі шара деп айтуға болады. Билік Астананың Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мен ТМД-ға мүше ел астаналарының арасында туристік емес, іс-шара әлеуеті жоғары үздік бестікке кіргеніне мақтанады. Бұл туралы “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының инфографикасында көрсетілген.

Манипуляция | 2017 жылы Қазақстанда шетелдік туристер 2 млрд доллар жаратқан

Бұл рейтингіні ресейлік “R&C ғылыми-зерттеу көрме орталығы” жеке компаниясы құрастырып, ресейлік Ұлттық конгресс-бюросында жарияланған. Аталған бюроның басты мақсаты – Ресейді халықаралық деңгейде көрсету, таныту. Олардың зерттеу жүргізіп жатқанына биыл екінші жыл толған, бірақ Астана рейтингіде 5-орыннан 4-орынға көтіріліп үлгерген (яғни 2016 жылы – ЭКСПО өтуіне бір жыл қалғанда – Астана ендігі үздік бестікте тұрған).

Зерттеу әдісі туристік іс-шараның танымалдығы мен қаншылықты табысты болғанын ескермейтіні қызық.

Рейтинг авторлары көрме мен ақпараттық-туристік орталықтардың бар-жоғын, қала бренді мен оны тынымал ету бағдарламасының бар-жоғын, халықаралық ірі іс-шараларды өткізу тәжірибесі мен қаланың мәдени әлеуетін ғана есепке алады. Рейтингідегі жоғары орнына қарамастан, ресми дерек бойынша, Астанадағы ЭКСПО-ға Қазақстанға кірген туристердің 7,8 пайызы ғана – 600 мың шетелдік қана барған. 

Қазақ тіліне аударған – Аян Қалмұрат

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz